Футзалдан Қазақстан ұлттық құрама командасы әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ташкентте өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатында Рикардо Кака жаттықтыратын құрама 1/8 финалда әлем чемпиондары Португалияны 2:1 есебімен жеңді.
Матчта есепті бірінші таймда Шыңғыс Есенаманов ашқан. Ал екінші кезеңде Португалия айып соққысынан кейін таразы басын теңестірді. Дегенмен соңғы секундтарда Дәурен Тұрсағұлов ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп - 2:1. Қазақстан ширек финалға шықты.
Келесі кезеңде Қазақстан құрамасы Аргентина мен Хорватия арасындағы жеңімпазбен кездеседі.
Португалиямен бұған дейін 2000 жылы әлем чемпионатының бірінші кезеңінде 2:6 есебімен жол бергенбіз. Ал 2021 жылы жартылай финалда ел құрамасы олармен негізгі және қосымша кезеңде 2:2 есебімен тең түсіп, пенальтиден 4:5 есебімен ұтылды. Тек 2015 жылы ғана 3:1 есебімен басым түскен едік.