Қазақстан фермерлерінің АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы талқыланды

4 Қараша 2023, 23:02 902

Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың, әкімдік өкілдерінің, депутаттардың және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен Қазақстан фермерлері қауымдастығының 20 жылдығына арналған республикалық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияны ашқан Серік Жұманғарин Қазақстанның фермерлер қауымдастығы соңғы жылдары фермерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогтың тиімді алаңына айналғанын атап өтті. Қауымдастықтың биылғы жұмысы ерекше маңызды.

Биылғы күз шаруалар үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, олар бұл проблемаларымен жалғыз күреспейді. Үкімет тарапынан Қауымдастықтың қатысуымен зардап шеккен фермерлерді қолдау, оның ішінде бидайды кепілдендірілген нарықтық бағада сатып алу шаралар кешені қабылдануда. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорлары негізінде тұқым қоры жасақталады, субсидиялар бойынша қарыздарды төлеу мәселесі пысықталады, тауар өндірушілердің несиелері мен қарыздарының уақытын ұзарту қамтамасыз етілетін болады.

«Бірақ бұл шаралардың өзі АӨК алдына қойылған міндеттерді орындау үшін жеткіліксіз екенін бәріміз түсінеміз. Сондықтан біз жеңілдетілген несие мен лизинг көлемін және субсидиялау көлемін ұлғайту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір АӨК дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын түзету жұмыстары жүргізілуде. Қауымдастық мүшелерінің белсенді түрде атсалысуын сұраймын», - деді Серік Жұманғарин.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомство Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, 2030 жылға дейінгі АӨК дамыту тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Ол бірнеше негізгі бағытты атап өтті.

Бірінші. Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыс күшейтіледі - рентабельді дақылдарға көшеді және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайтады.

Екінші. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданын жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтеді. Ол үшін суармалы техниканы қаржыландырудың арнайы бағдарламасы әзірленеді.

Үшінші. Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында «Жасыл Даму» қаражатынан отандық ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді. Тағы 20 млрд теңге жем-шөп дайындау техникасы мен ұтқыр суару жүйелерін қаржыландыруға жұмсалады. Жалпы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгені құрайды. Министрлік жеңілдетілген лизинг және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялау мақсатында қаржыландыруды ұлғайту жұмыстарын жүргізуде.

Төртінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жеке кешенді жоспар әзірлейді. Оның шеңберінде республиканың импортты алмастыру және экспортқа бағдарлану әлеуетін, өңірлердің мамандануын, шикізат базасы мен логистиканың болуын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістері жаңғыртылады және жаңадан қайта өңдеу өндірістерін құрады. Кешенді жоспардың негізгі мәселелерінің бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын қаржыландыру болмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Қауымдастық тарапынан қолдау күтеді. Айдарбек Сапаров Қазақстанның фермерлер қауымдастығы АӨК саласындағы ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі екенін атап өтті. Қауымдастық 60 мыңнан астам ұсақ, орта және ірі тауар өндірушілердің мүдделерін қорғайды. Қауымдастықтың қолдауымен әр жылдары дағдарысқа қарсы шаралар қабылданып, ауыл шаруашылығы салаларында салық салу жетілдірілді. Оның ішінде биыл Министрлік пен Қауымдастықтың бірлескен жұмысының арқасында Үкімет резервінен Жамбыл облысының зардап шеккен фермерлеріне қаржылай көмек ретінде 3,7 млрд теңге бөлінді.

Конференция соңында Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласының көрнекті қызметкерлерін марапаттады. Министр «Еңбек ардагері» медалін «Болашақ» шаруа қожалығының басшысы Мұхит Садырбаевқа табыстады.

 «Бірлестік» ШҚ басшысы Бауыржан Айтжанов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының Жетісу облысындағы филиалының төрағасы және «Асқар» ШҚ басшысы Асқар Шәріпов, «Успанов Т» ШҚ басшысы Серік Досмайылов, «А Жігер» ДК Берік Салиев, «Аружан» ШҚ жетекшісі Гаухар Муталяпова «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.  «Бәйдібек» ШҚ басшысы Байдау Ғафур ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің құрмет грамотасын алды.

Берік Арманов
Бөлісу: