Қазақстанда жеті жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салу бастамасы уақытша күн тәртібінен алынып тасталды. Бұл туралы LS-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.
Ескі көліктерді әкелуді шектеу мәселесін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЕАЭО үйлестіру кеңесі деңгейінде қарастырған болатын. Мұндай ұсынысқа елдегі экологиялық жағдай мен тозған автопарктің үлесі негіз болған.
Сарапшылардың дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда жасы 10-15 жылдан асқан 300 мыңнан астам көлік заңдастырылған, ал олардың орташа жасы шамамен 17 жылды құраған. Мұндай көліктер көбіне зиянды заттарды көбірек бөледі және қазіргі техникалық стандарттарға сай келе бермейді.
Шенеуніктердің жоспары қандай еді?
Белсенділер көліктерді әкелу шартын қатаңдатып, жасы үш жылдан асқан машиналарға шектеу қоюды ұсынған. Алайда министрлік бұл бастаманы әзірге ерте деп санап, ЕЭК кеңесіне енгізбейтінін мәлімдеді.
Бүгінгі күні бұл мәселені талқылау тоқтатылды, – деді ведомство өкілдері.
Бұған дейін билік ЕАЭО елдерінен ескі көліктерді әкелуге тыйым салуды жоспарлаған еді. Мақсат – автопаркті жаңарту және экологияға түсетін жүктемені азайту. Бірақ әзірге қазақстандықтар Ресей мен көрші мемлекеттерден көліктерді әкеліп жатыр.