Қазақстан Елшісі Рим Папасы Францискке сенім грамоталарын табыс етті

17 Мамыр 2023, 22:23 925

Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы және Ватикан Мемлекетінің жанындағы қоса атқарушы Елшісі Қайрат Саржанов рим-католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке сенім грамоталарын тапсырды.

Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, еліміздің Қасиетті Тақпен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін білдірді. Сонымен қатар Елші Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жылдығы қарсаңында Рим Папасының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысуының тарихи маңыздылығын және 2023 жылғы қыркүйекте Астанада Понтификтің қатысуымен діни мессаны өткізудің ауқымдылығын атап өтті.

Өз кезегінде Рим Папасы Франциск өзінің Қазақстанға сапарын және бейбітшілік пен диалог саясатын ілгерілету жөніндегі халықаралық бастаманы ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Понтификтің айтуынша, Қасиетті Тақ өзінің миссиясына сәйкес әр адамның қол сұғылмайтын қадір-қасиетін қорғауға, ортақ игілікке ықпал етуге және барлық халықтар арасындағы адами бауырластықты нығайтуға тырысады.

Cонымен қатар Ватиканға сапар барысында Қ. Саржанов Қасиетті Тақтың жоғарғы басшылығы – Ватикан Мемлекеттік хатшысының орынбасары архиепископ Эдгар Паррамен, Мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшы архиепископ Пол Галлахермен және Дінаралық диалог бойынша Дикастерия Префектісі – Мұсылмандармен діни байланыстар жөніндегі комиссияның префектісі кардинал Мигель Анисо Гиксотпен жеке кездесулерді өткізді. Кездесулер барысында екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, оның ішінде медицина, ғылым және зерттеулер саласы, сондай-ақ адам құқықтары, ядролық қарусыздану және климаттың өзгеруі мәселелері талқыланды.

Перизат Саденова
Бөлісу: