Қазақстан екі елге электр энергиясын жеткізеді

4 Шілде 2023, 12:28 1091

Ташкентте Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Өзбекстан Республикасының энергетикалық ведомстволары басшыларының кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясын жоспарлы жеткізуге, вегетациялық кезеңде елдердің шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қамбарата ГЭС-1 құрылысы бойынша бірлескен жобаны іске асыруға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Атап айтқанда, министрлер елдердің энергетикалық объектілерінің күзгі-қысқы кезеңге дайындығын, өзара резервтеуді, электр қуатын реттеуді және жоспарлы жеткізуді, оның транзитін қамтамасыз етуді талдады.

Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев кездесу қорытындысына түсініктеме берді.

Бізде бұл мәселе бойынша толық түсіністік болды. Күзгі-қысқы ең жоғары жүктемелерден сәтті өту үшін үйлестіру және бірлескен келісілген қызмет қажет екенін бәрі түсінеді, - деп атап өтті.

Сондай-ақ вегетациялық кезеңде елдерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Су шаруашылығы ведомстволарының басшылары суды қажетті көлемде жеткізу бойынша бұрын алынған барлық міндеттемелерді растады.

Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан энергетикалық ведомстволарының басшылары Қамбарата ГЭС-1 бірлескен құрылысы жобасын талқылау кезінде өңірге таза электр энергиясын жеткізуді ұлғайту, сондай-ақ елдерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында оны іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан басқа, біз өңірдің энергетикалық жүйелерін дамыту жоспарларын талқыладық. Қазақстанда да, Өзбекстанда да, Қырғызстанда да жаңа буынды, оның ішінде ЖЭК салу бойынша ауқымды жоспарлар жеткілікті. Бұл жаңа режимдерді құруды, жаңа желілерді, соның ішінде мемлекетаралық электр беру желілерін, кіші станцияларды құруды талап етеді. Біз осы мәселелердің барлығын үйлестіретін, бірыңғай энергетикалық жүйеміздің оңтайлы дамуын, ағымдардың оңтайлы режимдерін, генерацияны пайдалану, өзара резервтеу мәселелерін қамтамасыз ететін бірыңғай жұмыс тобын құру жөнінде келістік, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Кездесу барысында қол жеткізілген барлық уағдаластықтар туралы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Үкіметтерінің басшыларына жеке баяндалатын болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: