Қазақстан ЕАДБ-мен су мәселесіне қатысты Меморандумға қол қойды

13 Желтоқсан 2023, 19:03 817

Су ресурстары және ирригация министрлігі Еуразиялық даму банкімен (ЕАДБ) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз және ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов серіктестікті ресми түрде бекітті.

Құжаттың мақсаты - Қазақстан мен Орталық Азияның су саласындағы жобаларын іске асыру үшін инвестициялар мен гранттарды тартуға бағытталған ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық орнату.

Меморандум инвестициялық жобаларды қаржыландыруда өзара іс-қимылды, сондай-ақ семинарларға, конференцияларға, бизнес-форумдарға және басқа да іс-шараларға қатысу арқылы тәжірибе және білім алмасуды көздейді.

Осылайша, министрлік ЕАДБ-ны Банктің тең инвестор немесе қаржыландыруды ұйымдастырушы ретінде қатысуы мүмкін жобалар туралы хабардар етеді және қалуы бойынша, оларды іске асыруда ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қолдау көрсете алады. ЕАДБ өз кезегінде бірлескен орта мерзімді және ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру жөніндегі келіссөздерге қатысады және жәрдемдеседі, министрлік ұсынатын бастамаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастырады және жобаларды бірлесіп қаржыландыру мәселесінде ведомствомен өзара іс-қимыл жасайды.

Министрлік халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. Инвестицияларды, сарапшыларды тарту және заманауи технологияларды енгізу мақсатында екіжақты кездесулер мен келіссөздер үнемі өткізіліп тұрады. Меморандумға қол қою ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықтың бастамасы болады деп үміттенеміз,- деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Біз жалпы экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды су жобаларын қолдайтын және тұрақты инфрақұрылымдық шешімдерді дамытуда күш – жігерімізді біріктіруге ұмтыламыз, - деді ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.

Қазіргі уақытта ЕАДБ «Орталық Азияның су-энергетикалық кешені» инвестициялық жобасын іске асыруда. Банк аналитиктері бірқатар зерттеулер жүргізді. Соңғысы суармалы жерлердің әлеуетін сақтау және суды үнемдеу бойынша 10 практикалық қадамды ұсынады: төртеуі аймақтық деңгейде және алтауы ұлттық саясат деңгейінде. Бұл шаралар пакеті Орталық Азиядағы су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін суды үнемдеуге және ынтымақтастықты ынталандыруға бағытталған.

Перизат Саденова
Бөлісу: