Қазақстан дзюдошылары Токио Гранд Слэмінің алғашқы күнінде жүлдесіз қалды

2 Желтоқсан 2023, 19:08 1058

Дзюдодан Жапония астанасы Токиода басталған Гран Слэм бәсекесінің алғашқы күнін Қазақстан дзюдошылары жүлдеден тыс қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

73 келіде татамиге шыққан Данияр Шамшаев алғашқы айналымда поляк спортшысын ұтқанымен, келесі кезеңде италиялық Мануэль Ломбардоға жол берді. Осы салмақтағытағы бір балуан Асқар Нарқұлов грузиялық Георгий Терашвилиден ұтылып қалды. 

81 келіде Абылайхан Жұбаназар қырғыз спортшы Асад Масабировке жол берсе, Руслан Мұсаев бірінші белдесуінде уругвайлық балуанды ұтты. Ал келесі белдесуінде Канада спортшысынан айласын асыра алмады. 

90 келіле Айдар Арапов швед дзюдошысын ұтуға шамасы жетпесе, Әнуарбек Ермаханов Марокко спортшысынан өте алмады. Әйелдер арасында 70 келіде күрескен Екатерина Токарева ресейлік Мадина Таймазовадан ұтылды. Ал аса ауыр салмақта Назгүл Маратова Токио Гранд Слэмін бірінші айналымда аяқтады. Осы салмақтағы Кәмила Берліқаш венесуэла спортшысын ұтты. Өкінішке қарай ол екінші кезеңде француз дзюдошысынан айласын асыра алмады. 

Токио Гранд Слэмінің ертеңгі бәсекесінде Қазақстан балуандары 60, 66, -100, +100 және әйелдер арасында 48 келіде сынға түседі. Олардың арасында Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев және Абиба Әбужақынова бар. 

Берік Арманов
Бөлісу: