Қазақстан дзюдошылары Ташкент турнирінен жалғыз жүлдемен оралды

3 Наурыз, 19:01 867

Ташкентте дзюдодан аяқталған Гранд Слэм бәсекесін Қазақстан құрамасы жалғыз жүлдемен аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Турнирдің үшінші күнінде күрескен ұлттық құрама дзюдошылары іріктеу кезеңдерінде сүрініп, жүлдеге жете алмады.  

90 келіде күрескен қазақстандық Айдар Арапов неміс дзюдошысы Мартин Матижастан ұтылды. Ермахан Әнуарбеков (90 кг) алғашқы айналымда түркімен балуанын ұтып, кейін ресейлік Михаил Игольниковке жол берді. 

-100 келіде Нұрлыхан Шархан өзбекстандық Рустам Шорахматовтан, ал Бекзат Шағатаевтың Өзбекстан балуаны Ерназар Сәрсенбаевта айласын асыра алмады. 

+100 келіде Ерасыл Қажыбаев франциялық Хамзат Сапарбаевты жеңгенімен әлем чемпионы, ресейлік Инал Тасоевқа шамасы жетпеді. Ал Ғалымжан Қырықбайдың жолы бірінші беледсуінде Қырғызстан дзюдошысы Эмирхан Жолдасказиевке есе жіберді. 

Әйелдер арасында -78 келіде Маргарита Гриценко Латвия балуаны Жулия Дуденайтеден басым түсті. Алайда Израиль балуанына қарсы төтеп бере алмады. Бұл салмақта белдескен Аруна Жангелдина бірінші белдесуде Түркіменстан балуаны Юлдуз Мурадованы ұтып, жапон балуанына қарсы қауқар танытпады. 

+78 келіде Кәмила Берліқаш неміс спортшысынан, ал Назгүл Маратова Бразилия дзюдошысынан ұтылып, жарысты ерте аяқтады.

Ташкенттегі турнирде әйелдер арасында 48 келіде белдескен Абиба Әбужақынова ғана күміс жүлдегер атанды. Одан бөлек, 73 келіде Данияр Шамшаев пен 81 келіде белдескен Абылайхан Жұбаназар қола медальға күресіп, есе жіберді.

Перизат Саденова
Бөлісу: