Қазақстан дзюдошылары Азия чемпионатын жеңіспен бастады

20 Сәуір, 09:09 688

Гонгконгта дзюдодан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан дзюдошылары жеңісті серияларды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

66 келіде Ғұсман Қырғызбаев Азия чемпионатындағы бірінші белдесуінде филиппиндік қарсыласын Tai-Otoshi әдісімен иппон ұпайымен жеңіске жетті. Екінші айналымда қарсыласына ауырту әдісін жасап, кезекті белдесуінде де басым түсті. 

48 келіде Абиба Абужақынова Uchi-Mata әдісін сәтті қолданып, жарысты сенімді жеңіспен бастады. Келесі кезеңде жапон қызынан бұрынғы жарыстарда кеткен есесін қайтарып, вазари ұпайымен алға шықты. 

60 келіде Нұрқанат Серікбаев бірінші қарсыласын жеңгеннен кейін, одан кейін өзбекстандық дзюдошыны қапы қалдырды. Осылайша отандасымыз Азия чемпионатының үшінші айналымына шықты.  

Елдос Сметов бірінші раундта Солтүстік Корея дзюдошысын вазари ұпайымен Golden Score уақытында жеңіске жетіп отыр. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: