Қазақстан дрон шығара бастады: Бөлшектердің 70%-ы Қытайдан келеді

23 Тамыз 2023, 15:46 1278

Петропавл ауыр машина жасау зауытында пилотсыз ұшу аппараттары таныстырылды. Зауыт дрондарды қытайлық серіктестермен бірге құрастырған. Жобада қолданылған бөлшектердің 70%-ы Қытайдан жеткізіліп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жоспар бойынша зауытта алдағы уақытта ұшу аппараттырының 27 бірдей түрі шығарылмақ. Қазіргі таңда көпшілікке тек 4 үлгісі таныстырылды. Көлемі жағынан айырмашылығы бар қондырғылар әртүрлі мақсатта қолданылады. Мәселен, біреуі 3D карта жасауға арналған. Дрондар 7 шақырым биіктікке көтеріліп, 20 шақырымға дейін ұша алады. Бір сағатта 60 шақырымды еңсереді.

Болашақта көрсеткішті 50 де 50-ге жеткізуге ниеттеніп отырмыз. Яғни, кейбір элементтерді зауыт қабырғасында шығара бастаймыз. Арадағы әріптестік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Қытайға жасаған сапары барысында орнатылды, - дейді “ПАМЖ” АҚ бас директорының арнайы өнімдер жөніндегі орынбасары Тимур Нукерей mtrk.kz-ке берген сұхбатында.

Жалпы, жаңа жоба аясында 40 адам еңбек етпек. Қазіргі таңда мамандар қытайлықтардан істің қыр-сырын меңгеруде.

Қытай пилотсыз ұшу аппараттарын шығару бойынша әлемдік нарықта көшбасында тұр. Аталған бағыттағы жұмыстарды біз 10 жыл бұрын бастадық. Бұл істі Орталық Азия елдері арасында әзірге Қазақстан ғана қолға алып отыр. Серіктестігіміздің арқасында елдеріңізде ұшу аппараттарын шығару өндірісі дами түссін. Біз оған тек қуанамыз, - дейді компанияның бас директоры Цзянь Шань.

Зауыттан шыққан аппараттар әзірге ішкі нарықта ғана қолданылмақ. Олардың қандай бағамен сатылатыны белгісіз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: