Қазақстан даму банкі әлі олигархтардың қолында ма? Министр жауап берді

13 Ақпан, 12:10 3598

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз брифингінде ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан журналистер Қазақстан даму банкінің не себепті жекенің банкіне айналғанын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қазақстан даму банкін сынға алып, таңдаулылардың жеке банкіне айналып кеткенін айтқан еді. Екі жыл өтсе де бұл жағдай өзгеріссіз қалып отыр.

Былтыр Қазақстан даму банкі 45-тен астам жобаға қаржылай қолдау көрсетті. Сомасы 1-2 триллионнан асады. Бұл – Қазақстан даму банкі тарихындағы ең үздік көрсеткіштің бірі. Бұған дейін мұндай болмаған. Банкке айтқан сыннан кейін тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазір банктің қызметі ашық. Электрондық жүйелер арқылы өтінімдер келеді, – деді министр.

БАҚ өкілдері: «Ол уақытта ШОБ-қа назар аударылу керектігі айтылды. Ірі жобалармен шағын және орта бизнеске қанша қаражат бөлінді?» деп сұрады.

Ұлттық экономика министрі орта бизнеске келгенде, Қазақстан даму банкінің еншілес ұйымы бар екенін айтты.

Негізі Қазақстан даму банкінің өзі – жобаларды іске асыру үшін құрылған қаржылық ұйым. Оның «Өнеркәсіп дамыту қоры» АҚ деген еншілес ұйымы бар. Сол қор орта және шағын бизнестің жобаларын қаржыландырумен айналысады. Былтыр 500 миллиард сомаға жуық 260-дан астам ШОБ жобасы қаржыландырды. Биыл осы жобалардың есебінен 24 жобаны іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлан Байбазаров.

Журналист: «Биыл өтінім бергендердің қатарында кеше ғана Қазақстан азаматтығын алған Тимур Турлов та бар. Биыл сонда жеңілдетілген мемлекеттің арзан ақшасы беріле ме?» деп сауал тастады.

Бұл жобаны білемін. Кезінде «Бәйтеректе» жүргенде бұл жоба кірген болатын. Біріншіден, ешқандай бюджет, ешқандай жеңілдікпен ақша берілмейді. Бұл – таза нарықтық жоба. Оған ақша берілсе, тек қана нарықтық ставкамен беріледі. Қазіргі нарықтық ставка жобалар үшін 18-19 пайыз. Менің білуімше, бұл жоба әлі қарастырылып жатыр. Шаралар қабылданып, әлі мақұлданған жоқ, – деді ұлттық экономика министрі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: