30 маусым мен 6 шілде аралығында Астана дүниежүзінің кіл мықты былғары қолғап шеберлерін қабылдады. Себебі бас шаһарда World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен бокстан Әлем кубогының үшінші кезеңі өтті. Бұл додаға 30 елден келген 300-ден астам спортшы қатысып, 10 салмақ дәрежесінде чемпиондық атақты сарапқа салды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бразилия мен Польшада өткен алғашқы кезеңдерден кейін, Астанадағы турнир – қатысушылар саны жағынан рекорд орнатты. Бұған дейін Бразилияда 19, Польшада 24 мемлекеттен спортшылар бақ сынаса, бұл жолы 31 елдің өкілдері ринг төрінде жұдырық түйістірді. Оның үстіне сегіз мемлекет осы турнирде алғаш рет бақ сынап отыр.
Турнирдің жоғары деңгейін тек қатысушылардың саны емес, құрамы да дәлелдеді. Елімізге Олимпиада мен әлем чемпионатының жеңімпаздары арнайы ат басын бұрып, АҚШ, Англия, Канада, Франция, Германия, Өзбекстан, Қытайлық Тайпей секілді алпауыт елдердің мықтылары елорда төрінде бас қосты. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың финалдық кездесулерді өз көзімен тамашалап, спортшыларымызға қолдау көрсетуі бұл доданың мәртебесін одан сайын асқақтатты.
Қазақстан құрамасы бұл сынға тас-түйін дайындықпен келгенін көрдік, соның арқасында қыз-жігіттеріміз 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль еншілеп, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Еліміздің намысын қорғаған Назым Қызайбай, Махмұд Сабырхан, Санжар Тәшкенбай, Бекзад Нұрдәулетов, Виктория Графеева, Наталья Богданова, Сабыржан Аққалықов және Айбек Оралбай чемпион атанды.
Дегенмен бұл аламанға басты қарсыласымыз Өзбекстанның ерлер құрамасы келген жоқ. Мұны Аян Төлегенге берген сұхбатында Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Киличев былай деп түсіндірген еді.
Дайындық жоспарымыз бар. Жаттықтырушылар құрамымен бірге алты ай көлеміндегі статистиканы талдаймыз: кімге қанша жекпе-жек жетіспейді, кімге жеткілікті – соны анықтаймыз. Кейбір спортшыларымызда тәжірибе аз болғандықтан, оларды Эйндховендегі турнирге жібердік. Онда әрқайсысы кем дегенде үш жекпе-жектен өткізді. Дәл қазір бізге ішкі жаттығу процесіне назар аудару маңызды.Тағы бір жайт. Егер Қазақстанға барсақ, бұл жаттығу кестемізді бұзып, жарақат алу қаупін арттырар еді. Әрине, жоспарымыздан бас тартып, қатыссақ та болар еді, бірақ оның зияны өзімізге тиюші еді. Әрине, екінші немесе үшінші нөмірлі боксшыларды жіберуге болар еді. Бірақ бұл – Әлем кубогы және ол Қазақстанда өтеді. Ал мен үшін кез келген боксшы – мейлі ол екінші, үшінші немесе төртінші нөмір болсын – Өзбекстан құрамасының өкілі. Ол ел намысын қорғайды. Сондықтан жеңіліс тапса, «Өзбек боксшылары ұтылды» деген сөз айтылады, ал мен ондайды қаламаймын, - деген еді бапкер.
Енді Әлем кубогының шешуші кезеңі 15-22 қараша аралығында Үндістанда өтеді.
Ерлер құрамасы – 5 алтын, 1 күміс, 2 қола
Әйелдер құрамасы – 3 алтын, 3 күміс, 2 қола
Жалпы есеп:
Алтын қыз
Рингке бірінші болып шыққан үш дүркін әлем чемпионы, 48 келідегі Назым Қызайбай финалдық айқаста үнді спортшысы Минакши Минакшиден басым түсті. Шиеленісті өткен кездесудің шешуші раундында отандасымыз нәтижелі шабуылдардың арқасында 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Қызайбай өз жолында 1/8 финалда Приянка Диллонды 5:0-мен жеңсе, ширек финалда Азия чемпионы Фарзона Фозиловадан да осы нәтижемен басым түсті. Ал жартылай финалда Хикару Шинохараны 4:1 есебімен ұтты.
Талай жарыстарға қатысып жүрміз, бірақ дәл Астанадағыдай дайындықты еш жерде көрген емеспін. Атмосфера керемет, жанкүйерлер қолдауы ерекше. Бұл сынға 70 пайыз даярлықпен келіп, негізінен мінездің арқасында алды. Енді әлем чемпионатында 100 пайыз дайындықпен барып, жеңімпаз атануды көздеймін, сол арқылы өз рекордымды жаңартып, төрт дүркін әлем чемпионы атансам деймін, – деді Назым.
Балқыбекованың байсалды байламы
Күміс медаль иегері Алуа Балқыбекова турнирге әлем чемпионатына дайындық ретінде қарағанын атап өтті:
Бұл турнирде күміс жүлдеге ие болдым. Финалдағы қарсыласым өте жақсы дайындықпен келген. Осы Әлем кубогы кезеңінен кейін бапкерлерімізбен бірге жіберген қателіктерімізді талдап, оларды түзетуге тырысамыз. Себебі, алда біз үшін ең маңызды жарыс – әлем чемпионаты күтіп тұр, – деді Алуа.
Мінезді Графеева
60 келідегі Виктория Графеева да тыңғылықты даярлығының арқасында Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Шешуші кезеңде бразилилық Ребека Де Лима Сантос шеберлік байқасқан жерлесіміз алғашқы раундта бразилиялық боксшыға есе жіберіп жатқан еді. Дегенмен Графеева соңғы екі раундта қарсыласынан жеңісті жұлып алды.
Ал 70 келідегі Наталья Богданова Әлем кубогының финалдық жекпе-жегінде аустралиялық Лекейши Перголитиге қарсы күш сынасты. Шешуші кезеңде Богданова қарсыласына мүмкіндік қалдырмай, алтыннан алқа тақты.
Айбек пен Нұрбек Оралбайлар – екі түрлі нәтиже, бір мақсат
Париж олимпиадасында күміс жүлдегер атанған Нұрбек Оралбай бұл жолы да екінші орынмен шектелді. Есесіне 92 келіге дейінгі салмақта Айбек Оралбай неміс алыбы Никита Путиловты сенімді түрде жеңіп, чемпион атанды.
Жуан жұдырық иесі Нұрдәулетов
Әлем кубогында жойқын соққыларымен көпшілік жадында есте қалған боксшылардың бірі деп әлем чемпионы, 85 келідегі Бекзат Нұрдәулетовті айтуға болады. Финалға дейін қарсылас шақ келтірмеген Бекзат ақтық сында Үндістан боксшысы Жугну Жугнуны жеңіп кетті. Жерлесіміз гонг соғылған сәттен белсенділік танытып, бірінші раундта қарсыласын нокдаунға да жіберді. Қалған уақытта да Бекзат басымдығын сақтап, 5:0 есебімен басым түсті.
Шаршы алаңда шиыршық атқан Сабыржан
Алаңда ерекше көзге түскен тағы бір чемпион – Сабыржан Аққалықов. Шаршы алаңда ширақ қимылымен ерекшеленген Сабыржан чемпиондық жолында талай мықтының мысын басты.
75 келіде өзімді жақсы сезініп жүрмін. Финалда кездескен спортшымен бұған дейін де қолғап түйістіргенбіз. Бұл жолы сол кездесудің қарымтасы болды. Қазіргі есеп – 2:0, – деді Аққалықов.
Ал өзін 50 келіде сынап көремін деген Санжар Тәшкенбай жаңа салмаққа кәдімгідей бейімделіп қалғанын аңғартты. Енді ол осы нәтижесін әлем чемпионатында қайталамақ.
Бұған дейін АҚШ-та арнайы дайындық жұмыстарын жүргіздік. Қазір барлығы ойдағыдай, 50 келіде өзімді тамаша сезінемін. Алда Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық күтіп тұр, – деді Санжар Тәшкенбай.
Сабырлы Сабырхан
Ал 55 келінің үздігі Махмұд Сабырхан жекпе-жексіз-ақ чемпион атанды. Жарақатына байланысты финалдан бас тартып, Махмұд жеңімпаз атағына қол жеткізді. Сөйте тұра ол жарыс барысында шеберлігімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Әлем кубогына Франция, Өзбекстан секілді елдердің мықтылары келмегенімен, өзге боксшылар қатысты. Бұл әлем біріншілігіне дайындық қой, сондықтан бір-біріміздің бабымызды байқадық. Ливерпульде барымызды саламыз, – деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарыстан соң боксшыларымызды жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.
Жеңістеріңіз құтты болсын! Бокспен тек мықты, күш-жігері мол адамдар шұғылданады. Бұл – ерекше спорт. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Мемлекет әрқашан сіздерді қолдайды. Қазақстанда бокстың келешегі зор болатынына ешқандай күмәнім жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлем кубогында күміс жүлдегер атанған боксшылар:
Алуа Балқыбекова, 51 келі
Надежда Рябец, 75 келі
Елдана Тәліпова, +80 келі
Нұрбек Оралбай, 80 келі.
Қола жүлдегер атанған боксшылар:
Айдана Забынбекова, 57 келі
Аида Әбікеева, 65 келі
Сағындық Тоғамбай, 90 келі.
Ұлттық құраманың Әлем кубогындағы нәтижелері
Астанадағы жеңіс Қазақстан құрамасын Әлем кубоктарындағы жалпыкомандалық есепте бесінші орыннан екінші орынға бір-ақ көтерді. Қазір еліміздің еншісінде 11 алтын, 7 күміс, 7 қола медаль бар. Бірінші орында 12 алтынмен Өзбекстан құрамасы тұр.
Ал бас бапкер Қайрат Сәтжанов тағы екі алтын аламыз деген жоспары болғанымен, шәкірттерінің өнеріне көңілі толғанын жеткізді. Маман үздік шыққан былғары қолғап енді Англиядағы әлем біріншілігіне қатысатынын мәлімдеді.
Жалпы нәтиже жақсы. «Бес» деген баға беруге болады. Егер тағы екі жігіт жеңіске жеткенде – «бес плюс» болушы еді. Ал алтын алғандар міндетті түрде Ливерпульдегі әлем чемпионатына барады, – деді ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Бокс – ел сүйетін спорт
Астана төрінде өткен бұл турнир – жай ғана жарыс емес, Қазақстанда бокстың қаншалықты танымал екенін көрсеткен үлкен мәдени әрі спорттық оқиға болды. Жанкүйерлер жанкешті айқастарға, ерік-жігер мен мінезге, нокауттар мен шынайы драмаға куә болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингтік ұпайлар да үлестірілді: алтынға – 300, күміске – 200, қолаға – 150 ұпай. Бұл ұпайлар алдағы халықаралық рейтинг пен турнирлік жолдама үшін үлкен маңызға ие.
Астана аспанында желбіреген алтын жүлделер – қазақ боксының келешегі кемел екенін айқын көрсетті. Ендігі мақсат – Ливерпульде өтетін әлем чемпионаты. Ал біздің боксшылар оған дайын екенін дәлелдеді.