27.01.2026
12:41
721
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына 1,3 трлн теңге бөлінді

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына 1,3 трлн теңге бөлінді

Бүгін Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің айтуынша, тұжырымдама президенттің Ұлттық құрылтай аясында берген тапсырмаларына сәйкес балалардың қауіпсіздігін күшейтуге және құқықтарын қорғауға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, балалардың құқықтарын қорғау, білім сапасын арттыру, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында іргелі реформалар мен заңдар қабылданып, іске асырылып жатыр.

ЮНИСЕФ аймақтық директоры Қазақстанның балалар құқықтарын қорғаудағы тәжірибесі тек Орталық Азия елдері үшін емес, кейбір еуропалық мемлекеттер үшін де үлгі екенін атап өтті, – деді министр.

Оқи отырыңыз: 

Министр мәліметінше, 2025 жылғы статистика бойынша елімізде 7 миллионға жуық бала бар, бұл халық санының 34 пайызын құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 миллионға артқан.

Президент бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық баланың шотына аударылады. Жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 120-ға жуық әлеуметтік жоба іске асырылған.

Тұжырымдама 1,3 триллион теңге көлемінде қаржыландырылады. Ол балалардың құқығын қорғаудың бірізділігін қамтамасыз етеді және шаралардың тиімділігін арттырады. Балалардың негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыт бар: қауіпсіздік, білім, денсаулық, отбасы мен әлеуметтік қорғау.

Министрдің айтуынша, тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, ал нақты іске асыру үшін 158 іс-шара жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 1,3 трлн теңге.

«Қауіпсіздік» бағыты аясында жұмыс жандандырылады. «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» принципін кеңейту көзделіп отыр. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынды. Бүгінгі күні елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен «111» байланыс орталықтары енгізілген, – деді Сүлейменова.

Айта кетейік, бүгін Үкімет «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітіп, пысықтады.