Қазақстан азаматы Кореяда алапат өрттің алдын алды

22 Желтоқсан 2023, 12:45 3509

Сеулдегі Қазақстан елшілігінің қызметкері өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, алапат өрттің алдын алды. Бұл туралы 24.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Руслан Қайрамбаевтың Кореяға келгеніне бір айдан асты. Елшілік қызметкері сол күні демалыста еді. Бірақ шұғыл шаруа шығып, елшілікке асығады. Сол-ақ екен, жанып жатқан көлікті байқайды. Руслан Қайрамбаев ойланбастан өртті сөндіруге ұмтылады. Шұғыл әрекеттің арқасында қызыл жалынды ауыздықтайды.

Тұрақтан өртеніп жатқан көліктің шығып келе жатқанын көрдік. Алдымен бірінші хатшы Байтілеуов Бауыржан көрді. Мен өрт сөндіргішті алып шығып, өртті сөндіруге кірістім, - дейді Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев.

Өрт Сеулдегі ғимараттардың бірінде болған. Жүргізуші жеңіл көлігімен жерасты тұрағынан шыққан кезде қызыл жалын бұрқ етеді.

Русланның ерлігін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Йонсан мөлтек ауданының әкімдігі алғыс хатпен марапаттады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: