Ауғанстанға гуманитарлық жүк жөнелту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға қолдау көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен 1659 тонна гуманитарлық жүк бөлінді.
Гуманитарлық көмектің бірінші партиясы, яғни 70 шатыр және "СК-Фармация" ЖШС дәрі-дәрмектері 11 қазанда Ауғанстанның Герат қаласына ҚР Ұлттық ұланының ұшағымен жеткізілді.
27 теміржол вагонында тиелген гуманитарлық жүк (ұн, күріш жармасы, өсімдік майы, сүт консервілері, кереуеттер, төсек-орын жабдықтары, киім) Алматы қаласы мен Қарағанды облысынан жөнелтілді.
Тиеу жұмыстарын ҚР ТЖМ 28237 және 52859 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қамтамасыз етті.