Дрон – инновациялық мүмкіндіктерді кеңейтетін құрал. Бірақ ол тиісті бақылаусыз қалса, қатерге айналуы да ғажап емес. Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарының саны артып келеді, ал оларды тіркеу, бақылау және заңдастыру мәселесі әлі де толық жүйеленген жоқ.
Жақында бекітілген 2025–2031 жылдарға арналған дрондарды дамыту тұжырымдамасы саланың негізгі бағытын айқындады. Алайда дрондардың адам өміріне төндіруі мүмкін қауіп-қатері туралы сұрақтар әлі де шешімін тапқан жоқ. Бұл лонгридте біз дрондардың даму перспективаларына, заңсыз қолданылу қаупіне және тіркеу жүйесінің тиімділігіне тоқталамыз.
Цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелердің рөлі артқан қазіргі заманда дрондар тек ойыншық немесе видео түсіру құралы ғана емес, экономиканың жаңа драйверіне айналып отыр. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің 2025–2031 жылдарға арналған азаматтық ұшқышсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын қабылдауы – елдегі технологиялық трансформацияның маңызды кезеңіне айналуы мүмкін.
Бұл құжат елімізде дрон саласын жүйелі дамытуға бағытталған алғашқы стратегиялық бағдарлама. Оның ерекшелігі – мәселені тек техникалық немесе заңнамалық тұрғыдан ғана емес, кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, өндірістік локализация және көпсалалы интеграция секілді кешенді деңгейде қарастыруында.
Неге дәл қазір және неге бұл маңызды?
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) болжамы бойынша, дрондармен байланысты көлік және логистика нарығы 2022 жылғы 11 млрд доллардан 2027 жылы 29 млрд долларға дейін өседі. Кей деректер бұл көрсеткіштің 2024 жылдың өзінде 35 млрд доллардан асып, 2029 жылы 67 млрд долларға жететінін айтады. Мұндай өсу қарқыны дрондарды жаһандық экономикадағы ірі ойыншылардың қатарына қосып отырғанын көрсетеді.
Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмауы тиіс. Себебі, дрондар – тек азаматтық салада емес, қауіпсіздік, экология, геодезия, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайларды бақылау сияқты көптеген салада қолданылып келе жатқан әмбебап құрал.
Тұжырымдама 5 негізгі бағытты қамтиды:
Құқықтық негізді күшейту – ұшқышсыз авиацияны бақылау, тіркеу, жауапкершілік пен рұқсат беру ережелерін заманауи стандарттарға сай келтіру;
Кәсіби кадр даярлау – дрон операторлары мен инженерлерін оқытатын орталықтар ашу, ЖОО-ларда пән ретінде енгізу;
Ғылыми-технологиялық зерттеулерді қолдау – стартаптар мен инновациялық жобаларға қаржылық, инфрақұрылымдық қолдау көрсету;
Локализация және өндіріс – дрондардың бөлшектерін ел ішінде шығару, импортқа тәуелділікті азайту;
Салааралық интеграция – дрондарды ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика сынды нақты секторларға енгізу.
1450-ден астам дрон тіркелген
900-ге жуық оператор сертификатталған
78 рұқсат тығыз қоныстанған аймақта ұшу үшін берілген
56 рұқсат – заңды тұлғаларға (картография, геодезия, агрохимия т.б.)
5 оқу орталығы дрон операторларын даярлап жатыр
2027 жылдан бастап ұлттық ғылыми стратегиялар іске қосылады
2024 жылы мемлекеттік сатып алуларға 1,1 млрд теңге бөлінді
Бұл деректер саланың инфрақұрылымдық және институционалдық негізі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Десе де, бұл әлі бастамасы ғана.
Тұжырымдамада нақты межелер қойылған:
5000 кәсіби оператор мен пилот даярлау
ЖОО мен колледждердің 80%-ы дронға қатысты пән енгізеді
Өндірістегі компаниялардың кемінде 30%-ы дрон қолданады
Дрон бөлшектерінің 10%-ы Қазақстанда шығарылады
Кемінде 3 отандық дрон стартапы халықаралық нарыққа шығады
Дрондарды дамыту тұжырымдамасы – тек бір саланы емес, инновациялық экожүйені қалыптастырудың бастамасы. Ол білім беру, құқық, қауіпсіздік, ғылым мен өндірісті бір арнаға тоғыстырады. Ең бастысы – бұл құжат саяси ниет пен институционалдық реформалар қатар жүргенде ғана нәтижелі болмақ.
Ендігі міндет – тұжырымдаманың қағаз жүзінде қалмай, нақты механизмдер арқылы орындалуын қамтамасыз ету.
Бір ай бұрын Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке дрондарды бақылауға қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) азаматтық салада кеңінен қолданылады және тауар жеткізу, әуе такси сияқты бағыттарда үлкен әлеуетке ие. Бұл – жаңа нанотехнологиялар, жасанды интеллект және инклюзивті қоғамның дамуымен тығыз байланысты бағыт.
Алайда депутат бұл технологиялардың бейбіт мақсаттан бөлек қылмыскерлердің қолына өтіп кету қаупіне алаңдайды.
Кез келген көпшілік шарада – концерт, футбол ойыны немесе шоу кезінде жоғарыда қалықтап жүрген дронның ішінде қауіп жасырынуы мүмкін екенін елестетіп көріңіз. Мұндай жағдайда мыңдаған адамды эвакуациялау мүмкін болмай қалуы мүмкін, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның пікірінше, дрондарды өндіру, сақтау және пайдалану жүйесін қатаң лицензиялаумен қатар, саланы жан-жақты құқықтық реттеу кезек күттірмейтін мәселе.
Депутаттың айтуынша, халықаралық қауымдастық та дрондарды бақылау бойынша нақты қадамдар жасап жатыр. АҚШ-та 250 граммнан асатын әрбір дронда Remote ID жүйесі бар – бұл жүйе дронның сериялық нөмірін, орналасқан жерін және оператор жайлы ақпаратты онлайн таратады. Сонымен қатар, дрондарды анықтау жүйелерін жетілдіру, сертификатталған өндірісті қолдау, ұшу деректерін тіркейтін "қара жәшіктерді" енгізу шаралары Еуропа, Ұлыбритания, Канада және Аустралияда қолға алынған.
Заң бойынша, Қазақстанда салмағы 250 граммнан асатын, камера немесе сенсормен жабдықталған дрондар тіркелуге тиіс. Дегенмен, Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, іс жүзінде бұл талаптар дұрыс жұмыс істемейді.
Бүгінде кез келген адам дүкеннен салмағы 15 келіге дейінгі дронды еш қиындықсыз сатып ала алады. Remote ID жүйесі жоқ, бақылау әлсіз. Бұл жағдай заңсыз құрастыру мен қолдануға жол ашып отыр, – деді депутат.
Сондай-ақ ол жасанды интеллект арқылы дронды адамның қатысуынсыз заңсыз мақсатта қолдануға болатынын ескертті.
Бүгінде кез келген ойыншық немесе заманауи технологиялар дүкенінен салмағы 15 килограммға дейінгі дронды еш қиындықсыз сатып алуға болады. Алайда қолданыстағы реттеу тетіктері бұл саланың қарқынды дамып, үнемі өзгеріп жатқан шынайылығына толық сай келмейді. Remote ID жүйесінің болмауы, шағын дрондарды бақылаудың әлсіздігі және өндірушілерге лицензия берудің міндетті болмауы – ұшқышсыз ұшу аппараттарын заңсыз құрастыру мен қолдану үшін қолайлы жағдай туғызып отыр.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллектінің кеңінен енгізілуімен кез келген дронды адамның тікелей қатысуынсыз, толығымен автоматтандырылған күйде, заңсыз әрекеттерге бағыттап қолдану мүмкіндігі артып келеді. Сондықтан қылмыстың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара қабылдауды ұсынды:
Салмағы 250 граммнан асатын барлық дрондарға Remote ID жүйесін енгізу. Бұл жүйе дронның нақты орналасуын, сериялық нөмірін және оператор туралы ақпаратты онлайн режимде беріп отырады.
Ұшу тарихын есепке алу жүйесін кеңейту үшін «қара жәшіктерді» міндетті түрде енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы алынған деректерді автоматты түрде тіркеу және өңдеу механизмдерін дамыту.
Дрон өндірушілерге лицензия беруді енгізу, негізгі техникалық компоненттерді бірегей таңбалаумен қамтамасыз ету.
Дрондарды заңсыз құрастыру және оларды қару ретінде пайдалану жағдайларына қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, әсіресе адамдар көп шоғырланатын іс-шаралар кезінде.
Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппаратын (дронды) тіркеу — иесінің құрылғыға деген заңды құқығын растайтын маңызды қадам. Егер дрон ұрланса немесе апатқа ұшыраса, тіркелген аппаратты анықтап, иесіне қайтару әлдеқайда жеңіл. Сонымен қатар, түрлі тергеу барысында дронның тіркеу куәлігінің болуы иесінің позициясын құқықтық тұрғыдан нығайта түседі.
2025 жылы күшіне енген Ұшқышсыз ұшу аппараттарын тіркеу қағидаларына сәйкес, келесі дрон түрлері міндетті түрде тіркеуге жатады:
Айта кету керек, салмағы 750 кг-нан асатын дрондар жеке тәртіп бойынша мемлекеттік тіркеуден өтеді. Бұл дегеніміз, камерасы бар 240 граммдық шағын дронның өзі тіркеуге жатады.
Тіркелмеген дронды қолдансаңыз не болуы мүмкін?
Егер дроныңыз ресми тіркеуден өтпесе, бұл жай ғана ескертумен шектелмейді. Салдары сіз ойлағаннан әлдеқайда күрделі болуы мүмкін. Ең алдымен, әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, дронды тіркемеген жағдайда кем дегенде 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер осындай жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері арта түседі. Ал дронды тіркеусіз ұшырып, ұшу ережелерін бұзсаңыз, бұған қоса тағы да қосымша санкциялар қарастырылады.
Басқаша айтқанда, дронды тіркемей қолдану – қауіпсіздік талаптарын елемеу ғана емес, өзіңізді қажетсіз шығынға ұрындыру.
Қазақстанда дронды қалай тіркеуге болады?
Бүгінде дронды тіркеу процесі барынша жеңілдетілген және цифрлық форматқа көшірілген. Енді ешқандай кезекте тұрудың қажеті жоқ — барлығы онлайн түрде жүзеге асады. Ұшқышсыз ұшу аппараты тіркеуге қойылғаннан кейін, уәкілетті орган иесіне 5 жыл мерзімге немесе жалдау шартының мерзіміне сәйкес тіркеу туралы куәлік береді.
Тіркеуге өтініш беру тәртібі
Құжаттарды тіркеу үшін eOtinish.kz порталы арқылы онлайн өтініш беру қажет.
Өтінішке мына құжаттардың көшірмелері қоса берілуі тиіс:
Бар болғаны — интернетке қосылған құрылғы мен ЭЦҚ болса жеткілікті.
Тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін әрбір дронға арнайы борттық нөмір беріледі. Бұл нөмір құрылғының заңды мәртебесін растайды және жоғалған жағдайда немесе тексеріс кезінде оны тез анықтауға мүмкіндік береді. Борттық нөмір міндетті түрде дронның корпусына жапсырылуы тиіс.
Маркировкаға қойылатын негізгі талаптар:
Борттық нөмір мынадай құрылымнан тұрады:
Бұл талаптар – қауіпсіздік пен заң талаптарына сай әрекет етудің маңызды бөлігі.
Дронды қайдан және қалай сатып алу керек?
Нарықтағы барлық дрон бірдей сапалы емес, ал сатушылардың бәрі бірдей сенімді бола бермейді. Сондықтан дрон сатып аларда ресми дилерлерге жүгінген жөн.
Неге ресми дилер маңызды?
Ресми сатушылардың өнімдері тиісті құжаттармен, зауыттық кепілдікпен және техникалық сервистік қолдаумен бірге беріледі. Олар сізге мақсаттарыңыз бен бюджетіңізге сай дронды таңдауға көмектеседі және оны қауіпсіз әрі дұрыс басқаруды үйретеді. Бұдан бөлек, ресми дилерлер дрондарды қолдануға байланысты елдің заңнамасына және қауіпсіздік талаптарына сәйкес жұмыс істейді.
Ресми емес сатушылардан алынған дрондар жалған немесе сапасыз болып шығуы мүмкін. Бұл құрылғыларды пайдалану кезінде заң бұзу фактілері мен түрлі қауіп-қатерлер туындауы ықтимал.
Өлшемі мен салмағы
Жеңіл дрондар тасымалдауға ыңғайлы, бірақ кейбір ережелерге сай тіркеуді талап етуі мүмкін. Салмағы дронның жылдамдығы мен маневрлік қабілетіне де әсер етеді.
Батарея және ұшу уақыты
Орташа дрондар 10–30 минут ұшады, зарядталуы 30 минуттан 2 сағатқа дейін созылады. Ұзақ ұшатын модельдер қымбатырақ болады.
Камера және сурет сапасы
HD-ден 4K-ге дейінгі сапада түсіретін дрондар бар. Кейбірінде камера кіріктірілген, ал енді біреулеріне жеке камера орнатылады. Мақсатыңызға қарай таңдау жасаңыз.
Байланыс қашықтығы және тұрақтылығы
Дронның пультпен немесе смартфонмен байланыс қашықтығы әдетте 100–500 метр, кейбір модельдерде одан да алысқа жетеді. Байланыстың тұрақтылығы сигнал кедергілеріне байланысты.
Функциялары мен мүмкіндіктері
Автоматты ұшу, кедергілерді айналып өту, бір нүктеге қайту, нысанды қадағалау сияқты функциялар пайдалы. Қосымша керек-жарақтарға да мән беріңіз: сөмке, қосымша бұрандалар, қорғағыштар және тағы басқа.
Техникалық сәйкестік декларациясы деген не?
Техникалық сәйкестік декларациясы – бұл ұшқышсыз ұшу аппаратының қауіпсіздік талаптарына және техникалық нормативтерге сәйкестігін растайтын құжат. Бұл декларацияны иесінің өзі толтырып, уәкілетті органға ұсына алады.
Максималды ұшу салмағына қарай бұл декларацияны рәсімдеудің бірнеше тәртібі бар. Салмағы 25 кг-нан төмен барлық ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) тек техникалық сәйкестік декларациясы болған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл декларация ҚР Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген болуы тиіс.
Декларацияда дронның ұшу қауіпсіздігіне қойылатын ең төменгі техникалық талаптарға сәйкестігі расталуы керек.
1,5 кг-нан жеңіл сериялық дрондар үшін декларация рәсімдеу тәртібі
Егер сіздің дроныңыз сериялық өндірістен шыққан және салмағы 1,5 кг-дан аз болса, келесі құжаттарды дайындауыңыз керек:
1,5 кг–25 кг аралығындағы сериялық дрондар үшін декларация рәсімдеу тәртібі
Егер дроныңыз сериялық өндірістен шыққан және салмағы 1,5 кг-дан 25 кг-ға дейін болса, төмендегі құжаттар қажет:
Дайын құжаттарды eOtinish.kz порталы арқылы жолдау қажет. Ол үшін:
Қарау мерзімі: 10–15 күнтізбелік күн ішінде.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдалану әлем бойынша кеңінен таралып келеді. Алайда әр елдің заңнамасы мен техникалық регламенттері әртүрлі. Бір елде 100 граммдық дронға дейін тіркеуді талап етсе, екіншісі 2 келіге дейін тіркеусіз пайдалануға рұқсат береді.
Америка Құрама Штаттарында салмағы 250 граммнан асатын кез келген дронды тіркеу міндетті. Сонымен қатар ұшқыш TRUST атты онлайн-тесті тапсыруы қажет. Егер дрон коммерциялық мақсатта қолданылса (мысалы, видео түсірілім, жеткізу қызметі), онда Part 107 лицензиясы болуы тиіс. Ұшу биіктігі 120 метрден аспауы керек.
Германия, Франция, Испания және басқа ЕО елдерінде 250 граммнан жоғары дрондар тіркеуге жатады. Дрондарды пайдалану қауіп деңгейіне қарай санаттарға бөлінеді. Бұл ережелер Еуроодақтың ортақ заңнамасына сай жүзеге асырылады. Ұшу биіктігі – 120 метрге дейін.
Бұл елде 500 г-нан асатын дрондарды тіркеу міндетті. Әсіресе туристік немесе халық көп шоғырланған орындарда ұшу үшін алдын ала арнайы рұқсат алынуы тиіс. Ұшу биіктігі – 120 м дейін.
Тайландта дрондарды CAAT (Азаматтық авиация басқармасы) арқылы тіркеу керек. Ең маңызды шектеу – дрон әуежайлардан кемінде 9 км қашықтықта ғана ұшырылуы мүмкін. Ұшу биіктігі – 90 м дейін.
БАӘ-де дрондар GCAA (авиация билігі) арқылы тіркеледі және арнайы белгіленген аймақтарда ғана ұшырылады. Заң бұзылған жағдайда 13 000 АҚШ долларына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Жапонияда 100 г және одан жоғары салмақтағы дрондар тіркелуі керек. Ұшу биіктігі – 150 м дейін. Қоғамдық не тарихи маңызы бар нысандардың (мысалы, храмдар, ескерткіштер) жанында түсірілім жасау үшін бөлек рұқсат алынады.
Бұл елде 2 кг-ға дейінгі дрондарға тіркеу талап етілмейді. Дегенмен, дрон адамдарға 30 метрден жақын ұшпауы керек және қауіпсіздік ережелері сақталуы тиіс. Ұшу биіктігі – 120 м дейін.
Бразилияда 250 г-нан асатын дрондар тіркеуге жатады. Ұшу биіктігі – 120 м дейін. Ең басты ерекшелік – дрон жеке меншік жер үстінде қолданылса, сол аумақтың иесінен міндетті түрде рұқсат алынуы қажет.
Көптеген елдер дрондарға қатысты тіркеу, ұшу биіктігі, қауіпсіздік және рұқсат беру талаптарын кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Бұл технологияның кең таралуымен бірге туындайтын қауіпсіздік, құпиялылық және құқықтық жауапкершілік мәселелерімен тікелей байланысты. Сондықтан басқа елге дроныңызбен сапарласаңыз, сол елдің ережелерін алдын ала біліп алғаныңыз абзал.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде осы ұшқышсыз ұшу аппараттарын ғылыми деңгейде зерттеп, оны басқару тәсілдерін үйретіп жүрген Зарина Құтпановамен сұхбаттасқан едік.