Қазақстан алаяқтық жасады деген күдіктіні Қырғызстаннан экстрадициялады

29 Қазан, 13:06 396

Бас прокуратура Қазақстан азаматын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратура мәліметінше, күдікті 2023 жылы Алматыда желдетуге арналған бөлшектер мен кондиционерлерді жеткіземіз деген сылтаумен кәсіпкердің 75 миллион теңгеден астам қаржысын жымқырған.

Қылмыс жасағаннан кейін алаяқ қашып кеткен, сол себепті ол халықаралық іздеуге жарияланған. Биылғы мамыр айында ол Бішкек қаласында ұсталып, одан кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды, - делінген мәліметте.

Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: