Қазақстан 2032 жылы футболдан Еуропа чемпионатына қатысады – танымал қақпашы

22 Шілде, 22:30 764

Кезінде «Ордабасы», «Ақтөбе» клубтарының қақпасын күзеткен Самат Отарбаев бүгінде QJ League-те өнер көрсететін «Жас Қыран» клубында қақпашылар бапкері. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Саматтан футбол лигасының болашағы, жастардың деңгей мен отандық клубтардың еурокубоктағы сәтсіздіктері жайлы пікірі сұрадық.

– Самат, өзіңіз қазір жас қақпашыларды баптап жүр екенсіз. Бұл алғашқы тәжірибеңіз бе?

– QJ League жобасына қатысатын «Жас Қыран» командасының 2007-2008 жылдары туған балалар командасында қақпашыларымен жұмыс істеп жатырмын. Бұған дейін екі жыл бойы «Супербоул» жобасына көмектестім. Бірақ биыл барған жоқпын, себебі «Жас Қыранда» жүрмін. Бапкер ретінде алғашқы тәжірибем деп айтуға болады.

– QJ League All-Star Сербияның «Црвена Звезда» клубын қабылдап, жеңіске жетті. Ойынға қандай баға бересіз?

– Бәрі тамаша. Матч өтетін күні балалардың көңіл күйін бақыладық, өйткені бір күн бұрын толқу бар еді. Ал бүгін көздерінен от байқадық. Жоспар бойынша бастапқы 15 минут бойы жоғары қысым көрсетуі керек еді, жігіттер сол тапсырманы бірінші минуттан бастап орындауға кірісті. «Црвена Звезда» бізден мұндай қысым күткен жоқ, абдырап қалды. Құдайға шүкір, қайта-қайта шабуылдап, соңына қарай екі гол соқтық.

– Бұл жобаның болашағына қатысты түрлі пікір айтылады. Қалай ойлайсыз, QJ League өміршең болады деп айта аламыз ба?

– Жас футболшылар үшін үлкен мүмкіндік. Біздің кезімізде ондай ештеңе болған жоқ. Жарыстарға ұшақпен бару, қымбат қонақүйлерде өмір сүру деген ҚПЛ-ның кейбір клубтарында жоқ. Енді бәрі балалардың өздеріне байланысты. 2007 жылғылар келесі жылы жобамен қош айтысып, Бірінші лигаға ауысуы керек, ал ол жақта мұндай жағдай қарастырылмаған. Міне, сол кезде мінез көрсету керек болады. Ерік-жігері мықты, мақсаты айқындары әрі қарай да карьерасын жалғастыратын орын табады. Бұл жастарға жол көрсететін, қолдайтын жоба. Бірақ берілген мүмкіндікті кімнің қалай қолданатыны адамның өзіне ғана байланысты. Біз мұны жігіттердің құлағына да әбден сіңіріп жатырмыз. Себебі олардың үлкен өмірдегі қадамы енді басталады.

– Жұрттың назары, мұндай қолпаштау оңды-солын танымаған жасты жұлдыз ауруына шалдықтырмай ма деген сауал туындайды...

– Матчта гол соққан Дастан Сәтпаев туралы да біреулер «жұлдыз емес пе» деп сұрап жатыр. «Қайрат» клубында ойнайды. Өз басым оның бойынан ондай ештеңе байқаған жоқпын, өте қарапайым жігіт. Білуімше, фото-видеоға түскенді де ұнатпайды. Бұл құрама ғой, бәлкім клубтарына барғанда менменсу болатын шығар, бірақ өзім ешкімнің бойынан тәкаппарлық көрмедім.

– Құрамаға әр клубтың өкілдері шақыртылды, санаулы күнде олардың басын біріктіру қаншалықты қиын?

– Рас, құрама команда болғандықтан клубтардың ең үздік ойыншыларын іріктеп алдық. Жаттығу жұмыстары бір аптаға ғана созылғандықтан, бар білгеніңді үйрету мүмкін емес. Әр команданың өз әдісі, техникасы, жаттығуы бар. Біздің міндет – оларды физикалық тұрғыда бабында ұстау. Шамамыз келгенше жігерлендіруге тырыстық.

Бұл жерде бапкерлер ғана жұмыс істемейді, бізден бөлек спорттық-сараптамалық топ бар. Олар алдымызға тапсырма қояды, бағыт-бағдар береді. Күнделікті түнгі сағат үшке дейін жұмыс істедік. Бір аптаның ішінде бір айдың тәжірибесін алып шыққандаймын. Шыны керек, бастапқыда келіп-кетіп қана жүретін шығармын деген ой болған. Сөйтсек, бұл жерде ондай жоқ екен, бәрі жүйеге қойылған, әркім өз ісін біледі, нағыз мамандар. Өз басым көп нәрсе үйреніп шықтым.

– Сөздің ауанын кәсіпқой футболға бұрсақ. Өзіңіз түлегі болған, ел үмітін артқан «Ордабасы» Чемпиондар лигасын аяқтады. Жеңіліске не себеп деп ойлайсыз?

– Өте өкінішті жағдай, «Петрокубты» жеңетініне сенімді болғанмын. Негізі бар мәселені үйде ойнағанда-ақ шешіп тастау керек еді. Жанкүйерлердің ренжитініндей бар. «Ордабасы» мен «Ақтөбеге» ерекше жанкүйерлік таныттым. Бірақ клубтардың өз бағыты, тактикасы бар, сондықтан қателіктер неден кеткені жайлы пікір білдіре алмаймын. Біздің қолдан келетіні – жанкүйер болу.

– Чемпиондар лигасы мен Еуропа чемпионатына қатысқан үш клубтың үшеуі де жарыс жолын аяқтады. Бұл ішкі чемпионат деңгейінің төмендегенін аңғарта ма?

– Айту қиын. Бәлкім солай да шығар. Шыны керек, ойындарды түгел қарауға уақыт бола бермейді, QJ League-те жүргендіктен, бар назарымыз осы жобада. Жалпы алғанда, ішкі чемпионаттың деңгейі түскен секілді.

– Резерв мәселесі не болып жатыр?

– Бұйыртса, қазір өзіміз жаттықтырып жүрген балалар 2032 жылғы Еуропа чемпионатына дайын болуы керек деп жоспар құрып отырмыз. Бәрі ойдағыдай өтсе, 2032 жылы кәрі құрлық біріншілігіне қатысамыз деген стратегиялық ой бар.

– Бапкер ретінде емес, ойыншы ретінде пікіріңізді білгім келеді. Бұл жігіттер сол кезде шынымен де әлемдік деңгейдегі құрамаларға төтеп бере ала ма?

– Бәрі жоспар бойынша, рет-ретімен жасалса, онда мықтыларға бәсекелестік танытуға шамасы жетеді. Тек осы жүйеден таймауымыз керек.

Зарина Арман
Бөлісу: