09.07.2025
01:26
13095
Қазақстан 2026 жылы «Games of the Future» халықаралық фиджитал турнирін қабылдайды

Қазақстан 2026 жылы «Games of the Future» халықаралық фиджитал турнирін қабылдайды

Қазақстан 2026 жылы фиджитал тұжырымдамаға негізделген халықаралық көпспортты турнир – Games of the Future жарысын өткізуге дайындалуда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл спорттық іс-шара физикалық және цифрлық элементтерді біріктіретін жарыстарды қамтиды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, турнирге 100-ден астам елден қатысушылар келіп, жанкүйерлердің де ағыны күтілуде.

Қазақстан ірі халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесіне ие, сондықтан турнирдің жоғары деңгейде өтетініне сенеміз, – деді ұйымдастыру дирекциясының басшысы Әлібек Хасенов «World Phygital Summit 2025» барысында.

Фиджитал спорт бүгінде әлем бойынша қарқынды дамып келеді. World Phygital Community (WPC) қауымдастығына 100-ге жуық елдің өкілдері мүше. Олар өз елдерінде іріктеу турнирлерін өткізіп, үздік спортшыларды «Games of the Future» турниріне жібереді.

2024 жылы бұл турнир Қазан қаласында өткен. Ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, турнирді келесі жолы Қазақстанда өткізу бастамасын көтерген. 21 инновациялық спорт түрінен өткен жарысқа 2000-ға жуық спортшы қатысып, жалпы жүлде қоры 10 млн долларды құраған. Қазақстандық спортшылар 13 дисциплинада өнер көрсетті.

Келесі Games of the Future 2025 турнирі желтоқсанда Абу-Дабиде өтеді.