Ирем Гөкче – өнерді жүрегімен таңдаған түрік қызы. Ол бүгінде Түркияның мәдени жүрегі саналатын Ыстамбұл қаласында тұрады. Жасы небәрі 23-те болса да, өзінің шығармашылық жолын айқын қалыптастырып келе жатқан жас әнші әрі музыкант.
Қазір Ирем Ыстамбұлдағы консерваторияда білім алып, кәсіби өнерге нық қадам жасап жүр. Өнерге деген махаббат оны бір ғана бағытпен шектемеді. Керісінше, Ирем музыка арқылы өз жолын тауып, қолтаңбасын қалдыруды мақсат етеді. Бүгінде ол жеке музыкалық жобаларына басымдық беріп, әндерін екі тілде – түрік және қазақ тілінде жазып, орындап жүр.
Қазір негізінен өзімнің музыкалық жобаларыма көп көңіл бөлемін. Түрікше де, қазақша да ән жазамын. Оқуымды биыл аяқтаймын, шығармашылық пен білімді қатар алып жүрмін, – дейді Ирем.
Жас әншінің қазақ тіліне, қазақ музыкасына деген қызығушылығы көпшілікті таңқалдырмай қоймады. Қазақша еркін сөйлейтінін көрген жұрт одан жиі: «Анаң қазақ па? Әлде өзің қазақсың ба?» - деп сұрайтын көрінеді. Ол:«жоқ, қазақ емеспін» – деп жауап бергенде, көпшілік таңданыспен қарап, қазақ тілін қалай үйренгенін, бұл жолды неден бастағанын білгісі келеді.
Адамдар бұл сұрақты шынайы әрі жылы ықыласпен қойғаны ерекше қуаныш сыйлайды. Мен мұны үлкен қолдау ретінде қабылдаймын, – дейді Ирем.
Десе де Иремнің айтуынша, қазақ тіліне деген сүйіспеншілік бір сәтте пайда болмаған. Бұл қызығушылық уақыт өте келе ішкі әлемімен үндескен. Қазақ музыкасын тыңдаған сайын тілдің әуезі, сезімді терең жеткізу тәсілі оны баурап алып, шығармашылық ізденіске жетелеген.
Қазақ музыкасын тыңдаған сайын оның ішкі тереңдігі мен шынайы эмоциясы мені баурап алды. Әсіресе, қазақша әндердің жүректен-жүрекке жететін нәзік қуаты осы тілді жақынырақ тануға итермеледі. Қазір бұл менің шығармашылық болмысымның бір қырына айналды, – дейді ол.
Ирем үшін қазақ тілі мен музыкасы жай қызығушылық қана емес, өнер жолындағы маңызды бағыттардың бірі. Ол өзін әрдайым түркі әлеміне жақын екенін, түркі халықтарының мәдениеті мен рухани байлығы ерекше шабыт сыйлайтынын айтады. Әр халықтың салт-дәстүрі, өнері мен дүниетанымы жас музыкантты терең ойға жетелеп, жаңа шығармаларға жол ашып келеді.
Ирем Гөкче үшін шет тілін үйрену жай қызығушылық емес, мәні бар таңдау болған. Ол түркі тілдерінің бірін үйренгісі келіп, ішінен қазақ тілінін таңдаған.
Қазақ тілі маған алғашқы сәттен-ақ ерекше әсер қалдырды. Тілі жұмсақ, әуезді, ал айтылған ой мен сезім жүрекке тез жетеді. Түрік тіліне жақындығы да қазақ тілін үйренуді жеңіл әрі қызықты ете түсті. Сол себепті жүрегіме жақын сезінген тілді таңдадым, – дейді жас әнші.
Ол Қазақстанды мүмкіндігінше тереңірек танып-білуге тырысып жүргенін айтады. Елдің мәдениеті, музыкасы мен тілі оны қатты қызықтырады. Дегенмен өзі айтқандай әлі де үйренетін, білгісі келетін дүние көп.
2025 жылы қазан айында Ирем Ақтау қаласына келді. Бұл сапар оның есінде ерекше жылы сәттермен қалды. Түркиядан келгенін және қазақша аздап сөйлей алатынын байқаған жергілікті тұрғындар оған таңғалған. Түрік тілін түсінетін және сөйлей алатын қазақтарды көргенде Ирем қатты қуанған.
Кейбір адамдар түрікше біледі екен. Бұл маған ерекше әсер етті. Олармен емін-еркін түрік тілінде де тілдесе алдым. Осы ортақтықты көргенде Қазақстанға, қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығым одан әрі артты, – дейді ол.
Қазір Ирем Қазақстанға қайта оралуды жоспарлап отыр. Биыл жазда Алматы қаласына келу ойында бар. Бұл сапар оның қазақ мәдениетін тағы да тереңірек тануға септігін тигізбек.
Жас әнші қазақ тіліндегі әндерді ұзақ уақыттан бері тыңдап жүр. Ол ән тыңдай жүріп тілдің әуезін, сөздердің айтылуын біртіндеп үйренген. 2025 жылыдың тамыз айында Ирем TikTok желісіне белсенді кірісе бастайды.
Сол кезде маған бір ой келді: «Қазақша әндерді түрік тіліне аударып көрсем қалай болады екен?» деп ойладым. Алғаш рет қазақстандық жас әнші Садраддиннің «Qansha kun» әнін орындап, желіге жүктедім. Бұл видео күтпеген жерден көп қаралым жинап, көпшіліктің қолдауына ие болып, жылы пікірлер жинады, – деді Ирем.
Осыдан кейін ол басқа да қазақ әншілерінің әндерін аударып, орындауды жалғастырды. Ең қуантқаны, көптеген қазақстандық әншілер оның видеоларына жақсы пікір жазып, қолдау білдірген. Бұл Иремді одан әрі шабыттандырып, өз ісіне сенімділігін арттырған көрінеді.
Қазір қазақтың көптеген танымал әндерін білемін. Ең бастысы, қазақша ән айтқанда сезімімді тікелей, шынайы жеткізе алатынымды сезінгенде ерекше күйге бөленемін. Менің үшін маңыздысы – мінсіз болу емес, шынайылық. Жүрекпен айтқанда, тыңдаушы оны сезеді деп ойлаймын, – дейді.
Ирем екі тілдегі әннің ішінде екі елдің мәдениетін тоғыстыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Түрік және қазақ тілдерін бір әуенге сыйдыру – оның шығармашылығындағы басты ерекшелік.
Жас әншінің алғашқы авторлық жеке әні «Nege» деп аталады. Бұл – оның қазақ және түрік тілінде жазған тұңғыш әні.
Осы ән арқылы адамның ішкі сағынышын, айтылмай қалған сезімдерін, жүректегі сұрағы мен ой толғанысын жеткізгім келді. «Nege» жай ғана ән емес, екі халықтың тілі мен сезімін бір кеңістікте тоғыстырдым, – дейді.
Ирем үшін бұл – жай ғана шығармашылық емес, шынайы сапар. Қазақ және түрік тілдеріндегі ән арқылы екі елдің мәдениетін бір арнаға тоғыстыру осы сапардың ажырамас бөлігі екенін айтады.
Ол кейде тіл білуге қарағанда музыка адамдарды тез байланыстырып, екі халық арасындағы эмоция мен сезім бірден жүрекке жететінін айтады. Оған қазақ мәдениетінде музыкадан бөлек, ең қатты әсер еткені – адамдардың қонақжай пейілі мен мейірімі. Бұл Иремнің жүрегіне ерекше жылу сыйлаған. Алдағы уақытта ол қазақша-түрікше аралас жеке әндер шығаруды жоспарлап отыр.
Үлкен арманымның бірі – қазақша-түрікше ортақ музыкалық жобалар жасау және қазақстандық өнерпаздармен дуэт орындау. Мұндай шығармашылық кездесулер екі елдің мәдениетін бұрынғыдан да жақындата түседі. Басты мақсатым – музыка арқылы адамдардың жүрегіне жол тауып, байланыс орнату. Бір күні осы арманымның орындаларына сенемін. Сол сәт өмірімдегі ең ұмытылмас күндердің бірі болады, – дейді ол.
Жас әнші алдағы уақытта өзін әрі музыкалық, әрі мәдени тұрғыдан дамытуға ниетті. Ол қазақ тілін одан әрі жетілдіруге ерекше көңіл бөліп, ең бастысы – екі тілде де шынайылықты сақтай отырып ән шығаруды жалғастырғысы келеді.
Өнер жолында Ирем үшін ең маңыздысы – жүрекке жететін, мәнді-мағыналы туындылар жазу. Ол қазақ және түрік тілдерінде айтылатын әндер арқылы тыңдарманмен кіршіксіз байланыс орнатуды мақсат етеді.