Қазақконцерт әртістері беделді халықаралық би байқауында бақ сынауда

10 Шілде, 21:11 575

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Бірлік» ансамблі Түркияда өтіп жатқан «Алтынқарагөз атындағы 36-шы Дүниежүзілік халық би байқауына» қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ТҮРКСОЙ мен Түркияның Бурса қаласының әкімдігі бірлесе ұйымдастырған байқауға түркітілдес елдердің үздік ұлттық және би ұжымдары қатысады.

«Бірлік» ансамблі байқауда «Қамшыгер», «Жігер», «Күй шашу» атты хореографиялық композицияларды ұсынбақ. Сондай-ақ, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Анель Марабаева «Шара» атты жеке композициясын орындайды.

«Бірлік» ән-би ансамблі – көп ұлтты еліміздің мәдени байлығын паш ететін бірлік пен үйлесімнің нышанына айналған ұжым. Ансамбльдің өнердегі мақсаты – өзара құрмет, бірлік пен татулық сынды құндылықтарды насихаттай отырып, қазіргі қоғамдағы аталған құндылықтардың маңызын мәдениет пен өнер арқылы көпшілікке жеткізу.

Зарина Арман
Бөлісу: