«Қазақфильмге» жаңа мүмкіндік беріледі: Аида Балаева үндеу жасады

17 Қаңтар, 12:52 1583

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық киноиндустрияның дамуы жөнінде видеоүндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құрметті достар, бүгін мен аты аңызға айналған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының айналасында туындаған кейбір мәселелердің басын ашып, тоқталып өткенді жөн көрдім. Бұл ең алдымен, қаржылық, экономикалық, әкімшілік, инфрақұрылымдық сипаттағы жылдар бойы жиналған күрделі проблемалар. Оған бірден бір себеп осы уақытқа дейін киностудияның өзін өзі қамтамасыз етуге, табыс табуға заңдық тұрғыда мүмкіндігінің болмауы. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылдан бері еліміздегі кино түсіру құзыреті заңды түрде Ұлттық киноны қолдау орталығына берілген. Өз кезегінде «Қазақфильм» осы орталық қаржыландыратын жобаларға көппен бірге, жалпы ережеге сәйкес қатысып келді. Нәтижесінде,  байқау талаптарына сай бөлінген қаражат киностудияның тек шығармашылық шығындарына ғана жұмсалып, оның басқа шаруашылық мәселелері назардан тыс қалып отырды. Сөз жоқ, «Қазақфильмнің»  болашағы -  бұл бүкіл отандық киноиндустрияның болашағы. Сондықтан да осы мәселені шешу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі қазіргі таңда нақты шаралар қабылдауда, - деді Аида Балаева.

Біріншіден, питчингтардағы комиссия жұмысының тиімділігі мен ашықтығы, бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді.

Егер бұрындары жобалар мемлекеттік тапсырыс арқылы түсірілген болса, қазір түрлі тақырыптағы сценарийлер байқауын жарияладық. Егер бұрын барлық жобаларды эксперттік бір топ саралайтын болса, енді әрбір кино, деректі фильм, анимация бойынша қатысушылардың өтініштерін жеке сарапшылар тобы бағалайды. Екінші қадам, кино туралы заңға түзетулер енгізу. Атап айтқанда, «Қазақфильмге» фильмдер түсіру, фестивальдар ұйымдастыру, дубляж жасау құқығын және басқа да жаңа мүмкіндіктерді заңды түрде бекіту керек, - деді Аида Балаева.

Үшіншіден, инфрақұрылым мәселелерін шешуді ертеңге қалдырмай бүгін бастау керек.

Қазір екі түсірілім павильонын жаңарту бойынша конкурстық рәсімдер жасалды. Ендігі жерде киностудия инфрақұрылымы мен жабдықтарын жөндеуге қаражат салатын инвестор тарту. Оның міндетіне нысанды толығымен ретке келтіріп, көркейту сынды кешенді жұмыстар кіреді. Ал енді қоғамдық резонансты тудырған жер теліміне келсек, жер телімі мемлекет меншігінде. Ешкімге, ешқандай жағдайда, ешқандай мақсатта берілмейді. Сондықтан бұл жөнінде жалған ақпарат тарату, қандай да бір артық сөз айту орынсыз. Әрине, «Қазақфильмге» қатысты қоғамның жанашырлығы дұрыс әрі орынды. Өйткені, кино ұлттық идеологиямыз бен рухани келбетімізді әлемге әйгілеудің айнымас құралы. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігі үшін «Қазақфильмнің» елімізде ғана емес, халықаралық киноиндустриядағы даңқын қайтару қастерлі міндет және жауапты іс, - деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, Шәкен Айманов атындағы«Қазақфильм» киностудиясының аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптаған. Актер Қуандық Дүйсенбаев осыған наразылық білдіріп, мәселені көтергенін жазған едік.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Aida Balayeva (@aida_balayeva)

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: