Қасиетті Шығыс топырағы әсем табиғатымен де, қатпарлы тарихымен де жан баласын өзіне баурайды. Бір ғана Шыңғыстай ауылының аты жалпыға мәшһүр. Оралхан Бөкейдей қабырғалы қаламгер, сұңғыла суреткер шығып аядай ауылын айдай әлемге танытты. Жазушы туған үй, тұрған құжырасы жақында ғана музейге айналып, шымылдығы түрілді. Енді Оралхан Бөкей шығармасына ынтық оқырман Шыңғыстайға келіп, музейге бас сұғып Оралхан рухына жақындай түседі. Сонымен бірге Шыңғыстайда және бір бармай кетуге болмайтын, жәдігерге толы жер бар. Ол – Әбдікерім болыс Ережепұлы салдырған мектеп. Тарихы тереңде жатқан білім ордасы Алаштың басып өткен қилы жолынан сыр шертеді.
Патшалық Ресей үкіметі губернаторлық басқару жүргізіп тұрған 1898 жылы Шыңғыстай болыстығында 1 мектеп пен 1 мешіт тұрғызуға рұқсат етіпті. Мешіт Өрнек ауылында салынады. Ал мектеп Шыңғыстай ауылында салынып, 1903 жылы 28 қазанда іске қосылып, «Бекбала орыс-қырғыз ауыл мектебі» деп аталады.
©El.kz/Ғылымнұр КӘДІРБАЙ
Әбдікерім Ережепұлы Омбының далалық генерал-губернаторымен тіл табысып, келісімін алып, Шыңғыстай ауылының ортасынан, Қызылқайың бұлағының бойынан, губернатор канцеляриясы бөлген қаржы және өз қаржысы есебінен ауқатты ағайындардың көмегімен 1907 жылы мектептің құрылысын аяқтайды. Осы еңселі мектеп үйін бармағынан өнер тамған 40 ағаш шебері салыпты. Мектептің ашылуы ресми құжаттарда 1908 жылы 22 қараша күні болып тіркеліп, алғашында «Ережеп орыс-қырғыз болыс мектебі» болып аталады. 1911 жылы екінші мектеп ғимараты салынады. Екі мектепте Шығыс өңірінің әр қиырынан білім іздеп келген талапты жастар оқыған.
1922 жылы екі мектеп біріктіріліп «Шыңғыстай мектебі» деп аталады. 1924 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арысы Сейітқали Меңдешовтің есімі беріледі. 1930 жылы «Школа крестьянской молодежи» ШКМ деп аталса, 1934 жылы «Шыңғыстай орта мектебі» деп қайта өзгертіледі. 1955 жылы Абай Құнанбайұлының 110 жылдығына орай хәкім есімі беріледі.
1961-64 жылдары Жошыхан Қасиманов директор болып тұрған тұста мектеп жанынан 60 орындық жаңа интернат және асхана салынады. 1964 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 70 жылдығына орай білім ошағына ақынның есімі беріледі. 1991 жылы Шыңғыстайда заман талабына сай екі қабатты, 540 орындық мектеп ғимараты салынып, пайдалануға беріледі. ҚР Үкіметінің 1999 жылы 21 сәуірдегі № 441 қаулысы бойынша Әбдікерім атындағы Шыңғыстай ота мектебі болып өзгертіледі.
2017 жылы бұрынғы мектеп орнына облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Лұқбек Шабданұлы Тумашиновтың қаржылай көмегімен Шыңғыстай тарихи-өлкетану музейі бой көтеріліп, ел игілігіне беріледі.
©El.kz/Ғылымнұр КӘДІРБАЙ
Іргесі ерте қаланған осы мектептен қаншама мықтылар түлеп ұшты. Сәрсен Аманжолұлы, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров, Әлібек Қаңтарбай сынды ұлттың рухани көкжиегін кеңіткен көптеген тұлғалар алғаш осы мектепте білім алған болатын.
Әбдікерім Ережепұлы 1867 жылы Катонқарағай өңірінде аты алты арыс елге танымал Ережеп қажының отбасында өмірге келген. Әбдікерім молдадан оқып сауат ашып, жастайынан алғыр, өнерге құштар, ел ішінде өлеңші атанған серілігі бар жан болыпты.
Ержеп қажы Әбдікерімнің қасына Мөнекейдің Мұстапасын қосып, Петербургтегі орман шаруашылығы институтына оқуға жібереді. Осы институтта ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың да оқығаны белгілі. Екеуі қатар білім алады. Әбдікерім алдымен дайындық курсын сосын институттың бірінші курсын аяқтаған соң, әкесі Ережептің жаламен істі болып, түрмеге қамалуы себепті одан әрі оқи алмай қалады. Табиғатынан еті тірі Әбдікерім еліне келіп, әкесін қамаудан босатып алады.
Іскерлігі мен қажырлығына, әділетшіл көшбасшылығына, орыс-қазақ тіліне бірдей жеттік сауаттылығына сүйсінген Қаратай елі Әбдікерімді қайтадан оқуына жібермей, әкесінің орнына болыстыққа сайлайды. Жиырма бес жасында атқа мінген Әбдікерім Семей губерниясы Өскемен-Зайсан уезінің Шыңғыстай болысын 25 жыл басқарады. Екі мәрте Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған.
Семей қаласына жиі-жиі ат өксітіп барып, Алаш қайраткерлерімен қою қарым-қатынаста болады. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрағұл Абайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды сол кезде иісі қазаққа белгілі тұлғалармен етене араласады. Жастарды оқытуға, олардың білім алу жолында барын аямайды.
©El.kz/Ғылымнұр КӘДІРБАЙ
1928 жылы саяси қуғын-сүргіннің қысымына шыдамаған Әбдікерім болыс өз әулетін, туыс-туғанын бастап Қытайдың Алтай аймағына көшіп кетеді. Төр Алтайда туған ағартушы, Алаштың бір туар азаматына шекараның арғы жағындағы Өр Алтайдан топырақ бұйырып, сол жақта 1936 жылы қайтыс болады.
«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болған» Сұлтанмахмұт шайырдың ғұмыржолы көпке аян. Ғұмыры аққан жұлдыздай қысқа болған сыршыл ақынның өртенген, сүйген шағы осы Шыңғыстайда қалыпты.
Сұлтанмахмұт «Айқап» журналындағы жұмысынан шығып қалған соң Алаш астанасы Семей қаласына орысша оқу іздеп жол тартады. Бірақ білімін жетілдіруге қаржы таппай, тұрмыстың тауқыметін көріп көп қиналады. Көкірек ауруы да дендеп, ақынның күйін қашырады. Осы тұста жас шайырдың жай-күйін жете ұғынған Әлихан Бөкейханов бір жағы жұмыс істеп қаржы тапсын, бір жағы емделіп денсаулығын түзесін деген мақсатпен Шыңғыстайдағы Әбдікерім болысқа тапсырады. Осылайша 1914 жылдың күзінде болыс ауылында ашылған мектепке мұғалім болып келеді.
©El.kz/Ғылымнұр КӘДІРБАЙ
Бұл сапары жөнінде ақын: «Катонқарағайға кеткенім – ызаға шыдамадым, ең шыны – күн көру үшін кеттім; қолымдағы қаражатым Семейде бір-ақ ай тұруға жететін болды. Семей қанша айтқанмен қалалы, сынды жер ғой, онда кем көрініп жүргенше, қазақ арасына кетейін деп ойладым» деп жазады.
Ақын әсем Алтайға келіп, Шығыс өңірінде алғаш ашылған Шыңғыстай болысындағы Ережеп орыс-қырғыз болыс мектебінде 1914-1915 оқу жылдары сабақ беріп, өзі де сол мектептің майталман ұстаздарынан орыс тілін жетілдіру үшін білім алған. Алтайдың ертегідей сұлу табиғаты, тұмса өлкесі ақынның жүрегін тербейді. Шабытын Бұқтырмадай тасытады. Жаны жеген дертінен құлан-таза айыққандай күйге бөленіп, өлең аспанында қалықтап ұшады. Сұлтанмахмұттың жүрегіне шоқ тастаған көркем Алтайдан бөлек Бағила сұлу болатын.
Ақын Әбдікерім болыстың үлкен қызы, 17 жастағы толған айдай толықсыған Бағила аруға іңкәр болады. Ол туралы Мұзтау мұзбалағы Оралхан Бөкей «Сарыарқаның жаңбыры» атты әңгімесінде егіз ынтық жүректің үнін, қос мұңлықтың тағдырын тамылжытып бедерлеген болатын.
Бағила – би атасы Ережеп пен өз әкесі Әбдікәрімнің ортасында бұлаңдап өскен бұла қыз. Еркелігіне өжеттігі, көркіне ақылы сай. Баянауылдан келген ақын жігітке бірден көңілі елп ете қалмағаны аян. Бірақ екеуі үнсіз тілдесіп, тілсіз ұғынысады. Іштерін шарпыған қып-қызыл өрт бір-біріне ғашық екенін айтып тұрады. Амал не, Сұлтанмахмұттың қолы оған жетпейді. Оған кінәлі жалғыз атты жарлылығы емес қазақтың ескі салты болатын.
Ережеп Бағиланы Қошағашта тұратын ауқатты көпес Бұқабайдың ұлы Ақсолтанға айттырып, құдаласып қойған. Қалыңмалы да төленіп, уәде бекітілген. Енді оны бұзбақ жоқ.
Алаштың асыл ұлы Әлихан Бөкейханның сәлемімен келген жігіттің Әбдікерім болыс бетінен қаға алмас еді. Өзі де оқыған, көреген адам. Бірақ ел ұстаған кісі болғандықтан ағайын арасына іріткі түсіріп, ата салтын бұза алмайды. Енді бар тапқан амалы – тездетіп той қамына кірісу. Бір-бірінен бөлінген екі жастың жүрегіндегі жарасын уақыт емдер, көңілдің қызуы басылған соң бәрі әдепкі арнасын табар деп ойлаған. Бірақ...
Күйкі тірліктің жыртығын жамау үшін Шыңғыстайға келіп еді. Алдынан Алтайдың ақ маралындай Бағила шықты. Шықты да жалт етіп жоқ болды. Бесікте жатқанында-ақ кесіліп қойған тағдыр жазуынан аса алмады. Сұлтанмахмұтта ендігі жерде болыс ауылында аялдай алмасын біліп Зайсан жаққа кетеді. Осылайша қос ғашық бір-біріне жете алмай арманда қош-қош айтады...
Шыңғыстайда мұғалім болған екі жыл Сұлтанмахмұттың өлмес шығармалар жазуына түрткі болады. Бағиланың тағдыры, жүрекке салған қасіреті «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» өлең романдарын, тағы қаншама жырлар жаздырады.
Бағила көңілінің қалауымен ұзатылып бармаған соң ба, жоқ әлде ажалы солай келді ме, кім білсін, көп ұзамай екінші перзентін өмірге әкелу үстінде қайтыс болады. Бұл – 1920 жылы болса керек. Өзі өлгенмен баласы аман қалады. Ал саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған күйеуі Ақсолтанның тағдыры да өз алдына бір дастан...
Көкірегі сырқат, жүрегі жара ақын Сұлтанмахмұттың кейінгі тағдыры қалай болғаны көпке белгілі. Ол да 1920 жылы 21 мамыр күні жанын меңдеген дерттен айыға алмай мәңгілік сапарға аттанады.
Осылайша, Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыс Ережепұлы салдырған мектептің айналасында аңызға бергісіз тарих қалды. Бұл күнде музей болып тұрған осы мектептің алдында жүз жылдық қураған кәрі терек тұр. Бағиланың ып-ыстық көз жасына, Сұлтанмахмұттың көкірегін тілген қайғысына, Алаштың қаншама аймадет ұлдарының алшаң басқан жүрісіне мен куәмін деп тұрғандай...