Қазақ журналистері Астанада түркиялық тәжірибелі медиаменеджерлермен тәжірибе алмасты

5 Қазан 2023, 16:45 1961

Астанада «Түркітілдес журналистер қорының» ұйытқы болуымен және түркиялық тәжірибелі медиаменеджерлердің қатысуымен «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Анталья журналистер одағының төрағасы Идрис Таш бастаған арнайы делегацияның қатарында «Анадолы» агенттігі, «ТРТ» (Түрік телерадиокомпания») сияқты іргелі БАҚ-тың Антальядағы филиалының басшылары мен сайт, басылым редакторлары бар. Кездесуде олар медиа және коммуникация бағытында тың ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызының модераторлығымен шара еркін форматта өтті. Басты мақсат – іскерлік әріптестікті нығайту және тәжірибе алмасу.

Анталья журналистер одағының төрағасы Идрис Таш өткен жылы Түркітілдес журналистер қорымен бірге Анталья журналистер одағы меморандумға қол қойғанын атап өтті. Басты мақсат Қазақстан мен Түркия журналистерінің арасында алтын көпір болу және кәсіби біліктілікті нығайту, тәжірибемен бөлісе отырып алға қадам басу керек екенін тілге тиек етті.

©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Ең бастысы, біз осы жобаның шеңберінде семинар-тренинг өткіземіз және жастармен тәжірибемен бөлісеміз. Қазақстан мен Түркия арасындағы бұл жобаның нәтижесінде біз журналистер екі елді бір-біріне танытамыз және Түркиядан Қазақстанға, Қазақстаннан Түркияға баратын туристер санын арттырамыз. Бастысы, бауырлас елдің әріптестерімен бірге жұмыс істейміз. Осындай жобаның арқасында Түркиядан Қазақстанға келетін инвесторлар саны артып, инвестиция көлемі өсетініне сенімім мол, – дейді Анталья журналистер одағының төрағасы Идрис Таш.

Сондай-ақ ол Қазақстанға бұл алғашқы сапар екенін осы жолы Анталья журналистер одағы құрылтайшыларымен бірге келгенін айтты. Бұдан кейін басқа әріптестерін әкелуге дайын екенін жеткізді.

Бүкіл әлемдегі сияқты журналистика қазір жаңа медиаға бет бұрған. Заманауи ақпараттық технологиялардың дамуы нәтижесінде медиада жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Әрбір елдің медиасында кемшін тұстарымен қатар жетістіктері де бар. Сіздермен бірге осы мәселелерді талқылай отырып, оны жоюға күш саламыз, – деді Анталья журналистер одағының төрағасы Идрис Таш.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, қордың басты мақсаты – Анталья журналистер одағымен бірге меморандум аясында Қазақстанға тәжірибелі журналистерді әкелу және семинар-тренингтер өткізу, масс-медиа, журналистикаға қатысты мәселелерді ортаға салу.


©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Түркияға қазақ журналистерін тегін сапарға апарамыз. Биыл тамыз айында Қонаев қаласында бірінші халықаралық медиа және туризм форумын өткіздік. Енді желтоқсан айының 3-4-інші жұлдызында Алматыда үшінші түркітілдес журналистер медиа форумын ұйымдастырғалы отырмыз. Анталья журналистер одағымен біздің әріптестік қарым-қатынасымыз осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Семинар барысында Қазақстанда талқыланып жатқан масс-медиа туралы заң жобасына қатысты олардың пікірін білу және тәжірибе алмасу. Бұдан кейін біздің Еуропаға, Түркияға сапарымыз бар. Әсіресе аймақтағы қазақ журналистерге арналған сапарымыз жалғаса береді, – деді «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еліміздің туризмін дамыту бойынша бірқатар тапсырма берген еді. Бұл бағыт бойынша бүгінде «Түркітілдес журналистер қоры» Анталья журналистер одағымен бірге жасаған меморандум нәтижесінде Қазақстан туризмін дамытуға үлес қосып отыр.

©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ

Еуропадан, Түркиядан келген әрбір шетелдік журналистер өз еліне барғаннан кейін елімізді насихаттау және көрсету арқылы сол елдің тұрғындарының қызығушылығын арттырады. Ал шетелдік туристер Қазақстанға келуге талпынады, – дейді Нәзия Жоямергенқызы.

Семинар-тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: