"Қазақ үшін дипломатиядан басқа жол бар ма?". Депутат сыртқы саясаттың маңызына тоқталды

3 Қаңтар, 15:00 1103

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Президент сұхбатына қатысты пікір білдіріп, саяси жағдайда дипломатияның маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек! Бұл дәуірде қазақ үшін дипломатиядан басқа жол бар ма? Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның геосаяси жағдайын ескере отырып, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстану керектігін айтты. Сондықтан Қазақстан Республикасы сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанады. Бұл бейбітшілік, тепе-теңдік және прагматиканы сипаттайды, - деп жазды Олжас Құспеков Instagram парақшасында.

Сонау Орталық Азия тарихындағы маңызды сауда және мәдени жолды білдіретін Ұлы Жібек жолы халықаралық қатынастың өзара тиімді болатындығының айқын дәлелі. Ұлы Жібек жолы әртүрлі өркениеттерді байланыстыратын және тауарлар, идеялар мен мәдениет алмасуға мүмкіндік беретін сыртқы халықаралық қатынастардың негізгі элементі болды.

2024 жылы елімізде бірқатар өкілді саммиттер мен форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше халықаралық ұйымдарға: Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымына төрағалық етеді. Егер Ұлы Жібек жолы мәдениет пен сауданы дамытса, бұл ұйымдар өзара көмек пен қолдау көрсетуге бағытталған және біз абыроймен қызметімізді атқарып келе жатқанымызға сенімдіміз, - дейді мәжілісмен.

Айта кетерлік жайт Қаңтар оқиғасында ҰҚШҰ үлкен қолдау көрсеткен ұйымдардың бірі. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай еліміздің күші - бірлікте, парасаттылық пен толеранттылықта. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деген қазақтың қара сөзінде айтылғандай, сыртқы саясаттың беріктігі мақсатында Қазақстан көрші елдермен қарым-қатынасын нығайта түсірмек.  Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық әріптестік рухында белсенді дамып келеді. Ал Ресей Қазақстанның басты стратегиялық әріптесі әрі одақтасы, - деп пікірін бөлісті.

20 миллион қазақстандықты қол ұстатып шекара шебіне қойсақ, адам саны жетпесі анық.

Осы аталарымыздан қалған аманат жер, дүниеде 9 орынды иеленген ұлан ғайыр атырабты сақтап қалып, ұлт мүддесіне жұмыс істеу үшін елдің экономикасын ары қарай дамытуға сыртқы саясатта  дипломатиялық, достық, экономикалық мүдделілікті сақтау арқасында ғана жетуіміз сөзсіз, - деп жазды депутат.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: