Қазақ тілінің шетелдегі мәртебесі қандай?

23 Мамыр, 13:19 3211

Қазақ тілінің шет елдердегі мәртебесі – этникалық қазақтар үшін өзекті мәселелердің бірі. Әлемнің әртүрлі елдерінде шамамен 5 миллионға жуық этникалық қазақтар тұрады, олардың көпшілігі Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстанда шоғырланған. Бұл мақалада қазақ тілінің құқықтық және институционалдық аспектілеріне талдау жасап, шетелдердегі қазақ диаспорасының тілдік жағдайын зерттейміз. Қазақ тілінің сақталуы мен дамуына әсер ететін факторлар, осы бағыттағы қиындықтар мен оларды шешу жолдары қарастырамыз.

Шетелдегі қазақтардың саны

Қытай Халық Республикасында 2020 жылы жүргізілген жетінші халық санағының нәтижесі бойынша, қазақтардың саны 1 562 518 адамды құрады. Бұл жалпы халық санының 0.11%-ы. Өзбекстан Республикасында Мемлекеттік статистика комитетінің 2021 жылғы мәліметі бойынша қазақтардың саны 821,2 мың адамды немесе жалпы халық санының 2,37%-ын құрайды. Ресей Федерациясында 2020 жылғы халық санағының деректеріне сәйкес, қазақтардың саны 591 970 адамды құрады, бұл жалпы халықтың 0.40%-ы. Моңғолияда 2020 жылғы ұлттық халық санағының деректеріне сәйкес, 120 999 қазақ тұрады, бұл жалпы халықтың 3,8%-ын құрайды. Қырғыз Республикасында Ұлттық статистика комитетінің 2022 жылғы мәліметіне сәйкес 36 854 этникалық қазақ тұрады.

Басқа елдердегі қазақтар (ресми және бейресми мәліметтерге сәйкес):

Құқықтық аспектілер – заңдар мен ережелердің негізінде шешімін табатын мәселелердің кілті. Әр елде қазақ тілінің мәртебесі сол елдің ұлттық заңнамаларына сәйкес реттеледі. Мысалы, Қытай Халық Республикасында (ҚХР) этникалық азшылықтардың тілдерін қорғауға және қолдануға қатысты заңнамалар бар. ҚХР Конституциясының 4-бабында мемлекет этникалық азшылықтардың құқықтарын қорғау және олардың мәдениеттерін, тілдерін дамытуға жағдай жасау міндетін атап өткен. Сонымен қатар, «Ұлттық автономия туралы» Заңында ұлттық автономиялы аймақтарда этникалық азшылықтардың тілдерін білім беру және әкімшілік басқару салаларында қолдануға мүмкіндік береді. Алайда, нақты қазақ тілінің статусы туралы айқын емес. Қытайда қазақ тілі негізінен Іле-Қазақ автономиялық облысында және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданда қолданылады.

Ал Өзбекстан Республикасы Конституциясының 4-бабында өзбек тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленгенімен, ұлттық азшылықтардың тілдерін, әдет-ғұрыптарын және дәстүрлерін құрметтеу міндеттемесі де көрсетілген. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңында өзбек тіліне мемлекеттік мәртебе беріле отырып, басқа ұлттардың өз ана тілдерін қолдану конституциялық құқықтары шектелмейтіні жазылған. Өзбекстандағы қазақтар үшін бұл заңнамалық қорғау қазақ тілін білім беру және мәдениет салаларында қолдануға мүмкіндік береді.

Моңғолия Конституциясының 8-бабында монғол тілі мемлекеттік тіл болып бекітілгенімен, ұлттық азшылықтардың өз ана тілдерінде білім алуға, қарым-қатынас жасауға және мәдениет, өнер, ғылым салаларында даму мүмкіндігіне кедергі келтірілмейтіні айтылған. Монғолиядағы қазақтар, негізінен, Баян-Өлгий аймағында шоғырланған және қазақ тілін кеңінен қолдануға мүмкіндік бар.

Ресей Федерациясы Конституциясының 68-бабында орыс тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген, бірақ Ресей барлық халықтарының ана тілін сақтауға, үйренуге және дамытуға жағдай жасау құқығын кепіл ететіндігі көрсетілген. Сонымен қатар, «Ресей халықтарының тілдері туралы» Заңы қабылданған. Ресейдегі қазақтар көбінесе Астрахань, Орынбор, Омбы және Алтай өңірлерінде тұрады және жергілікті деңгейде қазақ тілін қолдануға мүмкіндіктері бар.

Қытай, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейде қазақ тілінің статусы заңмен белгілі бір деңгейде қорғалған. Әр елдің заңнамаларында этникалық азшылықтардың тілдерін қорғауға және қолдануға қатысты баптар бар. Дегенмен, бұл құқықтардың жүзеге асырылуы әртүрлі және кейбір елдерде қазақ тілінің қолданылу аясы шектеулі.

Институционалдық аспектілер – білім беру, мәдени орталық, қоғамдық ұйым, медиа ресурстар арқылы тіл мен мәдениетті сақтау жолы.

Қазақ тілінде білім алу – тілдің өміршеңдігі мен болашаққа бастар жолы. Моңғолия Білім министрлігі Инклюзивті білім беру бөлімінің маманы Сандуғаш Харий елдегі қазақ тіліне байланысты қалыптасқан ахуал туралы айтып берді.

Моңғолия «Тіл туралы» Заңының 13-бабы 4-тармағында: «Егер оқушылардың басым бөлігі басқа тілде сөйлейтін ұлт болса, оқыту екі тілді бағдарламада жүргізіледі және қос тілді бағдарламаның мазмұны бекітіледі» десе, 13-тармақтың  1.5-бөлімінде «Аз ұлт өкілдерінің моңғол тілінде және ана тілінде білім алуына, мәдениеті мен әдет- ғұрпын сақтап қалуына, ғылыми қызметпен айналысуына жағдай жасау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру құқығы бар» делінген. Сондай-ақ «Білім туралы» Заңының 7.1-тармағында «Оқушылардың басым бөлігі өзге ұлт балалары болса, балабақша және бастауыш білім беру жұмысын олардың ана тілінде ұйымдастыру» құқығы белгіленген. Бұл мүмкіндіктерді қазақтар көп қоныстанған Баян-Өлгей аймағы қолданып жатыр. Бүгінде аймақтағы 45 мектептің 39-ы бастауыш сынып (1-5 сыныптар) оқытуды толықтай қазақ тілінде жүргізеді. Алтыншы сыныптан бастап қазақша тек қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндері өткізіледі, оныншы сыныпта қазақ тілінде ешқандай сабақ жоқ. Балабақшалар саны – 58, және барлық балабақшалар қазақ тілінде жұмыс жүргізеді, кейбірінде моңғол балаларға арналған топтар бар, - дейді Сандуғаш Харий.

Өзбекстанда 7 тілде оқытылатын мектептер бар, олардың бірі – қазақ тілі. 2021-2022 оқу жылында оқушыларға қазақ тілінде білім беретін аралас мектептердің саны 365, ал тек қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 144 болды. Бұл мектептердің саны жыл сайын азайып келеді. Статистика комитетінің дерегі бойынша 2018 жылы – 153, 2019 жылы – 152, 2020 жылы – 149 толық қазақ тілінде оқытатын мектеп болған. 2021-2022 оқу жылында қазақ тілінде оқитын оқушылар саны 54 мыңды құраған. Бұл тенденция қазақ тіліндегі білім беру мекемелерінің тұрақтылығы мен сапасына қатысты мәселелерді көрсетеді.

Ресейде қазақтар көп шоғырланған өңірлерде, мысалы, Қосағаш және Омбы қалаларында қазақ тілі бірнеше мектептерде негізгі пән ретінде және кейбірінде факультатив ретінде оқытылады. Бұл аймақтардағы мектептерде қазақ тілінің оқытылуы, негізінен, жергілікті қазақ диаспорасының сұранысына байланысты. Бірақ жалпы алғанда, Ресейдің барлық өңірлерінде қазақ тілінде оқытатын мектептер саны шектеулі және қазақ тілінде толыққанды білім алу мүмкіндіктері аз.

Бүгінде Омбы облысының он шақты мектебінде қазақ тілі пән ретінде енгізілген. Ал Омбы қаласында 2024 жылдың қаңтар айынан бастап N100 орта білім беру мектебінде қазақ тілі пәні өткізіле бастаса, қыркүйек айынан бастап N130 орта мектепте өтетін болады. Жалпы мектептерде қазақ тілі пән ретінде өтуі үшін ата-аналар тарапынан білім беру мекемесіне өтініш жазуы керек, - дейді Ресейдегі «Омбы қазақтары» ұйымының жетекшісі Торғын Ашенова.

Шетелдердегі мәдени орталықтар мен қауымдастықтар – ұлттық мәдениеттің жүрегі және рухани тірегі. Шетелде 200-ден аса қазақ ұйымдары мен мәдени орталықтар бар. Оның ішінде, Ресейде 100-ден аса қазақ ұйымдары, Өзбекстанда республикалық деңгейдегі қазақ ұлттық мәдени орталығы мен оның өңірлердегі филиалдары, Моңғолияда 10-ға жуық және қазақтар тұратын барлық елдерде дерлік қазақ ұйымдары жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – қазақи құндылықтарды, оның ішінде қазақ тілі мен дәстүрлерін үйретіп, болашақ ұрпаққа сақталып жетуіне және одан әрі дәріптелуіне қолдау көрсету. Олар жергілікті билік, түрлі гранттық конкурстар мен демеушілер тарапынан қаржыландырылады. Сонымен қатар шетелдегі отандастармен тікелей жұмыс істейтін ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ оларға мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді.

Шетелдегі қазақ тілді медиа – қазақтардың үні мен болашаққа бағыт беруші шамшырағы. Моңғолияда «Kaznews.mn» ақпараттық порталы (2011 жылы құрылған), «Алтай news» (2021 ж.) және «Жаңа дәуір» (1941 ж.) газеттері, «Шұғыла» (1957 ж.) және «Ару жұлдыздар» (2006 ж.)  журналдары, «Дербес ТВ» телеарнасы (2011 ж.) мен Баян-Өлгей аймағы қазақ радиосы (1965 ж.) бар.

Өзбекстанда «Нұрлы жол» республикалық газеті (1991 жылы құрылған), «Тамды шаруагері» (1935 ж.), «Кенимех таңы» (1930 ж.), «Үшқұдық» (1989 ж.) аудандық газеттері, Өзбекстан телерадиокомпаниясының «Navoyi» арнасында апта сайын шығатын «Жастық шақ» және айына бір рет шығатын «Дидар» бағдарламалары бар. Сонымен қатар «UZA» халықаралық ақпарат агенттігі тоғыз тілде, оның ішінде қазақ тілінде ақпарат таратады. «Янги Узбекистон» газетінің ресми веб-сайтында да қазақ тілінде ақпарат таратылады.

Ресейде Омбы қаласында 2009 жылдан бастап ай сайын «Омбы қазақтары» газеті және Қосағаш ауданында 1991 жылдан бастап апта сайын «Шүйдің нұры» газеті (соңғы екі беті таза қазақ тілінде) шығады.

Түркияда «Қазақ елі» журналы 2016 жылдан бері шығады. Журнал 2023 жылы «Үздік халықаралық БАҚ» номинациясы бойынша «URKER 2023» ұлттық сыйлығын иеленді. Сондай-ақ Түркияның «TRT» ақпарат агентігі қазақ тілінде де ақпарат таратады.

Иранда «Pars Today» сайты қазақ тілінде ақпарат таратады. Ал Ирандағы қазақ радиосы осыдан үш жыл бұрын күніне 1 сағат тікелей эфирге шығып тұратын. Содан кейін parstoday.ir/kz сайтында онлайн-радио болып жұмыс атқарды. Ал қазір тек осы сайтқа жаңалықтарды парсы тілінен қазақшаға аударып қоюмен шектеліп қалды.

Қазақстан шетелдегі отандастарына тілді сақтауына көмек көрсетіп жатыр ма?

Шетелдегі отандастармен байланыс орнатуға жауапты мекеме ретінде ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты "Отандастар қоры" КЕАҚ жұмыс істейді. Оның басты мақсаты - мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету. Бүгінде Отандастар қоры әлемнің 40-қа жуық елдеріндегі 200-ден аса қазақ ұйымдарымен байланыс орнатқан. Жыл сайын онлайн форматтағы қазақ тілі курстары, ұлттық құндылықтарды үйрететін үйірмелер, шығарамашылық байқаулар мен этникалық қазақ балаларына арналған жазғы этно-лагерді ұйымдастырады. 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Түркия, Ресей,  АҚШ, Моңғолия, Франция және Аустрияда 7 офлайн-сыныпта отандастарымыз қазақ тілін үйреніп жатыр. Орталық сонымен қатар шетелде қазақ тілін үйрететін мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша курстарды өткізіп келеді. 

Тілдік ассимиляция және тілдің жоғалу қаупі

Шетелдегі қазақтардың басқа тілдерге ассимиляциялану үрдісі және бұл процесстің қазақ тіліне әсері күшейген. Әлемнің көптеген елдерінде қазақтардың жаңа буыны ана тілін ұмытып, жергілікті тілде сөйлесуге бейімделіп барады. Бұл ассимиляция процесі қазақ тілінің жоғалу қаупін туғызады. Әсіресе, кіші және орта буын өкілдері арасында бұл үрдіс байқалады.

Қазақ тілін сақтап қалу және дамыту үшін қандай шаралар қабылдануы қажет? Мемлекетаралық ынтымақтастық, мәдени алмасу бағдарламалары, қашықтан оқыту жүйелері. Қазақстанның шетелдердегі қазақтарға арналған арнайы бағдарламалары, мысалы, қазақ тілін оқыту курстары, мәдени шаралар ұйымдастыру арқылы қазақ тілін сақтап қалуға және дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, шетелдегі қазақ мектептері мен мәдени орталықтарға Қазақстанның материалдық және әдістемелік қолдау көрсетуі маңызды рөл атқарады.

P/S: Қазақ тілінің шетелдердегі мәртебесін арттыру үшін құқықтық және институционалдық аспектілерге назар аудару қажет. Қазақ диаспорасының ұлттық бірегейлігін сақтап қалу үшін қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту маңызды. Бұл бағытта жасалатын жұмыстардың маңызы зор. Мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту, мәдени алмасу бағдарламаларын іске асыру, қазақ тілінде білім беру мен мәдени іс-шараларды қолдау арқылы қазақ тілінің халықаралық деңгейде сақталуына ықпал етуге болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: