Қазақ тілінің өркен жайып, кең қолданыс табуы мүмкін бе?

16 Қазан 2023, 15:10 2536

Күн өткен сайын мемлекеттік тілге деген сұраныс артып келеді. Президенттің өзі де бірнеше рет мәлімдеме жасады. Осы ретте мемлекеттік тілді дамытуға қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңызы зор екені айтылады. Жақында бұл мәселе Ақорда да талқыланды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Президент қабылдауына барғанда мемлекеттік тілге дамытуға қатысты қандай мәселелер көтергенін жеткізді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Президенттің қабылдауында болдым. Қасым-Жомарт Кемелұлына тілді тиісті биігіне шығару үшін бізге нақты шаруа, сала-сала бойынша нәтиже беретін тұрақты жобалар қажеттігін айттым. Президентті «Қазақ тілі» қоғамы аясында дайындалған осы бағыттағы ұсыныстармен танысып, қолдау білдірді, өз ойларын айтты. Жалпы тілдік ахуал, тілдің дамуына қатысты көп мәселелер сөз болды. Президент тіл жанашыры ретінде жаңа қырынан танылды. Балалардың тілі қазақша шықпай, шықса да дұрыс шықпай жатқандығын, қазаққа тән төл дыбыстау жүйесі, тіл тазалығы бұзылып жатқандығын мысал келтіре отырып алға тартты, – дейді  Рауан Кенжехан.

Президент баланың тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға және маман болып қалыптасуына, еркін дамуына қажет мазмұн қоры керек екендігін және латынға көшерде мұны да ескеру қажеттігін тілге тиек еткен екен.

Латынға көшуге қатысты пікірімді сұрады. Кейбір дыбысқа таңба таңдауға қатысты өз ойын айтты. Қалам алып, латын әріптермен біраз сөз жазып көрсетті. Қысқасы, Президент тіл мәселесіне терең бойлаған, қазақ тілінің өркен жайып, кең қолданыс табуына шын ықыласты тіл жанашыры, – дейді «Қазақ тілі» қоғамының президенті 

Қазақ тілді аудитория саны артып келеді

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО» КеАҚ «Абай институты» бөлімінің жетекшісі Айгүл Орманова бүгінгі таңда қазақ тілді аудитория кеңіп, қазақ тілді контент саны көбейіп жатқанын айтты.

Рауан Кенжехан ұлттық аударма бюросын басқарып тұрған уақытта грамматикаға негізделген қазақ тілі оқулығы жарық көрді. Сол оқулық бойынша өзім сабақ өткіземін. Бұл мәселе бойынша бұрынғыдай қиындық жоқ. Отандық және шетелдік мекемелер мен ұйымдармен серіктестік орнату арқылы бүкіл әлем бойынша қазақ тілін насихаттау, қазақ тілінің халықаралық деңгейде беделін арттыру, қазақ мәдениетімен, руханиятымен таныстыру, шетелдердегі қазақ диаспоралары мен ирреденттері үшін қазақ тілін меңгеруді ілгерілету, тереңдетуге және Абайдың шығармашылығы мен идеяларына арналған іс-шаралар ұйымдастыру біздің мақсатымыз, – дейді ол.

Бүгінде Абай институты 2020 жылы әлемнің 5 мемлекетінде 100-ге жуық қазақ тілін үйренушіге қазақ тілін үйреткен. Ал 2021-2020 жылдары бұл сынып саны 10-ға дейін артып, тыңдаушылар саны 200-ден асты. Бүгінгі күні Абай институты Ресейдің Омбы қаласында орналасқан «Омбы қазақтары», Астрахан қаласындағы «Астрахан қазақтары» ұйымдарымен, Моңғолияның «Алаш Моңғолия» ұйымымен, Түркияның Ыстамбұл қаласындағы «Қазақ-Түрік қоры» қоғамымен, Анкараның «Көк Ту» қоғамымен, Францияның Париж қаласындағы «Әлем» қазақ қауымдастығымен, Австрияның Вена қаласындағы «Қазақ мәдениеті» қоғамымен жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ 2020 жылдан бері Иран Ислам Республикасындағы қазақтар көп шоғырланған қаласы Горган қаласында да, Венгирияның Будапешт қаласында да қандастардың сұрауы бойынша офлайн сыныптар ашылып, 40- қа жуық қандасымыз қазақ тілін үйренді, – дейді «Абай институты» бөлімінің жетекшісі Айгүл Орманова.

Бүгінде Абай мен Шәмшінің әндерін тамылжыта шырқап жүрген  Денис Яковлев қазақ тілін аз уақытта меңгеріп алған. Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлеуге тырысатынын және қазақ тілін одан әрі жетілдіруге әскери ортасы септігін тигізгенін айтты.

Тілдің арқасында өмірімде көптеген өзгерістер болып, қазақ тілді тыңдармандардың аясы кеңіді. Адамның ынтасы болса, кез келген тілді оңай үйренуге болады. Бала кезімнен қазақ әндерін шырқап жүрдім. Әсіресе, мектепте қазақ тілі сабағын жақсы оқыдым. Барлығы әскерде қызмет етуден басталды. Ұжымда қазақ тілін одан әрі жетілдірдім. Сөздерді жаттап, өз-өзімді тексере бастадым. Ең бастысы қазақша сөйлеуге тырысу керек, – дейді Денис Яковлев.

Оның домбырамен ән айтуға деген қызығушылығы артып, бүгінде «Екі жирен», «Балқадиша», «Ай бозым», «Ақ бақай» секілді әндерді нақышына келтіре орындап жүр. Ол жай ғана әнші емес - қазақтың мәдениеті мен әнін бойына сіңірген талантты азамат.

Латын әліпбиі арқылы қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі артады

Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 8 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді.

Тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Гүлфариза Мұқан елімізде тіл саясаты мәселелері бойынша жыл сайын әлеуметтік зерттеу жүргізілетінін, зерттеу нәтижесі бойынша халықтың қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы көрсеткіш деңгейі 84,4 пайызды құрағанын атап өтті.

Қоғам латын графикасына көшуді күтіп отыр. Бұл қазіргі заман талабы. Халықаралық тәжірибені ескеретін болсақ, кез келген елде тіл реформасы бірден іске аспаған, міндетті түрде ұзақ мерзімді талап етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі қарау үшін лингвист-ғалымдарға тапсырма берді. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі тиянақты, жан-жақты болуды талап етеді, – дейді ол.

Сондай-ақ, спикер латын әліпбиіне көшу заман талабынан туындап отырған қажеттілік екенін және латын ғылым мен техниканың тілі екенін айтты.

Олай дейтініміз, дүниежүзі халықтарының жартысына жуығы латын графикасын пайдалана отырып, ортақ инновациялар мен технологиялар тілін меңгеріп, озық тәжірибелермен алмасып келеді. Ғылымдағы терминдер мен атаулар, формулалар осы әліпбиде жарық көреді. Барлық халықаралық ұйымдардың жұмысы осы әліпби арқылы жүзеге асырылады. Мәселен халықаралық пошта, халықаралық автомобиль, теңіз, авиация қатынастары латын әліпбиінде. Латын әліпбиіне көшу тілімізді сол арқылы қоғамды ғылым мен технологияның жаңалықтарына жақындатады. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі артады және тіліміздің табиғатына сай жазу реформасы жүргізіледі, – дейді тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Гүлфариза Мұқан.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: