Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Назарбаев университетінде «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жиынға Үкімет мүшелері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен тіл саясатына жауапты мамандар мен білім басқармаларының өкілдері онлайн форматта қосылды.
Конференция барысында қазақ тілінің ғылым мен технологиядағы болашағына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақша мәтінді дыбысқа айналдыратын TTS (Text-to-Speech) жобасын таныстырды.
Бұл бастама – қазақ тілін заманауи ғылым мен технология кеңістігіне енгізудің үлкен қадамы. Қазақша дыбыс моделі жақын күндері халықаралық Hugging Face платформасында жарияланады. Бұл – қазақ тілінің әлемдік жасанды интеллект экожүйесінде өз орнын алуының бастамасы, – деді ол.
Диана Орынбасар, El.kz
Сонымен бірге Рауан Кенжеханұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға арнаған құттықтауын ерекше атап өтті.
Президенттің құттықтауы – тіл жанашырларының бәріне арналған қолдау. Бүгінгі таңда қазақ тілінің ең үлкен қолдаушысы – мемлекет басшысы екенін ашық айтуымыз керек, – деді.
Конференция аясында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп, «Ұлттық диктант» жобасын ресми түрде іске қосты.
Диана Орынбасар, El.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа жобаның ерекшелігін атап өтті:
Ұлттық диктант бұрын да өткізілген. Бірақ қазір біз оны жаңа форматта енгізіп жатырмыз. Бүкіл мектептер мен жоғары оқу орындарында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады. Әрине, тілдің болашағы – цифрлық кеңістікте. Егер кез келген тіл жасанды интеллект дәуірінде тірі қалғысы келсе, цифрлық форматқа бейімделуі қажет, – деді министр.
Диктант офлайн және онлайн түрде ұйымдастырылып, кез келген азамат қатыса алады. Онлайн нұсқасы www.til.kz сайтында қолжетімді. Қатысушыларға электронды алғыс хат пен KITAP платформасына тегін жазылым ұсынылады.
Конференцияның ресми бөлігінен соң қатысушылар түгелдей «Ұлттық диктант» жазды. Диктант мәтінін белгілі диктор Қымбат Досжан оқыды. Қатарға министр Саясат Нұрбек, Мәжіліс депутаты Максим Рожин және қоғам төрағасы Рауан Кенжеханұлы да қосылып, өз білімін сынады.
Диктантты соңғы рет мектепте жазған едім. Бүгін, өз пайымдауымша, төрт қате жібердім. Өзіме «үш» деген баға қоямын. Жалпы осындай жобалар көп болуы тиіс. Өйткені диктант жазатын жастардың қатары азайып барады. Бұл сауаттылыққа тікелей әсер етеді. Мәжілістегі әріптестеріме де қатысуға кеңес беремін, – деді депутат Максим Рожин.
Диана Орынбасар, El.kz
Жоба қорытындысы жыл соңына дейін жарияланып, бұдан былай дәстүрлі түрде өткізілмек.