Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Брифингте ауылдарға қалаларға қарағанда аз көңіл бөлінеді деген қоғамдағы пікір де қозғалды. Осы мәселеге қатысты El.kz интернет порталының тілшісі облыс әкімінен нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
Әкімнің айтуынша, ауыл инфрақұрылымына қатысты түйткілдердің бар екені жасырын емес. Дегенмен соңғы жылдары ауылдарды таза ауыз сумен толық қамту, жолдарды жөндеу, интернет пен әлеуметтік нысандар салу бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Ең алдымен ауыз су мәселесі шешілген.
2023 жылы ауыл тұрғындарының небәрі 80 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған еді. Ал бүгінгі күні бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті, – деді Құмар Ақсақалов.
Жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Облыс әкімінің сөзінше, соңғы үш жылда ауылдарға баратын 183 жол қайта жөнделген. 2023 жылдың басында барлық аудан әкімдеріне бұл бағытта нақты тапсырма берілген.
Үш жылдың ішінде ауыл көшелері мен жолдары жөнделді. Қазір жарықтандыру деңгейін 97 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын қоса есептегенде ауылдық жерлерде шамамен 60 жаңа әлеуметтік нысан салынды, – деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек, цифрлық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда Қостанай облысындағы 492 елдімекеннің шамамен 76 пайызы 4G мобильді интернетпен қамтылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Кәсіпкерлікке ниетті ауыл тұрғындарына да қолдау көрсетіліп жатыр. Облыс әкімінің айтуынша, бизнеспен айналысамын деген азаматтарға жеңілдетілген кредиттер беру қарастырылған.
Сондай-ақ баспасөз конференциясында қоныс аударушылардың жергілікті ортаға бейімделуі және әлеуметтік шиеленістің алдын алу мәселесі де сөз болды. 2016 жылдан бері Қостанай облысына оңтүстік өңірлерден және қандастар қатарынан 9 мыңнан астам адам қоныс аударған. Олардың 98 пайызы жұмыспен қамтылған.
Қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшаларды көбейтуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қоныс аударушыларға бизнес ашу үшін кредит беруге де дайынбыз, – деді Құмар Ақсақалов.