Қазақ тілін үйретуде мәжбүрлеуге жол берілмеуі керек – Павлодар облысының әкімі

14 Сәуір 2023, 16:56 862

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл туралы Железин ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтты. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Әкім өңірде мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың аздығын алға тартып, бұл олқылықты жоюға ақсақалдардан көмегі керегін айтты. Аймақ басшысының айтуынша, аудандағы мектептерде мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 15 пайызға да жетпейді. 

– Бізге рухани азық қашан да керек. Біз ауылдарды аралап жүргенде мектептерге, шағын орталықтарға барамыз. Кеше Веселая роща ауылына барғанда 157 оқушыдан 20 оқушы ғана мемлекеттік тілде оқиды екен. Ал ауданның халық санын қарап едім, толықтай басқа ұлттар тұрады деп айта алмаймын. Көбіне өзіміздің қаракөздер тұрады, – деді Асайын Байханов.

Дей тұрғанмен мәбүрлеуге жол жоқ екенін де тілге тиек етті. Әкім мемлекеттік тіл насихаты әдептілікпен жүзеге асу керектігін айтты.

– Ақсақалдардан мемлекеттік тілді насихаттауды сұраймыз. Бұл жерде мемлекет тарапынан мәжбүрлеуге ешқандай жол берілмеуі керек. Тек әдептілікпен, әдемілікпен насихатталуы тиіс. Сондықтан бірге жұмыла жұмыс жасайық. Сіздер де көмектесіңіздер, – деді Асайын Байханов.

EL.KZ
Бөлісу: