Қазақ тілін өзгелерге үйреткім келеді - Рашид Есламов

13 Тамыз, 12:00 536

Қазақ тіліне деген сұраныс күн санап артып келеді. Оған қазақ тілді аудиторияның көбеюі, әлеуметтік желілердегі қазақ тілді оқырман санының артуы, шетелдіктердің ана тілімізге деген қызығушылығы дәлел болып отыр. Қазіргі таңда елімізде қазақ тілінің кеңенің таралуына өз үлесін қосып жүрген азаматтар бар. Соның бірі әлеуметтік желі арқылы қазақ тілін өзгелерге үйретіп жүрген Рашид Есламов. Бүгінгі сұхбатта кейіпкермен танысып, оның ана тілімізді насихаттап жүргендегі мақсаты жайлы әңгімелестік.

Рашид Есламов Қостанай облысында, Ұзынкөл ауданы Новопокров ауылында туып өскен. Жасы 30-да.

Жетінші сыныпқа дейін Новопокров ауылында оқыдым. Сөйтіп, 8-сыныпқа өткенімде Ұзынкөл ауданының орталығына көшіп келдім. 11-сыныпты сол жерден аяқтап, Қостанайда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне заңгер мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуымды 2015 жылы қызыл дипломмен бітірдім, - деді ол.

Қазіргі таңда кейіпкеріміз Алматы қаласында тұрады. Мамандығы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай бөлімшесінде 5 жыл бойы жұмыс істеген. Бүгінде ол маркетинг саласында жүр.

Рашидтың әкесі қазақ, анасы жартылай орыс, жартылай неміс болғандықтан, оның сыртқы келбеті ерекше. Сол себепті де болар көбісі кейіпкерімізді өзге ұлт өкіліне ұқсатады.

Мен метиспін. Өзімді қазақпын деп санаймын. Ата-анам  дінді таңдау құқығын маған берген. Аллаға шүкір, мұсылманмын, - деді ол.

Кейіпкеріміз ата-әжесінің арқасында үш жасына дейін таза қазақ тілінде сөйлеген.

Орыс тілін тек төрт жасымнан бастап үйрендім. Алайда айналамдағы адамдардың көбісі орыс тілді болғандықтан, мектепті, университетті орыс тілінде оқыдым. Оқу орындарында қазақ тіліндегі іс-шаралардың жүргізушісі болдым, - деді ол.

Бүгінде Рашид өзінің қазақ тілі деңгейін жоғары көтеруге тырысады. Осылайша бұл тілді өзгелердің де үйренуіне септігін тигізіп жүр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Rashid Yeslamov (@rashid_yeslamov)

Әлеуметтік желідегі блогымды көбіне қазақ тілінде жүргізуге тырысамын. Сөйтіп, қазақ жастарының өзінің ана тілі мен мәдениетін ұмытпауына, қазақтың салт-дәстүрі мен тілін шетелдіктерге танытып, олардың елімізге деген сүйіспеншілігін оятуға бар күшімді саламын, - деді Рашид Есламов.

Рашидтың сыртқы келбеті қазақтарға қатты ұқсамайтындықтан, ол бұл мүмкіндікті оңынан пайдалануды жөн көрген.

Менің сыртқы келбетіме қатысты бейнероликтерім Instagram, TikTok, YouTube желісінде көп қаралады. Бұл әлеуметтік желілер Қазақстанды ғана емес, барша әлемді қамититындықтан, өзімізді, яғни қазақтарды таныстыруға берілген жақсы мүмкіндік деп есептеймін, - деді ол.

Рашид Есламов еліміздегі барлық адамдардың қазақ тілінде сөйлеуге тырысып, бір-бірін оңай түсінгенін қалайды.

Кейіпкеріміз қазақ қызына үйленген. Жұбайының есімі – Диана. Жарымен студенттік кездегі ортақ досы таныстырған.

Менің жақындарым қазақ болғандықтан, қазақ қызына үйленетінімді естігенде таңғалған жоқ. Ал Диананың ата-анасы болса, мені көргенде сыртқы келбетіме қарап, шешен деп ойлап қалған еді. Сөйтіп, әйелім қазақ екенімді түсіндірген соң барлығы өз орнына келді, - деп есіне алды Рашид Есламов.

Бүгінде Рашид пен Диана бір баланы тәрбиелеп отыр.

Біздің 5 жасар ұлымыз бар. Оның қазақ тілін білуі үшін біз орыс тілінде де, қазақ тілінде де сөйлеуге тырысамыз. Ата-ана болғаннан кейін баламыздың болашақта екі тілде қиналмай, еркін сөйлесе алғанын қалаймыз, - деді ол.  

Рашид бос уақытында футбол ойнағанды ұнатады, ғылыми әдебиеттерді оқуға деген қызығушылығы мол.

Осы ретте кейіпкеріміз өзінің жоспарымен де бөлісе кетті.

Жақын арада Қазақстандағы түрлі демалыс орындары туралы бейнеролик түсіріп, оны Еуропаға таратуды жоспарлап отырмын. Осылайша біздің елге келетін туристердің санын арттыра аламыз деген ойдамын. Оған қоса алдағы уақытта кейбір қазақстандық компаниялардың бренд елшісі болғым келеді, - деді ол.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: