Қазақ тілін өңдеудің жоғары сапалы моделі жасалатын болады

16 Шілде, 12:27 485

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Саладағы жобаларды іске асыру туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады.

Президенттің жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде министрлік «KazLLM» үлкен тілдік моделінің жобасын әзірлеу үшін деректер массивін жинауды жүргізуде.

Жалпы деректерді жинау нәтижесінде қазақ тілін өңдеудің жоғары сапалы моделі жасалатын болады. Болашақта бұл автоматты аударманы жақсартуға ғана емес, жалпы қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеудің сапасы мен дәлдігін арттыруға көмектеседі. Деректерді жинау үшін министрлік консорциум құрды, оған Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Satbayev University, Nazarbayev University, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және ҚазҰУ кірді.

Осы жобаны нысаналы қаржыландыру бағдарламасы бойынша министрлік жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге конкурс жариялады. 

«KazLLM» үшін деректер массивтерін толтыру мақсатында консорциум, ЖОО және мемлекеттік органдар деректерді «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесіне беруді жүргізеді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: