Қазақ тілін насихаттаушы Алина Кан: Менің методикам – өзгелерге мотивация

27 Сәуір 2023, 09:32 1367

Әлеуметтік желі қолданушыларының бұл қызды жақсы білеріне дауымыз жоқ. Бір қауым елге қазақ тілін үйрететін қаршадай ғана неміс қызының сабақ беріп тұрған бейнесі сіздің де назарыңызды аударған болар. Мемлекеттік тілдің мерейі үшін талаптанып жүрген өзге ұлттың өкілімен дидарласқанды жөн көрдік.

Алина Кан Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында дүниеге келген. Анасы ерте қайтыс болып, ата-әжесінің қолында өскен.

– Бойымдағы адам сүйсінерлік қасиеттің бәрі солардың жұққан. Осындай жандардың тәрбиесін көргенімді тағдырдың сыйы деп білемін әрі оларға шексіз ризамын. Өкінішке қарай осыдан бір жарым жыл бұрын атам дүние салды. Сол бір жағдай жаныма қатты батты. Қос қанатымның бірінен айырылған құстай құсалы күй кешкенім де сондықтан шығар. Ол менің ел назарындағы адам болып қалыптасып келе жатқанымды көре алмай кетті. Өкініштісі де осы. Десе де, қазір әжем қасымда. Соған да шүкір.

– Қазақ тілін қалай меңгердің?

– Қазақ тілін бала күнімнен жетік білемін деп айта алмаймын. Өйткені үйдегілердің бәрі орысша сөйлейтін. Оның үстіне орыс сыныбында оқыдым. Бақанастағы орыс мектебінде білім алдым. Дегенмен, қазақ тілін меңгеруіме өскен ортамның қосқан үлесі зор болғанын жасырмаймын. Ауылдың аты ауыл ғой қайткенмен.

Алыста қалған балалық шаққа бойласам мына бір оқиға ойға оралады. Төрт жасар кезім болса керек. Далаға шығып, балалармен ойнағым келеді. Бірақ аулада жүрген өзім құралпы ұл-қыздардың бәрі қазақша сөйлейді. Орысша бірдеңе айтсам, бажырайып бетіме қарайды. Жалғыздың үні шыққан ба, осылай көппен бірге қазақ тілін де меңгеріп кеттік. Соның нәтижесінде мектеп табалдырығын аттаған сәтте қазақ тіліндегі сөздік қорым сөйлем құрап жазуға жарап қалыпты. Осының әсері болар, қазақ тілін сабағын ерекше ұнаттым.

– «Сөйле» клубына қалай келдің?

– Әуелі қазақ тілін онлайн форматта үйретуді бастадым. Содан бері бес жылдай уақыт зырғып өте шығыпты. Белгілі блогер Яков Федеровтың «Менің елім – менің тілім» қозғалысы барын көпшілік білетін шығар. Осы қозғалыстың «Сөйле» деген жобасы бар. Міне, Яковтың шақыруымен аталған жобаға келдім. Мұнда қазақ тілін оқытамын, тіл үйретудің әдістемелерін әзірлеймін. Осылайша мемлекттік тілді үйренгісі келетіндерге тегін сабақ беріп келемін.

Республиканың 12 қаласында «Сөйле» клубы жұмыс істейді. Оған қазақ тілін үйренгісі келетін жас та, жасамыс та қатыса алады. Менің тіл үйрету әдістемем келушілерді қатты қызықтырады. Демек, дұрыс жолда келе жатырмын деп ойлаймын. Біз өзара сөйлесуге көп уақыт бөлеміз. Грамматика – екінші орында. Қазір менің сабақтарыма бір сәтте 60-70 адам қатысады. Бұған қоса әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларым арқылы да қазақ тілін үйретуге тырысамын. Бұл жақтағы оқырмандарым да жеткілікті.

Аңғарғаным, қазақ тілін үйренгісі келетін адамдардың көбі іштегі кедергіні жеңе алмайды. Бұл ретте мен секілді өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуі, сабақ беруі олардың бойдағы сол бір кедергіні еңсеруіне мотивация болады. Сол себепті менің бейнелерімді, сабақтарымды көріп, мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылығы оянған адамдар көп.

– Мемлекеттік тілді үйрету қиын ба?

– Бұл сұраққа иә немесе жоқ деп жауап берген орынсыз. Сондықтан қиындығы да, жеңілдігі де бар дегенім дұрыс шығар.

Қиындығы неде? Қазақ тілінде жалғау, жұрнақ өте көп. Міне, соларды түсіну тілді үйренушілерге шамалы қиындық тудырады. Айталық, қазір менің сабақтарыма Ресейдің азаматтары да қатыса бастады. Олар бұған дейін қазақ тіліндегі сөздерді мүлдем естіп көрмеген. Сол себепті оларға жалғау, жұрнақты дұрыс қолдана білу қиынға түседі.

Жеңілдігі – тілді меңгерудің әдістемелері көп. Соның ішінде сөйлеу арқылы үйретудің тиімділігі жоғары. Сондықтан шығар алдыма келген шәкірттердің барлығы дерлік қазақ тілінде мінсіз сөйлемесе де, ойын анық жеткізе алатын жағдайға жетеді. Мәселен, топ болып қазақша ән айтамыз, қазақша кино көреміз, өлең жаттаймыз. Қысқасы, аудиторияны жалықтырып алмас үшін әр сабаққа мұқият дайындаламын әрі сабақты бір-біріне ұқсатпауға тырысамын.

Ең бастысы, шәкірттерімнің бойындағы патриоттық сезімді оятуға күш саламын. Ел сүйген адамға мемлекеттік тілді меңгеру түк емес.

– Қазақ тілі билікке бастар баспалдақ деген пікір айтылады.

– Қазір қоғамда билік баспалдақтарымен биікке көтерілгісі келетін өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйрену арқылы ұпайын түгендеп, жоғары жақтың көзіне түскісі келеді деген пікір бар. Қоғамда мұндай пікір айтылса, демек солай болғаны. Бірақ бұл пікірмен басы бүтін келісе де алмайды екенмін. Мәселен, менің түпкі мақсатым бұл емес. Бастық болайын, депутат атанайын деген амбициям жоқ. Қазақ тілін үйрету – менің хоббиім. Мен осы істен ләззат аламын, жаным жай табады. Елге пайдалы болғым келеді. Пайдам осы салада көбірек екенін де байқап отырмын. Сондықтан өзгелерге үлгі болғым келеді. Өйткені менің әр жетістігімнің артында Қазақ елі тұр!

– Қоғамның қазақ тіліне деген көзқарасы қандай?

– Бұрын қалай болғанын білмеймін, қазір қоғамның қазақ тіліне деген көзқарасы дұрыс. Басқаны айтпағанда, мемлекеттік тілді меңгеруге өзге ұлт пен өзге мемлекет өкілдерінің қызығушылығы жоғары. Сондықтан тұтас Қазақстан қазақ тілінде сөйлейтін күн алыс емес деп сеніммен айта аламын. Әсіресе, кейінгі екі жылда қазақ тілін үйрету курстарына деген сұраныс өсті. Бұл бір. Екіншіден, қазақ тілін білу шын мәнінде қоғамның басымдығына айналды. Мәселен, жұмысқа қабылдағанның өзінде қазақ тілін білушілерге басымдық беріледі. Үшіншіден, жастар арасында, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақша сөйлеу, қазақша ән айту трендке айналды. Осының бәрі жақсылықтың нышаны.

– Өзге ұлттарға қарағанда немістер қазақшаны таза сөйлейтін секілді.

– Бұл пікірді мен де көп адамнан естимін. Немістердің айтуында қазақтың төл дыбыстарының әдемі әрі әуезді естілетіні де рас. Мұның сыры неде деп ойланып көрдім. Сөйтсем, қазақ тілі мен неміс тілінде ұқсастық көп. Біріншіден, неміс тілінде де қазақ тіліндегідей қатты дыбыстар бар. Екіншіден, екі ұлттың менталитеті бір-біріне ұқсайды. Немістер де қазақтар секілді мейірімді әрі қонақжай, алғыс айтуға да асығып тұрады. Қиын-қыстау кезде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына немістердің алғысы шексіз!

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: