Қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға бағытталған стартаптар көбейді

20 Наурыз, 14:10 858

Astana Hub халықаралық технопаркі наурыз мерекесіне орай ұлттық мәдениетті насихаттауға және мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосатын инновациялық жобалармен айналысатын стартаптар туралы мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл бағытта стартаптар әртүрлі өнімдер - білім беру платформалары мен мобильді қосымшалар, ұлттық дәстүрлер мен ертегілерге негізделген мультимедиялық жобалар жасап, сондай-ақ қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін жасанды интеллект негізіндегі технологияларды енгізуде.

Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін дамытатын стартаптар ел тарихы мен мәдениетіне инновациялық көзқарасты қалыптастырып, ұлттық мұраны сақтау және танымал ету жолында маңызды рөл атқарады. Бұл стартаптар тарихи-мәдени құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосып қана қоймай, қазақ елінің байлығын, бірегейлігін әлемге паш етеді. Мысалы, Speech Lab сервисі - қазақша және аралас тілді түсінетін ТМД елдері бойынша алғашқы модель, ал Sifro ​​компаниясы 2D және 3D анимациясын жасау процесінде озық технологияларды белсенді қолдана отырып, қазақ тарихына негізделген жоғары сапалы CGI фильмдері мен мультфильмдерін жасауға маманданған. Қазақ музыкасы мен фольклорын насихаттап, тіпті мобильді қосымшаны тегін ұсынып жатқан Qonzhyq App және Sazalem стартаптарының да бұл бағыттағы еңбегі зор, - деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова.

Қазақтың заманауи және классикалық туындыларын ұсынатын Sazalem мобильді қосымшасын жүктеп алу көрсеткіші қазіргі таңда миллионнан асты. 30 мың ән  мен Қазақстанның тарихы, туризмі және мәдениеті туралы 20 мың материал ұсынатын жоба жылдан жылға дамып, жанданып келеді.

Qonzhyq App стартапы қазақ фольклорын жаңғыртуға және қазақ тілін үйретуге бағытталған. Қолданбаның негізгі мазмұны фольклор мен танымдық бөлімнен тұрады, онда қазақтың барлық дәуірдегі алтын фольклоры жинақталған. Қазіргі уақытта мобильді қосымшаға тіркелген қолданушылардың саны 150 мыңнан асты.

QazCode әзірлеушілер тобы LLM үшін қазақ тілінде BeeBert атты деректер жинағын жасады. Бұл модель мемлекеттік тілдегі кең көлемді деректер корпусында дайындалған және мәтіндегі жетіспейтін сөздерді болжауға қабілетті, сонымен қатар мәтіндік ақпаратты талдау үшін қолданылады. Чат-ботта тұтынушылардың сұрауларын тану сапасын жақсарта түскен өнім өзінің тиімділігін көрсетуде.

Енді GenAI саласында қазақ тілін толыққанды қолдануға жағдай жасау үшін BeeBert одан әрі дамыту, соның ішінде аударма, жинақтау, мәтінді жеңілдету және тоналдық талдауды енгізу арқылы модельдің мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл орайда жасанды интеллект технологиясы басқа салалар сияқты ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында да белсенді түрде енгізіліп жатқанын айта кеткен жөн.

Біздің компания бизнесті кешенді автоматтандырумен айналысады. Біз өз шешімдеріміз арқылы клиенттерімізге қазақ тілін қолданудың маңыздылығын түсіндіруге тырысамыз. Мысалы: IP телефон үшін роботтар мен AI көмегімен дауыстық мәзірді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дыбыстаймыз. Мессенджердегі чаттарды автоматтандыру кезінде біздің роботтар әртүрлі тілдердегі барлық мәтіндік ақпаратты көшіреді. Жалпы, біз Қазақстанда тұрып, жұмыс істегендіктен, бизнесті автоматтандыру және тұтынушыларға қызмет көрсету саласында әртүрлі тілдерде, соның ішінде ең алдымен қазақ тілінде ақпарат беру өте маңызды деген идеяны қолдаймыз, - деп атап өтті IG Space бас директоры Андрей Журавлев.

Astana Hub технопаркінің тағы бір резиденті «Антиплагиат.Қазақстан» әзірленген модульдердің арқасында қазақ тіліндегі мәтіндік қарыздарды қадағалау алгоритмін белсенді түрде жетілдіріп, қазақ тілінде жазылған және жасанды интеллект арқылы жасалған мәтіндерді іздеу сапасын жақсартып жатыр. Оның үстіне әлемнің 105 тілінен аударылған мәтіндерді анықтаудың бірегей мүмкіндігі бар.

Компания Қазақстандағы 110-нан астам ұйымға, соның ішінде мемлекеттік корпорацияларға, ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындарына қызмет көрсетеді, сонымен қатар студенттерге, оқытушыларға және ғылыми қызметкерлерге қазақ тіліндегі жұмыстарды тексеруге көмек көрсетеді. Шетелдік және отандық дереккөздер арасында іздеу индексінде «Әділет» нормативтік базасы да бар, ал компанияның қазақ тіліндегі жалпы деректер базасынан 3,5 миллионнан астам дереккөзін табуға болады, - деді «Антиплагиат.Қазақстан» директоры Дулат Мәкенов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: