10.12.2025
17:51
192
Qazaq Tili Endowment қорының жаңа жетекшісі сайланды

Qazaq Tili Endowment қорының жаңа жетекшісі сайланды

Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өтті.

Құрылтайға президенттің көмекшісі-баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, Парламент депутаттары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайшылары мен орталық кеңес мүшелері, қор демеушілері, өңірлік филиал төрағалары және делегаттар қатысты.

Жиында ұйымның жыл бойы атқарылған жұмыстарына есеп берілді. Сондай-ақ Endowment қорының жетекшісі сайланды. Құрылтайға қатысқан қауым бірауыздан Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-врезиденті Дулат Тастекейдің кандидатурасын қолдады.

Айта кетейік, 2023 жылы құрылған Qazaq Tili Endowment қоры қоғамның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысының алғашқы қолдауынан кейін ірі кәсіпкерлер мен компаниялар бастаманы жалғастырып, бүгінгі таңда қорға 700 миллион теңгеден аса қаражат жиналды. Қор қаражаты жұмсалмайды. Биылғы үстеме табыс мөлшері 80 миллион теңгені құраған. Бұл қоғамның қаржылық дербестігін нығайтуға мүмкіндік берді.

«Қазақ тілі» қоғамының эндаумент қоры 2023 жылы мемлекеттік тілді дамыту мен қолдау мақсатында жүйелі және тұрақты жұмысқа қажет қаржылық негіз қалыптастыру үшін құрылған.

Бірінші болып бұл бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, 7 млн теңге көлемінде жарна аударған еді. Мемлекет басшысының бұл бастамасын белгілі қазақстандық кәсіпкерлер мен қазақ тілінің жанашырлары жалғастырды. 

Биыл сәуірде Lancaster Group акционерлері – Берік Қаниев, Гаухар Қаппарова және Юрий Пак Qazaq Tili Endowment қорына 200 млн теңге бөлсе, TAS Group қаржы компаниясы 100 млн теңге аударған болатын.