Мәдениет

«Қазақ тек мал бақпаған»: Қазақстандағы алғашқы шоколад фабрикасы туралы фильм несімен ерекшеленеді

09.06.2026 09:05
Ажар Лаубаева
Фото: коллаж El.kz

Бүгінгі стартап пен бизнес туралы түсінік қалыптаспай тұрып-ақ қазақ арасында ірі кәсіп жүргізіп, өндіріс ашқан азаматтар болған. Солардың бірі – Ақмолада кәсіпкерлікпен айналысып, шоколад пен пірәндік фабрикасын іске қосқан Қосшығұловтар әулеті.

Қазақ кәсіпкерлігінің бастапқы кезеңін баяндайтын бұл тарих «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» атты көркем фильмнің түсірілуіне арқау болды. Фильмнің режиссері Жандос Құсайыновпен жобаның тарихы, шығармашылық ізденістері және алдағы жоспарлары жөнінде сөйлестік.

 – Жандос мырза, қазақ даласында шоколад пен пірәндік шығаратын фабрика ашқан кәсіпкер туралы фильм түсіру идеясы қалай пайда болды? Неге дәл Қосшығұловтар әулетінің тарихына тоқталдыңыз?

 – Өткенде cloud жүйесіндегі архив фотоларды қарап отырып, арасында бір скринді көзім шалды: 2016 жылы Баймұхамед пен Құрманғали Қосшығұловтар туралы мақала мен суретті сақтап алыппын. Демек, сол кезде қызыққан болуым керек. Ал негізі шын ықылас қоя бастаған кез 2019 жылы «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильміне архивтен материалдар іздеп жүрген шақ еді. Астанадағы орталық кітапханадан Қосшығұловтар әулетіне қатысты бірнеше мақаланы оқып, өзіме түртіп алған болатынмын. Біз көбіне тарихтағы батырлар мен хандарды, ақын-жырауларды жақсы білеміз, бірақ қазақ қоғамында өнеркәсіп құрып, өндіріс жүргізген технократ кәсіпкерлер туралы аз айтамыз. Себебі олар жайлы деректер де көп сақтала қоймаған. Бұған нендей себеп, мен білмеймін. Бәлкім, отарлық саясаттың жемісі болар.

Жалпы, Баймұхамед пен Құрманғали Қосшығұловтың тағдыры да көпке қызық деп ойлаймын. Себебі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ даласында шоколад, пірәндік шығаратын фабрика ашу – өте үлкен құбылыс. Қазіргі кәсіпкерлік көзқараспен алса да бұл оңай шаруа емес. Меніңше, 1895 жылы кәмпит-пірәндік фабрикасын жүргізу ақша табумен қатар қазақ арасындағы өнеркәсіптік-өркениеттік секіріс. Қосшығұловтар тарихында мені қызықтырған нәрсе – қазақтың тек көшпенді емес, индустрияға да бейім халық болғанын көрсету болатын. Сондықтан дәл осы әулетке тоқталдым. Зерттедім, сценарийін жаздым. Ұлы Құрманғалидың қазақ даласына алғаш автомобиль әкелгені, немістің «Opel» компаниясынан төрт неміс инженерін алдыртып, Ақмолада автомобиль зауытын салмақ болғаны – біз бұрын естіп-білмеген яки ден қоймаған қазақ тарихының бір мысалы болса керек-ті.

 – Біз көбіне қазақ тарихын саяси оқиғалар, батырлар мен мемлекет қайраткерлері арқылы танимыз. Ал өндіріс құрып, кәсіп бастаған тұлғалар туралы сирек айтылады. Сіздіңше, Баймұхамед Қосшығұлов феномені неде?

 – Баймұхамбет Қосшығұлов феномені – татар көпестерімен аралас-құралас өскенінде. Сондай-ақ сол кездегі Ақмоланың сауда-өнеркәсіптік потенциалының жоғары болғандығында. Қоғам қандай болса, ондағы адам да соған сай болады, бейімделеді, кейде тіпті сол қоғамды алға жетелеуші лидерге айналады. Баймұхамедті тек саудагер деп қарамау керек, ол өндірісті, технологияны, логистиканы түсінген адам. Сол кезеңде фабрика ашу, шикізат жеткізу, қаптама жасау, өнімді басқа қалаларға тарату – өте күрделі процесс болған. Ол үшін жүйе құру керек, әр тиынды тиімді пайдалану, капитал жию, коммуникациялық қабілет, сауаттылық сияқты бірқатар қасиетке ие болу қажет. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті болу. Себебі, сол тұста Ресейден ағылып кеп жатқан көпестердің легіне төтеп беру оңай болған жоқ. Әсіресе татар көпестерінің ұйымы, олардың біріккен өнеркәсіптері көп болды. Қосшығұловтар сол орыс-татар көпестерінің ішіндегі жалғыз қазақ әулеті болатын. Ұлтты алға сүйрейтін күштің бірі – экономика мен өндіріс. Ендеше, Қосшығұловтар осы жағынан өте маңызды тарихи феномен деп ойлаймын.

 – Сценарийді жазу барысында қандай тарихи деректерге сүйендіңіздер? Архивпен жұмыс қанша уақытқа созылды?

 – Әлбетте алдымен архивтік материалдарға, ескі газет-журналдарға, тарихи құжаттарға сүйендік. Маған эксперттердің де көмегі көп тиді. 2024 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасының төрайымы Ләззат Мұратқызы Танысбай ханым шақырды. Кездесуге бардым. Сол кезде ол кісі маған осы әулет туралы тарихи көркем сериал түсіруге ұсыныс берген, алайда телеарнаның бюджеттік саясатын ескеріп, ол ойдан бас тарттық. Себебі сол кезеңдегі Ақмоланың атмосферасын, оқиғаларды шынайы беру үшін үлкен қаражат керек болатын. Әңгіме барысында Ләззат Мұратқызы тақырыпты әлі де зерттей түсуіңе сеп болсын, сондай-ақ қазақ көрерменіне де пайдасы тисін деген ниетпен маған деректі фильм жасауды ұсынды. Мен қабыл алдым. Сол кісінің себімен біз Омбы, Санкт-Петербург бағытындағы архивтердегі деректерді зерттеу мүмкіндігіне ие болдық. Осы сәтті пайдаланып Ләззат Мұратқызының азаматтығына, ұлтжандылығына ризашылығымды білдіремін.

Содан кейін Ерлан Күзекбай есімді ағамыз да осы Қосшығұловтар әулетін жиырма жылдан бері зерттеп келе жатыр. Сол кісі ұсынған фотографиялар мен құжаттар, газет қиындылары сценарий жазуға көп көмегін тигізді. Міне, осындай қазақтың азаматтарының көмегімен бұл тарихи драманың сценарийлік нобайы дүниеге келді деп айтуға болады. Сонымен қатар жергілікті зерттеушілердің еңбектері пайдаланылды. Архивпен жұмыс бірнеше жылға созылды десек болады. Себебі маған тек фабрика туралы емес, сол дәуірдегі Ақмоланың атмосферасын, адамдардың тұрмысын, сауда жүйесін, өндіріс мәдениетін сезіну маңызды болды.

 – Зерттеушілер Қосшығұловтар әулетінің қызметі шоколад фабрикасымен ғана шектелмегенін айтады. Кірпіш өндірісі, тері өңдеу, тіпті автозауыт ашу жоспары болған деген деректер бар. Осы тарихи фактілер фильмде көрініс таба ма?

 – Иә, фильмде Қосшығұловтар әулетінің тек шоколад фабрикасымен шектелмегені көрсетіледі. Біз олардың өндірістік ойлау ауқымын көрсетуге тырысамыз. Кірпіш өндірісі, тері өңдеу, технологияға қызығушылық, тіпті алғашқы автомобильдерге қызығу сияқты тарихи детальдар фильмде бар. Өйткені бұл – қазақ қоғамының индустриялық санаға бет бұра бастаған кезеңі. Біз көрерменге сол заманның рухын сезіндіруді мақсат етеміз.

 – Қосшығұловтардың Алаш қозғалысына да қолдау көрсеткені жөнінде мәліметтер кездеседі. Бұл тарихи байланыс фильмде қалай бейнеленеді?

 – Бұл саяси фильм емес. Өйткені Алаш қозғалысы туралы, Алаш арыстары жайлы фильм аз түсірілген жоқ. Әрине, ескі құжаттарда Құрманғалидің кейбір ұлт-азаттық қозғалыстарға қаржылай жәрдем бергені айтылады, алайда біздің фильмнің мақсаты – сол кезеңдегі қазақ кәсіпкерлерінің өмірі. Бұл, былайша айтқанда, XX ғасырдың басындағы қазақ бизнесі туралы фильм. Біз бизнес-кәсіпті құр ұран немесе декларация ретінде емес, қазақ іскер технократтарының қалыптаса бастаған кезеңін нақты көрсетуді көздейміз. Қазақ тек мал бақпаған, техниканы меңгеріп, темір-терсектің тілін тапқан, инженерия мен қаржылай сауаттылыққа бейім болған дегенді айтқымыз келеді. Бұған тарихи дәлел жетерлік. Сол кезеңдегі ұлттық ояну, кәсіпкерлік сана, білімге ұмтылыс – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты болған. Фильм осы рухани атмосфераны жеткізуге тырысады.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

 – Тарихи фильм түсіру әрдайым үлкен дайындық пен қомақты қаржыны талап етеді. Бұл жобаның өндірістік ауқымы қандай? Жалпы түсірілім жұмыстары қалай ұйымдастырылып жатыр?

 – Иә, тарихи фильм үлкен өндірістік масштабты талап етеді. Себебі біз XX ғасыр басындағы Ақмоланы қайта жасаймыз: декорациялар, костюмдер, реквизиттер, көше атмосферасы – бәрі арнайы дайындалады. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Мен шығармашылық адам болғандықтан фильмнің тек көркемдік мазмұнынан жауап беремін. Қаржы саясаты ҰКҚО-ның құзырындағы мәселе. Жалпы, мұндай жобаның өндіріске жіберілуінің өзі мемлекеттің ұлттық кино өнеріне, қазақтың шынайы тарихына деген қамқорлығының көрінісі деп қабылдаймын. Бұл үшін мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызына, Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали мырзаға алғысымды білдіремін.

 – Қазір актерлік құрамның басым бөлігі анықталған шығар. Кастинг барысында қандай талаптарға басымдық бердіңіздер? Көрермен басты рөлдерден кімдерді көре алады?

 – Қазір негізгі актерлік құрамның басым бөлігі бекітілді. Кастинг барысында біз ең алдымен актердің тарихи образды ішкі жағынан сезіну қабілетіне мән бердік. Себебі бұл жерде тек костюм киіп шығу жеткіліксіз. Кейіпкерлер – жаңа заманға ұмтылған адамдар. Сондықтан олардың көзқарасы, мінезі, ішкі энергиясы маңызды болды. Жақын уақытта басты рөлдер бойынша ресми ақпарат жарияланады.

 – Тарихи кейіпкерлерді шынайы сомдау үшін актерлер арнайы дайындықтан өтіп жатыр ма? Сол дәуірдің сөйлеу мәнері, киіну мәдениеті мен кәсіпкерлік ортасын зерттеу қалай жүргізілуде?

 – Менің кастингті ұзақ өткізетінімнің басты себебі осы: сөйлеу мәнері. Қазақы акцент дейікші. Актер-актриса көп. Бәрі керемет, өнерлі. Алайда таза қазақы үнмен, қазақы акцентпен сөйлеу азайып бара жатқан сияқтанады маған. Сондықтан мен көбіне кастингті тыңдап өткіземін. Сөйлеу мәнеріне, әріптерді жатық айту, қоңыр, жайлы үнге басымдық беремін. Себебі, сыртқы образды келтіруге болады, ал ішкі қазақы үнді жасай алмайсыз, адам онымен туады, бітті. Дәл қазір іріктелген актерлер арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Сол дәуірдің сөйлеу мәнерін, этикетін, киім кию мәдениетін, кәсіпкерлік ортасын зерттеу тоқтаған жоқ. Сонымен қатар тарихи тұрмысты, өндірістегі жұмыс процесін, сол заманның қалалық мәдениетін түсіну маңызды. Бұл фильмде атмосфера үлкен рөл атқарады.

 – Фильм оқиғалары негізінен Ақмолада өрбитіні белгілі. Түсірілім жұмыстары нақты қай өңірлерде өтеді? Тарихи орындарды пайдалану жоспарда бар ма?

 – Түсірілім жұмыстары бірнеше өңірде өтеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Астана, Орал сияқты қалалардағы тарихи локациялары да қарастырылуда. Сонымен қатар фильмнің көркемдік шешіміне сәйкес, арнайы декорацияның бөліктері салынады. Бізге сол дәуірдің архитектурасы мен кеңістігін мүмкіндігінше шынайы жеткізу маңызды.

 – Бүгінде жоба дайындықтың қай кезеңіне жетті? Алғашқы түсірілім қашан басталады деп жоспарланып отыр?

 – Қазір жоба дайындықтың белсенді кезеңінде. Кастинг, локация іздеу, көркемдік шешімдер, костюм және өндірістік дайындық қатар жүріп жатыр. Алғашқы түсірілім кезеңін жақын уақытта бастау жоспарланып отыр.

 – «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» фильмін көрермен қашан тамашалай алады?

 – Қазіргі жоспар бойынша фильмді көрерменге келесі жылы ұсыну көзделіп отыр. Бірақ тарихи жобаларда өндірістік процесс өте күрделі болатындықтан, біз ең алдымен сапаға басымдық береміз. Сондықтан нақты премьера уақыты қосымша хабарланады.

 – Сұхбатыңызға рахмет!

Оқи отырыңыз