Алматыдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Халықаралық музейлер күні» кәсіби мерекесіне арналған «Музей түні» халықаралық акциясы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Орталық музейдегі шара биыл «Музейлердің тұрақтылығы мен өркендеуі» ұранымен өтті.
Жалпы музейлер мерекесі 1977 жылдан бері тойланады. Ал «Музей түні» атауымен музейлер акциясын елімізде ең алғаш болып 2006 жылдан бері өткізіп келе жатқан осы Қазақстан Республикасының Мемлекетік орталық музейі. Бұл акцияның негізгі идеясының авторы, осы музейдің бұрынғы басшысы Нұрсан Әлімбай ағамыз. Мереке бүгінде еліміздегі барлық музейлерде өткізілетін дәстүрлі шара болып жалғасын тауып келеді. Бұл жалпы күндізгі уақытта жұмыстан қолы тимейтін отбасыларға арналған арнайы бағдарлама. Биыл 18-рет өткізіліп оытрған акцияның негізгі мақсаты - музейлер қорындағы тарихи-мәдени мұраны сақтап, ұрпаққа жеткізуші музей қызметкерлерінің еңбегін бағалай отырып, ұлттың рухани қазынасы саналатын құндылықтарды кеңінен насихаттау, - дейді мекеме директоры Рашида Ерімқызы.
Орталық музейге келген барша қонақтарды сақ жауынгері «Алтын адам» мен «Томирис» патшайым жылы жымиып қарсы алды. Шараның ресми ашылуы алдында Музей директоры үздік қызметкерлерді марапаттады.
Музей түніне бір жылдың ішінде қызмет атқарған әріптестерді марапаттадық. Яғни олардың жазған ғылыми мақалалары мен ғылыми еңбектеріне, жүргізген экскурцияларының санына байланысты көрермендерді қамтыған мамандарымыздың арасында музейдің 10 үздік қызметкерін анықтадық. Олардың әрқайсысы 50000 теңгеден ақшалай сыйлықпен марапатталды», деді Рашида Ерімқызы.
Көрермендер бір күнде «Ер жігіттің бес қаруы бойында...», «Көне жәдігерлердің өмірі мен символикасы», «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат», «Үш діннің бірегей жазба үлгілері: Таурат, Інжіл, Құран – Үш зат - үш тарих» сынды бірнеше көрменің ашылуына тегін кіріп куәгер болды.
Айтулы шараға елімізге танымал өнер жұлдыздары, мемлекеттік оркестрлер мен музыкалық шығармашылық топтар да келіп өз өнерлерін көрермендерге паш етті.
Мен де жас кезімде осы музейге өз қолыммен жасаған туындыларымды өткізген едім. Осы музейдің қорында әлі сақтаулы тұр деп ойлаймын. Ал қазір осында 86 жыл бойы сақталып келген жәдігердің өнерін сіздердің назарларыңызға ұсынайын, - деп әзілдеген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші Нұрғали Нүсіпжанов өзінің репертуарындағы атақты «Сарыжайлау», «Өз елім» сынды әндерін орындап берді.
Мерекелік шара барысында «Топжарған» этно-мәдени орталығы аңшылар шеруін ұйымдастырып, қазақтың саятшылық өнерін көпшілікке паш етсе, «Сал-сері» этноспорт федерациясының өкілдері ұлттық садақ ату, «бес қару» өнерлерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, Музей түні шарасы аясында «Шеберлер ауылы» атауымен дәстүрлі және сәндік-қолданбалы өнер шеберлері келушілерге заманауи технологияларды қолдана отырып қол өнерінің небір тамаша туындыларын паш етті. Бұл акцияға қатысушылар киіз басу, жүнмен сурет салу, гипспен түрлі пішіндер жасау, кескіндеме, қыш, зергерлік бұйымдар, моншақ түзу, кесте тігу, кілем тоқу, ағаш және металл өңдеу бойынша шеберлік сабақтарына куә болды. Балаларға арналған коворкинг орталығында «Жеті қазына», «Қазақтың зергерлік бұйымдары», «Ұлы Жібек жолы» тақырыптарында музейлік сабақтар мен мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілді.
Бұл акцияның басты ерекшелігі - музейде бұрын-соңды көрерменге көрсетілмеген аса құнды жәдігерлер осы Музей түні экспозицияға шығарылатын болғандықтан көрермендердің саны 10 000 шамасында болды. Ал басқа уақытта күніне келушілердің саны 1000-2000 адамды құрайды. Олардың арасында алыс-жақыннан келген шетелдік қонақтар, студенттер, оқушылар бар. Шетелдіктерді ең көп қызықтыратыны - сақ-сармат кезеңінің алтындары және антропология залы екендігі анықталған.
Бұл музейдің басқа музейден бір ерекшелігі – ғылыми бөлімнің мамандары әрбір жәдігерге салыстырмалы түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Музей ғалымдарының құрамында тарих ғылымдарының докторлары, ғылым кандидаттары мен PhD докторлар еңбек етеді. Ғалымдар әрбір жәдігерді экспозицияға шығармас бұрын оған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелері Scopus базасындағы журналдарға мақала ретінде шыққан соң ғана жәдігер көрермен назарына ұсынылады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі» РМҚК-нің жалпы қорында 287 000 астам тарихи мұралар жинақталған. Олардың ішінде 100000-ға жуығы фотоқұжаттар. Музейдегі ең ескі жәдігерлер – сақ, сармат кезеңдеріндегі алтын бұйымдар. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» ең алғашқы көшірмесі де осында сақтаулы.