Шілденің үшінші жексенбісі – елімізде дәстүрлі түрде Металлургтер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – от пен темірді бағындырған, ауыр өндірісте маңдай терімен ел экономикасын өрге сүйреп жүрген жандардың кәсіби мерекесі. Металлургия – кез келген мемлекеттің өндірістік қуаты мен техникалық дамуының негізі. Қазақстанда бұл сала ғасырдан астам уақыт бойы ел игілігіне қызмет етіп келеді. Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Өскемен, Риддер сынды өндіріс ошақтары еліміздің индустриялық даму тарихында алтын әріптермен жазылды. Қара және түсті металлургия саласындағы алып кәсіпорындар тек өндірістік өніммен ғана емес, білікті мамандарымен де танымал. Металлург болу – табандылық пен төзімділік, жауапкершілік пен дәлдікті қажет ететін мамандық. Пештің жалыны мен қазанның ыстығына төзіп, сапалы өнім алу жолында жанын салатын жұмысшылар – ел тірегі, экономиканың қозғаушы күші. Олардың еңбегі – ел дамуының, тәуелсіздіктің тірегі. Осы саланың негізін қалаған алғашқы қазақ инженер-металлургі Мәдина Бегалиева есімі ерекше құрметке ие. Оның өнегелі жолы – қазіргі жастар үшін нағыз үлгі. Былтыр Мәдина Бегалиеваның туғанына 125 жыл толды. Осы ретте алғашқы инженер-металлургтың өмір тарихынан сыр шертейік.
Білімге бастар жол
ХХ ғасырдың басындағы күрделі саяси кезеңде қазақ әйелдерінің қоғамдық өмірге араласуы – айрықша құбылыс еді. Сол тарихи сәтте жарық жұлдыздай жарқ етіп шыққан есімдердің бірі – Мәдина Қожбанқызы Бегалиева. Оның өмір жолы – білім мен ерік-жігерге, күрес пен жаңашылдыққа толы тағылымды тарих. Мәдина Бегалиева 1899 жылы Бөкей ордасының Қалмақ қисымына қарасты Қылқанды ауылында дүниеге келген. Әкесі Қожбан — Адай руының қарапайым еңбек адамы, Басқұншақтағы тұз өндіру кәсіпшілігінде жұмыс істеп, отбасын асыраған кедей жан болатын. Өкінішке қарай, Мәдина жастайынан әкесінен айырылып, анасы Әлима апаның қамқорлығында өседі. Анасы күнкөріс үшін орыс байларының үйінде жұмыс істейді. Сол кездің өзінде Мәдина анасымен бірге үй шаруасына көмектесе жүріп, бос уақытында кітапқа үңіледі. Әлима – сауаты болмаса да, көкірегі ояу, еңбекқор, өжет әйел еді. Жесір қалса да, қызын жетілдіруге бар күшін салды. Олар көп ұзамай Орда қаласына көшіп келіп, анасы жалданып жұмыс істеп күнелтеді. Әр тиынын үнемдеп, болашағына сеніммен қараған ана 1907 жылы Мәдинаны Ордадағы қазақ қыздарына арналған орыс-қазақ мектеп-интернатына оқуға береді. Бұл оқу орны — 1883 жылы Бөкей хандығы аумағында ашылған алғашқы қыздар гимназиясы еді. Ол кезде қыздардың білім алуы сирек жағдай болатын. Мәдина бұл туралы кейін: «Тек аздаған қыздар ғана мектепті бітіретін еді. Бірінші сыныптан кейін оқушы қыз үйіне демалысқа кететін еді де, ол жақта күйеуге берілетін», — деп еске алады. Бірақ Мәдина солардың жолын қайталаған жоқ. Білімге деген құштарлығы мен анасының қолдауымен ол мектепті аяқтап, ел арасындағы сауатсыздықпен күрес жолына түсті.Бұл туралы тарихшы Елена Грибанова өз еңбектерінде ерекше атап өтеді: «Сол кезеңде қазақ даласында сауатты әйелдер тым аз болды. Қоғамдық пікір мен дәстүрлер қыз балалардың білім алуына тосқауыл болды». Ордадағы қыздарға арналған төрт жылдық орыс-қазақ училищесінде болашақ қазақтың қайраткер қызы Оразбаева Алма Ділмұхамедқызымен бірге оқиды. Олар Ордада оқи жүріп, шаруашылық қажеттіліктерін өтеу үшін Еділ бойындағы Царицын және Владимировка айлақтарындағы, Саратов пен Астрахань қалаларындағы базарларға барып тұратын еді. Еркіндік пен бостандықты сүйген қазақтың өр қыздары орыс қыздары мен әйелдерінің еркін жүріс-тұрысын, олардың тұрмыс-тіршілігін көре жүріп, солардай болуды армандап өседі. Мәдина Бегалиеваның қоғамдық белсенділікке бет бұруына әсер еткен ерекше оқиға – құрдасы Бадиша Сейдалиеваның тағдыры. Сұлу әрі жас қызды үлкен қалың мал үшін жасы 60-тан асқан бай шалға ұзатқаны – жас Мәдинаның жүрегін жаралаған сәттердің бірі. «14 жастағы Бадиша 60-қа келген шалдың әйелі болды. Бүкіл ауыл қарсы болғанымен, ешкім көмектесе алмады. Бұл маған адамға жасалған зорлық секілді көрінді. Осы сәттен бастап мен патриархалдық тәртіпке қарсы күресуге бел будым», – деп жазады кейінірек Мәдина Қожбанқызы.
Өмірін ұстаздықпен ұштастырған
Екіжылдық мектепті үздік бітірген Мәдина мен Алма 1913 жылы Хан Ордасындағы үш жылдық педагогикалық курсқа түседі. Бұл оқу орнында негізінен қазақтың зерек жастары оқыды. Замандастарының естеліктеріне сүйенсек, Мәдина Бегалиева тек білім саласында емес, өнерде де ерекше көзге түскен. Сол жылы тамыз айында Орда қаласында жастар құрған драмалық үйірме ерекше рөл атқарады. Нұғман Манаев жетекшілік еткен бұл ұйым жастардың саяси және рухани жағынан жетілуіне жол ашады. Мәдина Бегалиева да осы үйірмеге белсене қатысады. Ол «Малдыбай» пьесасындағы әйелдер бейнесін сомдап, сахна арқылы әйел теңдігі, еркін махаббат, тұрмыстық зорлыққа қарсы ойларын жеткізеді. Театр – ол кезде тек ойын-сауық емес, қоғамды ояту құралы еді. Мәдина сахнада ғана емес, өмірде де қазақ қыздарының еркін таңдау жасауына дем беріп, оларға үміт сыйлады.
Ол белгілі қоғам қайраткері Алма Оразбаевамен бірге сахнада жиі өнер көрсеткен. Мәдина драматург Ишанғали Меңдіхановтың пьесаларында түрлі рөлдерді сомдап, қазақ сахна өнерінің қалыптасуына үлес қосқан. Ол қатысқан қойылымдарда қоғамдағы теңсіздік пен қараңғылық сынға алынып, әйел бейнесі жаңа қырынан танылған. 1916 жылы олар курсты аяқтап, бастауыш мектеп мұғалімі дипломын алып шығады. Бұл кезеңнен бастап Мәдина Бегалиева мен Алма Оразбаева ұстаздықпен қатар, қоғамдағы әділетсіздікке қарсы күрес жолына түседі. Білім алып шыққан соң Мәдина Бөкей ордасының ең қиырындағы Жаңғала ауылына мұғалім болып барады. Бұл жерде ұстаздар жетіспейтін. Алайда Мәдинаның келуі бәріне бірдей қуаныш әкелмеді. Оның жаңашыл көзқарасы, қыз-келіншектердің құқығын қорғауы жергілікті байлардың ашуын туғызады. Оның орысша оқығанын білген кейбір ата-аналар балаларын мектепке бергісі келмей, «баламды шоқындырады» деген күдікпен тіпті киізге орап тастайтын болған. Бұл — сол кезеңдегі білімге, жаңашылдыққа, әсіресе әйел ұстаздарға деген күмәннің айқын көрінісі. Алайда Мәдина мойымады. Ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақыры, балалар мектепке келе бастайды. Алайда арнайы мектеп ғимараты болмағандықтан, сабақтар ашық аспан астында, даланың төсінде өтетін. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы нағыз рухани байланыс пен ынтаның белгісі. Мәдина тек дәстүрлі біліммен шектелмей, балалардың ойлау қабілетін, сана-сезімін оятуға тырысты. Орыс тілін үйретіп, заманауи дүниетаным қалыптастыруға ерекше мән берді. Оның мұндай жаңашылдығы ауыл балаларының өмірге көзқарасын түбегейлі өзгертті. Бұл — ол кезең үшін үлкен жетістік еді. Бөкей ордасының шалғайындағы Жаңғала ауылында мұғалім болып қызмет ете жүріп, Мәдина тек бала оқытып қана қоймай, қазақ әйелдерінің ауыр тұрмысын жеңілдету жолында белсенді жұмыс атқарды. Қоғамда орныққан әйелдің рөлі туралы теріс түсініктерге қарсы күресті. Ауыл әйелдерімен кездесіп, үй шаруасынан бөлек, олардың да қызметте, қоғамда, мәдени өмірде бола алатынын үгіттеді. Қазақ байлары Мәдинаның әрекетін «салт-дәстүрге қарсы» деп бағалап, губерниялық халық ағарту бөліміне бірнеше рет шағым түсіреді. Бұл қысым нәтижесінде Мәдина қызметінен кетуге мәжбүр болады.
Қазан төңкерісі және Қазақ қыздары
1917 жыл — қазақ даласы үшін тарихи өзгерістерге толы кезең. Ақпан төңкерісі патша үкіметінің құлауымен аяқталып, ел ішінде жаңа үміттер мен саяси серпілістерге жол ашты. Бұл өзгерістер Орда қаласына да өз әсерін тигізді. Қазақтың көзі ашық, білімді әйелдері де бұл тарихи сәтті пайдаланып, ұлттың, әсіресе әйелдердің бостандығы жолында күреске шықты. Солардың алдыңғы қатарында — Мәдина Бегалиева, Алма Оразбаева және 1917 жылы Саратовтағы тіс дәрігерлік мектебін бітіріп келген Мубина Ибрагимқызы Ниязова (кейін Танашева) болды. Қатарына білімді тіс дәрігері Мубина қосылған соң, бұл үшеуінің арасында берік достық, ортақ мұрат пен мақсатқа негізделген рухани бірлік қалыптасты. Олар Ордадағы қыз-келіншектердің сана-сезімін оятып, білім мен бостандықтың маңызын түсіндіру жолында аянбай еңбек етті. Үшеуі бірігіп, Орда қаласындағы әйелдерді саяси және әлеуметтік жиналыстарға, митингілерге тарту үшін үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар әйелдермен жеке сөйлесіп, қоғамдағы өзгерістердің мәнін, әйелдердің де елдің қоғамдық өміріне қатысуының маңызын ашып түсіндіруге тырысты. Бұл кездесулерде саяси үгіттен гөрі мәдени-ағартушылық бағыт басым болды. Олар әйелдер гигиенасы, ана мен бала денсаулығы, әйел құқығы, отбасыдағы әділеттілік, балаларды оқытудың маңыздылығы сияқты тақырыптарда дәрістер оқып, өмірлік қажетті мәліметтер берді.
Осы үш қазақ қызының белсенді әрекетінің арқасында Орда қаласында қазақ қыз-келіншектеріне арналған алғашқы тұрақты жиналыстар өтіп тұрды. Бұл жиналыстарда тек әйел мәселелері емес, жалпы қазақ қоғамының жаңғыруы мен даму жолдары да талқыланды. Жиналыстарға қатысушы әйелдердің саны артып, халық арасында ағартушылыққа деген қызығушылық ояна бастады. Бұл кезеңде большевиктік идеялар қазақ даласына толықтай тарала қоймағанымен, Мәдина, Алма және Мубина бастаған қазақ қыздары ел ішіндегі отарлық сана мен ескі салтқа қарсы ағартушылық майдан ашты. Олар өз заманының батырлары еді — қолында мылтық емес, білім мен сөз қаруы болды.
Мәдина Бегалиева Қазан төңкерісін жай ғана саяси өзгеріс емес, қазақ әйелдерін әлеуметтік тәуелділіктен арылтудың нақты мүмкіндігі ретінде қабылдады. Бұл идеяны оның замандасы, тұңғыш қазақ коммунистік қайраткерлерінің бірі Алма Оразбаева да қолдаған болатын. Тіпті Тұрар Рысқұловтың 1924 жылы жазған «8 наурыз және шығыс әйелі» атты мақаласында: «Жұмысшылар мен шаруалар бұқарасының билікті жаулап алуымен қатар, еңбек әйелдері де мемлекеттің саяси өміріне және билік органдарына қызметке тұруына мүмкіндік алды» – деп атап өтуі, осы кезеңдегі әйелдер қозғалысына берілген әділ баға еді.
Мәдина сияқты көшбасшылардың үгіт-насихат жұмыстары мен табанды еңбегінің нәтижесінде 1919 жылы партия комитетінің жанынан Әйелдер кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бұл жаңалық Мәдина үшін ерекше қуанышты жағдай болды. Себебі көптен бері ескерусіз қалған әйелдер мәселесі алғаш рет мемлекеттік деңгейде күн тәртібіне қойылды. Тағы бір маңызды жайт – Кеңес Мәдинаның туған өңірі Бөкей губерниясында ашылды. Бұл – оның ұзақ жылдар бойы жүргізген насихат жұмыстары мен қоғамдық белсенділігінің тікелей жемісі еді. Мәдина Бегалиева әйелдердің құқықтары туралы дәрістер оқыды, ананың қоғамдағы мәртебесін көтеру туралы ойларын бөлісті. Ол тек теориямен шектелмей, нақты іспен айналысты: ауылда драма үйірмелерін ұйымдастырды, мәдени шаралар өткізді, әйелдердің өз-өзіне деген сенімін оятуға тырысты. Оның бұл әрекеттері тек әйелдерге ғана емес, жалпы қоғамның көзқарасын өзгертуге ықпал етті.
Қазақ қызынан инженер-металлургке дейінгі жол
1919 жылдың көктемінде Орда қаласына қайта оралған Мәдина Бегалиева ағартушылық қызметін жаңа деңгейде жалғастырды. Бастауыш мектепке мұғалім болып орналасқан ол сол кезеңдегі Бөкей Ордасының қоғамдық-саяси өмірінің қайнаған ортасында жүрді. Жаңа құрылып жатқан кеңестік жүйе, елдегі түбегейлі өзгерістер, соғыс жағдайындағы тәртіп – мұның бәрі жас мұғалімнің азаматтық белсенділігіне тың серпін берді.
1919 жылдың күзінде Ордада Қазақтың алғашқы үлгілі атты әскер еріктілер полкі құрылып жатқан тұста, Мәдина осы полк құрамындағы жауынгерлерге арнап ашылған сауат ашу мектебіне мұғалім болып тағайындалды. Бұл мектеп соғыс жағдайында болса да, білімге деген сұраныстың зор екенін көрсетті. Сонымен қатар, оның сырлас құрбылары – Алма Оразбаева полктің үгітшісі, ал Мүбина Ниязова санитарлық бөлімдегі тіс дәрігері қызметін атқарды. Үшеуінің ортақ мақсаты – жаңа қоғам құруда әйелдердің рөлін арттырып, білім арқылы өзгеріс жасау еді. Осы жылдары Мәдина белсенді коммунист әйел Витте-Грачевамен танысып, кеңестік идеологиямен жақынырақ таныса бастайды. Витте-Грачева арқылы ол Владимир Лениннің идеяларымен танысып, большевиктердің әйелдер мәселесіне қатысты ұстанымдарына ықылас танытады. Бұл қызығушылық көп ұзамай нақты әрекетке ұласып, Мәдина Бегалиева алдымен комсомол қатарына, 1920 жылы РК(б)П (Ресей коммунистік партиясы большевиктер) мүшелігіне қабылданады.
Көп ұзамай ол ЧОН (Чрезвычайный отдел назначений) деп аталатын айрықша тағайындалған әскери бөлім отрядына мүше болып жазылып, ерекше тапсырмаларды орындай бастайды. Мәдина Бегалиеваның табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті оны партия назарындағы ірі тұлғаға айналдырады. 1922 жылы Мәдина Қожбанқызы РК(б)П Бөкей губерниялық комитетінің аппаратына шақырылып, әйелдер бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бұл – сол кездегі қазақ әйеліне артылған зор сенім еді. Ол бұл лауазымды абыроймен атқарды. Делегаттық жиналыстар ұйымдастырып, әйелдердің саяси сауатын ашуға белсене кірісті. Бұл – оның күрескерлік жолындағы үлкен кезең еді. Енді ол тек бір ауыл немесе мектеп көлемінде емес, тұтас губерниядағы әйелдер қозғалысына басшылық жасай бастайды. Қоғамдағы әйелдің орны, ананың құқығы, қыздардың білім алуы – оның күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарға айналды. Мәдина сауатсыздықпен күресуді басты мақсаттарының біріне айналдырды. Оның бастамасымен ел ішінде "Қызыл киіз үй" атты жылжымалы дәрісханалар құрылды. Бұл киіз үйлерде мұғалімдер, саяси үгітшілер, акушерлер, санитарлар, тіпті халық соттары да жұмыс істеді. Олар ауылдарды аралап, халыққа білім, құқықтық көмек және медициналық қызмет көрсетті. Бұл – Кеңестік ағартушылық тарихындағы ерекше жоба еді.
1923 жылы Мәдина Бегалиева Шығыс халықтарының әйелдері арасындағы екінші Бүкілресейлік жұмысшылар кеңесіне қатысу үшін Мәскеуге жол тартты. 22–28 наурыз аралығында өткен бұл жиын – Кеңес Одағының ауқымды саяси оқиғаларының бірі болды. Мәдина 18 делегаттың бірі ретінде еліміз атынан қатысып, көрнекті кеңес қайраткері Валериан Куйбышевпен жүздесті. Бұл кездесулер оның саяси тәжірибесін байытып, көзқарасын тереңдете түсті.
Мәдина өз баяндамасында Бөкей губерниясында 10 әйелдер конференциясының өтіп, 25 қазақ қызы білім алып жатқанын айтып, 8 наурызға арналған 500-ге жуық әйел қатысқан манифестация туралы да ерекше тоқталып өтті. Бұл деректер Қазақстандағы әйелдердің қоғамдық белсенділігін көрсететін маңызды мысал еді. Кеңестен кейін Куйбышев қазақ делегаттарымен ұзақ әңгімелесіп, олардың жұмысын жоғары бағалаған. Бұл кездесулер Мәдинаның есінде мәңгі сақталып қалды.
Сол кеңесте ол әйгілі неміс революционері, әйелдер қозғалысының көшбасшысы Клара Цеткинмен де жүздесіп, өз ойларымен бөлісті. Бұл – Мәдина үшін ғана емес, қазақ қыздары үшін де тарихи сәт болды. Кеңес барысында Мәдина Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Дағыстан және Татар әйелдерімен танысып, олардың әйел құқығы жолындағы күрес тәжірибесін зерттейді. Бұл кездесулер оның көзқарасын кеңейтіп, ұлттық шеңберден шығып, әйел теңдігін жалпы адамзаттық құндылық деңгейіне көтеруге итермеледі.
Мәдина Бегалиеваның 1919–1923 жылдар аралығындағы қызметі – тек білім саласындағы емес, саяси және қоғамдық белсенділік жолындағы зор еңбек. Ол сауатсыздықпен күресіп қана қоймай, әйелдердің теңдігін өмірлік миссиясына айналдырды. Мақсат жолындағы табандылығы мен көзқарасының айқындығы оны Қазақстан тарихындағы алғашқы феминист және ұлттық сана қалыптастырушы қайраткерлердің қатарына қосты.
1924 жылы 4-10 қаңтар аралығында Орынбор қаласында өткен ҚАКСР Кеңестерінің төртінші съезіне делегат болып қатысқан Мәдина 10 қаңтарда Қазатком (ҚазОАК) мүшелігіне кандидат болып сайланады. Бұл оның республикалық деңгейдегі саяси жұмыстарға араласа бастаған кезеңі еді. Ал 1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласында өткен РК(б)П Қазақстан өлкелік V конференциясына қатысып, партиялық жұмыста белсенділігін көрсетеді.
1925 жылдан бастап Мәдина Бегалиева РК(б)П Орал губкомының әйелдер бөлімін басқарады. Осы тұста ол қазақ әйелдерінің сауатын ашу, қолөнерге баулу, қалыңмалдан қорғау секілді көптеген кешенді істерге мұрындық болады. Әйелдер үшін арнайы тігілген қызыл отаулар бастапқыда халық арасында сенімге ие бола қоймайды. Бұл қиындықты жеңу үшін Мәдина отауларға тігін машинасын орнатып, әйелдерге тігін тігуді үйретеді. Бұл тұрмыстық қажеттілік – қызыл отауларды көпшілік жиналатын қоғамдық орталыққа айналдырды.
Мәдина Бегалиева тек әйелдер ісімен шектеліп қалмай, елдегі саяси-шаруашылық науқандарға да белсене араласты. Ауылдық кеңестерді ірілендіру, егістік пен шабындық жерлерді қайта бөлу, Қосшы одағының жергілікті ұйымдарын құру сияқты шаруалармен айналысты. Сондай-ақ 1928 жылы басталған байларды тәркілеу науқанына да қатысып, Кеңес үкіметінің әлеуметтік теңдік орнату саясатын жүзеге асыруға атсалысты.
1928 жылы БК(б)П Орталық Комитетінің шешімімен коммунист әйелдерді әкімшілік-шаруашылық басқару жұмыстарына белсенді түрде тарту туралы саясат жүзеге асырыла бастайды. Қазақстан бойынша басшылық қызметтерге ұсынылған 10 әйелдің бірі – Мәдина Бегалиева еді. Ол сол кезеңде Қазақстан қолөнер кооперациясы одағы төрағасының орынбасары қызметіне сайланып, ұлттық қолөнердің дамуына және кооператив қозғалысының нығаюына еңбек сіңіреді.
Сонымен қатар Мәдина Бегалиева БК(б)П Қазөлкекомының штаттан тыс нұсқаушысы ретінде де белсенді жұмыс істеп, партиялық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап жүреді. Бұл қажырлы еңбегі ескеріліп, 1931 жылы маусымда ол Мәскеуге, БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм курсына оқуға жіберіледі. Мәскеуде жүріп ол өзінің білімін одан әрі жалғастыруды армандайды. Осы мақсатта Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясына түсу үшін Орталық Комитетке өтініш білдіреді. Мәдина Қожбанқызының талпынысы мен ерік-жігері ескеріліп, өтініші қанағаттандырылады. 1931–1935 жылдары Мәдина Қожбанқызы аталған академияда білім алады. Түсті металдар факультетінде білім алған ол инженер-металлург мамандығын алып шығады. Бұл – қазақ қыздары үшін бұрын-соңды болмаған оқиға еді. 1935 жылдың 29 желтоқсанында «Балқаш мыс қорыту зауытының жобасы» тақырыбындағы диплом жұмысын «өте жақсы» қорғап, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш инженер-металлург атанады. Бұл сәт туралы ол: «Бүгін мен үшін қуанышты күн. Менің инженер-металлург болғанымнан бұрын, қазақ қызының осындай дәрежеге жеткенінен ризамын», – деп тебірене жазған екен. Осы жылдары ол бүкіл отбасымен – жұбайы Ғали Бегалиев және балалары Шолпан, Нахия, Роза, Темірмен бірге Мәскеуде тұрады. Бұл – тек жеке жетістік қана емес, бүкіл қазақ қоғамы үшін тарихи сәт еді.
Балқаш мыс зауытындағы белсенділік
Инженер-маман ретіндегі Мәдинаның өміріндегі ірі кезеңдердің бірі – Балқаш мыс қорыту зауытына қатысты болды. 1936–1940 жылдары Мәдина Бегалиева Балқаш мыс қорыту зауытында инженер-металлург ретінде қызмет атқарады. Балқаш зауыты – сол тұста Қазақстандағы ең ірі стратегиялық өндіріс ошақтарының бірі еді. Мәдина бұл өндірістің құрылысынан бастап, тұрақты жұмыс ырғағына түсуіне дейінгі барлық кезеңге белсене араласты. Өндірістік процестің тиімді ұйымдастырылуына, өнім сапасының артуына, технологиялық тәртіптің сақталуына белсенді үлес қосты. 1938 жылы 24 қарашада зауыттағы алғашқы үш мұржаның кірпішін қалау құрметі де Мәдинаға бұйырды. Сол күні осы мұржалардан қою түтін будақтап, тарихта алғаш рет Балқаш мысы алынған еді. Бұл оқиға – қазақ өнеркәсібі тарихындағы айтулы белес, ал оны жүзеге асыруда Мәдина Қожбанқызының орны ерекше.
Білікті инженер ретінде ол тек өндірістік міндеттермен шектелмей, жастармен жұмыс істеуге де ден қойды. Кәсіпорын жанындағы кадрларды даярлау, жас мамандарға тәлімгерлік ету, жұмыс орындарында оқыту жүйесін жетілдіру – Мәдинаның қатысуымен жүзеге асқан игі істердің бірі. Ол жас буын мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға зор еңбек сіңірді.
1940 жылдың соңында отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына қоныс аударады. Мұнда Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗИ) ауыр және түрлі-түсті металдар кафедрасы жанындағы зертхана меңгерушісі болып жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін аталмыш институт архивінен М.Бегалиеваның жеке ісі табылмаған.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, Мәдина Бегалиева ел мүддесі жолында қайтадан қоғамдық-саяси қызметке оралады. 1942–1944 жылдары ҚК(б)П Гурьев облыстық комитетінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, тылдағы әйелдердің еңбектегі белсенділігін арттыруда аянбай еңбек етті. 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалып, республикалық деңгейдегі істерге араласты. Кейін Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау министрлігінде бақылаушы қызметін атқарды.
1949 жылы Мәдина Бегалиева одақтық маңызы бар дербес зейнетақыға шығып, қоғамдық қызметін аяқтады. Алайда бұл оның ел үшін жасаған еңбегінің тоқтауы емес еді. Оның өнегелі өмір жолы мен қоғамдық белсенділігі артында өшпес із қалдырды.
Отбасы мен мұрасы
Мәдина Қожбанқызының өмірінде отбасының алар орны ерекше. Оның өмірлік жары Ғали Бегалиев те білім мен ғылымға адал жан еді. Ол Бөкей ордасының мектептерінде ұзақ жылдар қызмет етіп, қазақ тілі оқыту әдістемесі бойынша еңбектер жазды. Ғылым жолында өзіндік із қалдырған тұлға ретінде ел есінде. Мәдина мен Ғалидің үш баласы болды. Екеуі де отбасылық құндылықтарды жоғары қойған, бір-бірінің кәсіби дамуын қолдаған жұп ретінде елге танылды. Бұл олардың өміріндегі үйлесімділік пен өзара құрметтің белгісі еді. 1974 жылы 20 желтоқсанда, ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін, Мәдина Қожбанқызы Алматы қаласында 76 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оның есімі мен ерлігі, еңбегі мен өнегесі – ел жадында.Мәдина Қожбанқызының Отан алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Оның өмір жолы – білім мен еңбек, күрес пен табандылықтың үлгісі. Бүгінгі қазақ жастары үшін ол – нағыз рухани қайраткер, ұлттық мақтаныш. Бүгінгі таңда Бөкей ордасы ауданындағы Бөрлі ауылдық орта мектебі және Сайқын ауылындағы бір көше оның есімімен аталады.
Түйін: Мәдина Бегалиева – қазақ қыздарының ғылым мен қоғамдағы орнын кеңейткен алғашқы қайраткерлердің бірі. Оның Мәскеуге барып, өнеркәсіп академиясында оқуы – еркіндік пен білімнің шынайы жеңісі. Бүгінгі таңда қазақ әйелдерінің ғылым, техника, саясат саласында жеткен жетістіктерінің бастауы дәл осындай тұлғалардың табандылығы мен жанкешті еңбегінде жатыр. Мәдина есімі – ұлт тарихындағы алтын әріппен жазылар есімдердің бірі.
Анарыс Ақылман