Қазақ-қырғыз шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешен салынады

15 Мамыр, 11:15 4068

Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келісім 25 жыл мерзімге жасалады және автоматты түрде 5 жыл мерзімге ұзартылады.

Кешен Қазақстан және Қырғызстан мемлекеттерінің шекаралас аумақтарындағы «Қарасу – автожол» (Қазақстан) және «Ақ-тілек – автожол» (Қырғызстан) өткізу пункттерінің жанындағы Қазақстан және Қырғызстан бөліктерінен тұрады.

Құжат екі мемлекет арасындағы сауда-логистикалық салада бизнесті жүргізу шарттарын жақсартуға мүмкіндік беріп, екіжақты қатынасты дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан мен Қырғызстанның өңделген өнімді өндіру бойынша кооперациялық жобаларды құру үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Қырғыз Республикасы президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапары және Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд долларға дейін ұлғайтуға, оның ішінде елдеріміздің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласты. Өткен жылы 9 маусымда Астана қаласында кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, - деді сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев.

Кешенде сүт, ет, жидек-көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерді өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасалады.

Вице-министр сондай-ақ кешенді құру Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталғанын атап өтті.

2023 жылғы 9 маусымда Астана қаласында қол қойылған үкіметаралық келісімнің 4-бабына сәйкес Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің (ИСЛК) қазақстандық және қырғыз бөліктері шекаралық белдеуден тыс орналасқан. Биылғы жылдың 28 наурызында Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс жариялады, ол кейіннен кешенді басқарады және оның резиденттеріне сервистік қызметтер көрсетеді. 19 сәуір күні конкурстың екінші кезеңі жарияланды, - деді вице-министр.

Қайрат Төребаевтың айтуынша, өтінімдердің болмауына байланысты бұл конкурстар өткізілген жоқ. Биылғы мамыр айында қайта конкурс жарияланады. Кешенді салудан басқа, әлеуетті инвестордың алдына инженерлік инфрақұрылымды (газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, канализация, телекоммуникация, қоршау, абаттандыру) жүргізу бойынша жағдайлар қойылған.

Миражан Махан
Бөлісу: