Қазақ-қырғыз арасындағы туризм: достықта шекара болмайды

1 Мамыр, 12:00 974

Ежелден бір-біріне етене жақын қазақ пен қырғыз достығы жыл санап артып келеді. Жақында елімізге ресми сапармен Қырғыз Республикасының президенті Сапар Жапаров келіп кетті. Осы ретте екі елдің туризм саласын дамытудың да маңызы зор екені сөзсіз. Бұл саладағы соңғы жаңалықтарға қатысты Қырғыз Республикасындағы туризмді дамытуды қолдау қорының президенті Кудрет Тайчабаровпен әңгімелескен едік.

Қазақстан мен Қырғызстан туризмі саласының болашағы қандай?

Қырғыз Республикасының туризм секторы қазақстандық әріптестерімен қай кезде де етене жұмыс жасауға дайын. Бүгінде бірқатар турфирма Қазақстанда уәкілеттіктерін ашып та үлгерді. Бұл - екі ел азаматтарының бір-біріне деген сыйластығы,-деп бастады Кудрет Тайчабаров.

Ол өзге ел туристері саяхатын Қазақстаннан бастаса, Қырғызстанға соқпай кетпейтінін тілге тиек етті.

Құрамдастырылған турлар әрдайым сұранысқа ие. Мәселен, Ұлы Жібек жолы бойынша өтетін турлар Қытай мен Батыс Еуропадан келген туристер үшін қызықты. Бүгінде трендке айналған Орталық Азия елдеріне саяхатқа да сұраныс жоғары,-деді Қырғыз Республикасындағы туризмді дамытуды қолдау қорының президенті.

«Қырғызстанға келетін туристер санынан Қазақстан тұрақты 2-орында»

Ол алыс шетел мен Ресей Федерациясын бұл көрсеткіш бойынша басып озды.

2023 жылы қырғыз жерінде 2 млн 825 мың қазақстандық болса, 2022 жылы туристер саны 1 млн  825 мыңды құрады. Яғни өсу қарқынын байқауға болады,-деді ол.

Қырғызстанға қыдырып келген туристер қандай танымал бағыттарды таңдайды?

Қор басшысының айтуынша, саяхатшылардың көбі тау жорықтарына шыққысы келеді. Альпинизмге де сұраныс жоғары. Ал қыс мезгілінде тау шаңғысы, фрирайд, сноубординг сияқты қысқы спорт түрлері сұранысқа ие.

Жаз мезгілінде вело және ат турлары алғы шепке ығысса, шытырман оқиғалы туризм де трендтердің біріне айналып отыр. Туристік дестинациялар жайлы айтсақ, саяхатшылар арасындағы ең танымалы - Ыстықкөл. Ол өзінің биік таудағы көлдері мен туристерге арналған белсенділіктердің сан алуандығымен ерекшеленеді. Олардың қатарына жағажай демалыстары, тау серуендері, шаңғы мен қарда жүретін көліктермен саяхаттау (снегоход), альпинизм, рафтинг, каякинг, қымызбен емделу, аңшылық пен балық аулау, атпен серуендеу, курорттар, термалды бұлақтар және т.б жатады,-деп нақтылады Кудрет Тайчабаров.

Айта кету керек, Ыстықкөлде жағажайлар мен альпинистерді қызықтыратын шыңдар, ерекше сарқырамалар, мүсіні өзге ғаламшардан түскен кейіптегі тастар, керемет көріністер мен шатқалдары бар.

Осының барлығы теңіз деңгейінен бір жарым мың биіктікте орналасқан. Ыстықкөлдің ауасы - кристалдай таза, тыныстау жеңіл. Олимпиядаға қатысатын спортшылар жарысқа дайындық үшін келсе, ғарышкерлер сауығу мақсатында демалысын жоспарлайды,- деді спикер.

Қыс мезгілінде Қырғызстанға туристер тау шаңғысына мініп, сноуборд тебу үшін саяхаттап келеді. Елде 15 тау шаңғы базасы бар. Тағы бірнешесінің құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бішкек жанында жыл сайын жұмыс істейтін шипажай да бой көтермек.

Қырғызстан туристер үшін несімен қызықты?

Қырғызстан Республикасы сан алуандығымен көз тартады. Керемет пейзаждар, бүлінбеген табиғат, қонақжай адамдар, көшпенді мәдениет және әртүрлі туристік белсенділіктерімен қызықтырады.

Табиғат аясында демалғыңыз келсе, тосын сыйларға дайын болсаңыз, міндетті түрде Қырғызстанға келіңіз. Сіздерге ұмытылмастай демалыс сыйлау – басты мақсатымыз,-дейді қор басшысы.

Қырғызстанға саяхаттап баруға себеп көп!

Қысқа мерзімді саяхат барысында жыл мезгілінің төртеуін де көре аласыз. Жаз кезінде тауға шықсаңыз, аязды қыс мезгілін сезінуге болады,-деген Тайчабаров, қырғыз жеріне саяхаттау тиімділігін алға тартты. Қырғыз Республикасы Ұлы Жібек бойында орналасқан. Сол себепті ежелгі жазбаларда бейнеленген жерлерді тамашалап, тарихи тұлғалар жайлы ақпарат ала аласыз. Үшіншіден, қырғыздарда көшпенді мәдениет құндылықтары сақталған. Әлемде тұрғындарының бір бөлігі әлі де көшпенді өмір салтын ұстанатын 2 ел бар. Олар - Моңғолия мен Қырғыз Республикасы. Бұл - қонақтар көшпенді өмір ерекшеліктерімен етене таныса алады деген сөз. Бастысы ашық аспан астында киіз үйде түнесе болғаны. Төртінші себеп - Ыстықкөл. Ол демалуға келген әрбір саяхатшыны бейтарап қалдырмайды. Бесіншіден – көлікпен жету көрсеткішінің оңайтайлығы. Сонымен қатар Қырғызстан Қазақстаннан алыс емес. Жол шаршатпайтыны, ал демалыстың ұмытылмастай болатыны сөзсіз,- дейді Кудрет Тайчабаров.

Сарапшы екі ел арасындағы визасыз тәртіп артықшылықтарын, сапарға дайындық көп уақытты алмайтындығын айтып, жақын әрі қолжетімділігіне разылық білдірді.

Қырғыз елінен ғана дәмі тіл үйірер астан дәм тата аласыз. Елде көпұлтты қоғам қалыптасқандықтан, әр ұлт өкілі өздерінің гастрономиялық салт-дәстүрлерін енгізуге тырысты. Маңыздысы, қырғыздар - өте қонақжай әрі бауырмал халық. Қыдырып келген қонақ өзін ешқашан жалғыз сезінбейді,-дейді Кудрет Тайчабаров.

Қазақстаннан қыдырып барған туристерге кіру және мекендеу ережелері

Қазақ бауырларымызға қырғыз еліне саяхатын ұмытылмастай ету үшін қолайлы жағдай жасалды. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Қырғызстан территториясында еш тіркеусіз 30 күн жүруге болады.

Қырғызстандағы тау турлары асқан сұранысқа ие!

Тайчабаров белсенді демалысты қалайтындар үшін мүмкіндіктер жетіп артылатынын айтып өтті. Бастысы бағдарламаны мүмкіндіктеріңіз бен талғамыңызға сай ұйымдастырсаңыз болды.  

Жазда тауға серуенге шығып, ат және вело турлар және альпинизммен айналысуға болады. Қыста – тау шаңғысы, фрирайд, сноуборд сияқты белсенділіктерді таңдау еркіндігіңіз бар. Жеке саяхаттауды ұнататындар үшін елдің бірқатар аймағында Бүкіләлемдік туристік ұйым стандарттарына сәйкес келетін экосоқпақтар салынуда,-деді қор президенті.

Бұл - әр турист өз саяхаты жайлы егжей-тегжейлі ақпарат ала алады деген сөз.

Қырғызстандағы ең биік тау шыңына саяхат турлары 

Қырғыз жерінің 94 пайызын тау қамтиды. Бұл – Тянь-Шань және ел оңтүстігіндегі – Памир тауы.

Қырғызстанда әлем альпинистрінің назарын өзіне қаратқан жеті мыңдық шыңдар бар. Олар - Хан Тәңірі шыңы (7 005 метр), Ленин шыңы (7 134 метр) және Жеңіс шыңы (7 439 м). Бұл шыңдар альпинистер арасында танымал. Тау шыңдарын бағындыру үшін бөктерінде әртүрлі шатырлы лагерь жасақталады. Туристерге халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетіледі,-деді ол.

Қырғызстаннан Қазақстанға арнайы турлар ұйымдастырылады ма?

Қазақстанға қыдырып баруға ниет танытатын қырғыздар көп. Әсіресе бішкектіктер Алматы қаласына демалыс күндері жиі қыдырып барғанды ұнатады. Осындай сапарларды ұсынатын бірнеше туристік компания бар,-деді ол.

Аталмыш турда Көк-төбе, аквапарк пен жануарлар бағына қыдырып бару - ең таңдаулысы. Сондай-ақ, Медеу мен Шымбұлаққа соқпай кетпейтіні тағы бар.

Ыстықкөл жағасындағы демалыс: қазақстандықтар көп пе?!

Ыстықкөл – туристер үшін ең танымал аймақ. Қазақстандықтар мен ресейліктердің таңдауы көбіне жағажай демалыстарына түседі. Соңғы кездері Өзбекстан мен Қытай саяхатшыларының саны артып келеді.

Қазақстандық туристердің басым бөлісі Ыстқыкөлге келіп, жағажайда жатып демалғанды ұнатады. Алайда бүгінде шытырман оқиғалы туризмді қалайтындар қатары көбеюде: альпинизм, шыңға өрмелеу, Ұлы Жібек жолы бойынша тур, киіз үй бен глэмпингтерде тұру, атқа міну, ескі қамалдарды көру, Тянь-Шань шыңын бағындыру. Сонымен қатар Қырғызстан бойынша ат, мото, вело, джиптур ұйымдастырылады. Елімізде гастротурларға да сұраныс жетерлік. Турист дәмді шығыс тағамынан дәм татып қана қоймай, жергілікті шеф-повардың басшылығымен ас әзірлей алады,-деп қорытындылады Қырғыз Республикасындағы туризмді дамытуды қолдау қорының президенті Кудрет Тайчабаров.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: