Соңғы жылдары «ораза ұстау сәнге айналды» деген пікір жиі айтылады. Шын мәнінде ораза – қазақ үшін жат ғұрып па, әлде ғасырлар бойы жалғасқан діни дәстүр ме? Тарих не дейді, дін мамандары не айтады? Оразаның парыз ретіндегі мәні, көшпелі қоғамдағы мүмкіндігі және бүгінгі әлеуметтік сипаты жайында сарапшылармен сөйлестік.
Ораза – ислам дініндегі бес парыздың бірі. Ал қазақ халқының тарихи өмірінде бұл құлшылықтың орны қандай болды? Қазақ қоғамында бәрі бірдей ораза ұстаған ба деген сұраққа нақты жауап беру оңай емес. Өйткені көшпелі тұрмыс жағдайында діни амалдарды толық орындау әрдайым мүмкін бола бермеген.
Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлының айтуынша, бұл мәселеде біржақты тұжырым жасау қиын. Себебі қазақ халқының өмір салты – мал шаруашылығына негізделген көшпелі тіршілік. Табиғатқа тәуелді өмір, ұзақ сапарлар, ауыр еңбек – мұның бәрі діни парыздарды орындауға кей кезеңде кедергі келтіруі ықтимал. Сондықтан «қазақтың бәрі ораза ұстады» немесе «ұстамады» деп нақты статистика келтіру мүмкін емес екенін айтады.
Дегенмен ХХ ғасырдың басындағы әдеби мұраларға қарасақ, ораза ұстау кең таралғанын аңғаруға болады. Мысалы, сол кезеңдегі жыр жолдарында: «Отыз күн тамам бітіріп, нәпсінің кірін кетіріп, ораза ұстап ай тоқып, қайтқанның қадірін кім білген» деген шумақтар кездеседі. Бұл халық арасында оразаның қадірі жоғары болғанын көрсетеді, – дейді дінтанушы.
Сонымен қатар қазақ мақал-мәтелінде «Ораза, намаз – тоқтықта» деген тіркес бар. Дінтанушының сөзінше, бұл сөздің астарында да тарихи шындық жатыр. Қазақ халқы ашаршылық, жұт, жоқшылық кезеңді басынан өткерді. Кей уақытта күнделікті ас табудың өзі қиын болған тұста ораза ұстау мәселесі екінші қатарға ысырылуы заңды. Яғни, діни амалдар көбіне мүмкіндікке байланысты орындалғанын айтады.
Қолда бар тарихи деректерге сол дәуірдегі шығармаларға, медреселер санына, Түркістан аймағындағы діни оқу орындардың көптігіне сүйенсек, діннің қоғамдық өмірдегі орны айтарлықтай жоғары болғанын байқаймыз. Бұл қазақ қоғамында ислам құндылығы терең тамыр жайғанын білдіреді, – дейді Кеңшілік Тышқанұлы.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, өзін мұсылман санайтын адамдар оразаның парыз екенін мойындағанымен, белгілі бір нақты себептерге байланысты оны ұстамаған жағдайлар да кездескен.
Шариғат бойынша ораза балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы көтеретін мұсылманға парыз. Ал балиғатқа толмаған балаларға ораза міндеттелмейді. Олар тек тәрбиелік мақсатта, шамасы жетсе ғана ұстайды.
Сондай-ақ жүкті және емізулі әйелдерге де жеңілдік қарастырылған. Егер ораза ана мен баланың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін болса, уақытша ұстамауына рұқсат беріледі. Кейін жағдайы түзелген соң қазасын өтейді. Сапарда жүргендерге, жорық жағдайындағы адамдарға да оразаны кейінге қалдыруға мүмкіндік бар. Себебі жол азабы мен физикалық ауыртпалық адамның әл-қуатына әсер етуі мүмкін, – дейді Елбек Тасболатұлы.
Қариялар мен созылмалы дертке шалдыққан науқастар да денсаулығына қарай шешім қабылдауға болатынын айтады. Егер денсаулығы мүлде көтермесе, шариғатта олардың жағдайына сай өтем жолдары қарастырылған. Яғни, имамның айтуынша, исламда ораза парыз болғанымен, адам денсаулығы мен өмір жағдайы ескерусіз қалмайды. Дін жеңілдікті де, жауапкершілікті де қатар ұстанады. Сондықтан тарихта да, бүгінгі күні де ораза ұстамаған жандардың болуы діннен безу емес, көбіне шариғаттағы орынды себептермен байланысты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба деректер қазақтардың Рамазан айын ұстанғанын айқын көрсетеді.
1869 жылы жарық көрген орыс саяхатшысы Николай Фридерикстің еңбегінде қазақтардың діни ұстанымы туралы мынадай пікір айтылады: «Үлкен орда қырғыздары (қазақтары) Мұхаммед дініне көп орыс ойлағаннан әлдеқайда жақын. Ораза кезінде бір ай бойы қырғыздың (қазақтың) бәрі дерлік таң атқаннан күн батқанға дейін нәр татпайды, тіпті су да ішпей, аш жүреді» – делінген. Бұл жазба сол кезеңдегі қазақ қоғамында Рамазан айының кең таралғанын аңғартады.
Ислам дәстүрінде ауыз ашуды құрмамен бастау – сүннет амал. Алайда қазақ даласында құрма өспегендіктен, ол аса қымбат әрі сирек кездесетін жеміс болған. Соған қарамастан, қазақ халқы құрманың қасиетін білген. Халық арасында Мұхаммед пайғамбар, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауимен байланысты құрма жайлы аңыздардың таралуы соның дәлелі.
Дегенмен көшпелі өмір салтында қазақтар ауызды көбіне өздерінің күнделікті тағамдарымен ірімшік, құрт секілді сүт өнімдерімен ашқан. Зерттеушілердің айтуынша, күні бойы су ішпеген адам ағзасында сұйықтық азаяды, ал тұзды құрт ағзадағы минерал тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектескен. Яғни, бұл тек дәстүр ғана емес, тәжірибеден туған өмірлік тәсіл болған.
ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және басқалар мұсылман отбасында тәрбиеленіп, алғашқы сауатын молдадан ашқан. Олар исламды ұлттың рухани тірегі ретінде қабылдады. Көпшілігінің дүниетанымы ислам ағартушылығы бағытында қалыптасып, дінді біліммен, ғылыммен сабақтастыруға ұмтылды. Дінді сақтау – ұлтты сақтау деген ұстаным сол кезеңде айқын көрінді.
Алайда кейбір тұлғаларға қатысты әлеуметтік желілерде тараған мәліметтің барлығы бірдей тарихи дерекке сүйенбейді. Мәселен Әлихан Бөкейхан туралы тараған «түрмеде ораза ұстап, қара сумен ауыз аштым» деген хаттың шынайылығына зерттеушілер күмән келтіреді. Тарихшылар мұндай мәліметтерді растайтын нақты құжат жоқ екенін айтады. Керісінше, Әлиханды діни фанат емес, зайырлы ойлайтын, ұлт мүддесін бірінші орынға қойған қайраткер ретінде сипаттайтын пікірлер басым.
Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне қарасақ, қазақтың діни дәстүрін жақсы білгені байқалады. Ол «Жарапазан» туралы жазбасында: «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан. Ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек сияқты нәрселер береді» деп жазады. Бұл оның Рамазан айындағы халықтық ғұрыптарды терең танығанын көрсетеді. Дегенмен Ахметтің жеке өзі ораза ұстағаны туралы нақты тарихи айғақтар сақталмаған. Ал оның жары Бадрисафаның өмір бойы намаз оқығаны туралы деректер бар.
Түрмеде де бұзылмаған ораза
Кей деректе Міржақып Дулатұлының 1928 жылы тұтқындалып, кейін Соловецк лагеріне айдалғаны айтылады. Сол лагерьде бірге болған Әлімхан Ермеков өз естелігінде Міржақыптың намазын қаза етпей, ораза кезінде барынша шыдамдылық танытқанын жазады. Ауыр еңбекке қарамастан, діни парыздарын орындауға тырысқаны туралы естеліктер кездеседі.
Мағжан Жұмабаев та дінге берік зиялының бірі ретінде сипатталады. Ол 1929 жылы «ұлтшыл» деген айыппен қамауға алынып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылған. Естеліктерде өзгелер тамаққа ұмтылған кезде, Мағжанның ораза үшін аштық сақтауға тырысқаны айтылады. Оның жары Зылиха Жұмабаева «Мағжан намазын оқып, оразасын ұстауға талпынатын. Оның оразасын бұзуға ешкімнің шамасы келмейтін» деп жазған.
Ал қазіргі таңда ораза ұстау сәнге айналды деген пікірлер қоғамда жиі айтылып жүр. Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы статистикалық дерекке қарағанда, бес уақыт намаз оқитындар саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, ораза ұстайтындардың үлесі әлдеқайда жоғары екенін айтады.
Кейбір зерттеулерде халықтың жартысынан астамы, тіпті 59 пайызға дейінгі бөлігі Рамазан айында ораза ұстайтыны айтылған. Ораза – бір айлық құлшылық. Психологиялық тұрғыдан адамдарға оны атқару жеңілірек көрінуі мүмкін. Ал бес уақыт намаз – күн сайын, жыл бойы, өмір бойы жалғасатын тұрақты ғибадат. Оның үстіне намаз оқу үшін дәрет алу, уақытын қадағалау, қыс-жаз демей орындау қажет. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді, – дейді.
Кеңшілік Тышқанұлы оразаның әлеуметтік сипатқа да ие екенін, ауызашар дастарханы, туыс арасындағы байланыс, ортақ рухани атмосфера мұның бәрі адамдарды біріктіретінін жеткізді. Кей жағдайда жұрттың көшінен қалмау, қоғамдық ортаға бейімделу ниеті де әсер етуі мүмкін деп отыр.
Сондай-ақ жастар арасында оразаға қызығушылық артып келеді. Кейбірі оны рухани тазару ретінде қабылдаса, енді бірі денсаулық, диета, ағзаны демалдыру тұрғысынан түсінеді. Бүгінде ауызашарлар тек отбасылық деңгейде ғана емес, мемлекеттік мекемелерде, әкімдіктерде, тіпті жоғары билік деңгейінде ұйымдастырылып жүр. Бұл да оразаның қоғамдық маңызы артқанын көрсетеді, – деді дінтанушы.
Алайда әр адамның ниеті мен ішкі сенімін нақты бағалау мүмкін емес. Оразаның шынайы рухани мәні – адамның жүрегіндегі ықыласқа байланысты. Сондықтан бұл құбылысқа біржақты баға беру қиын екенін айтады.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі маманы Елбек Тасболатұлының сөзінше, қазіргі адамдардың оразасын «сәнге айналды» деп біржақты айту дұрыс емес екенін айтады. Өйткені кешке дейін әдейі аш жүру – оңай нәрсе емес.
Дегенмен кей жағдайда адамның ниеті дұрыс болмауы мүмкін. Бірі оразасын өзгеге көрсету үшін ұстауы ықтимал, енді бірі «оразамын» деп айналасына орынсыз ауыр сөз айтып немесе мінез көрсетіп, зиян келтіріп, өз ұстанымын өзгеге міндет қылуы мүмкін. Бұл құбылысты дініміз құптамайды, – дейді Елбек Тасболатұлы.