Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ташкентте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Үкіметінің басшысын қабылдады. Кездесу барысында қазақ-өзбек қарым-қатынастары жоғары деңгейдегі сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екені атап өтілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты тауар айналымы $4,5 млрд-ты құрады. Екі ел үкіметтері тауар айналымын одан әрі арттыру үшін инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Екі елдің президенттері қазақ-өзбек ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге шығару міндетін қойды. Тауар айналымын арттыру үшін зор әлеует бар екенін көріп отырмыз, сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтардағы өзара іс-қимылдың жоғары нәтижелеріне жету үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмылдырамыз, — деді Олжас Бектенов.
Өз тарапынан Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов екі мемлекет басшылары деңгейіндегі сенімді және достық қатынастар стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайтудың маңызды факторы екенін айтты.
Екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көпжоспарлы қатынастарды одан әрі кеңейту бойынша нақты міндеттерді айқындады. Осы міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға дайын екенімді білдіремін, — деді Абдулла Арипов.
Келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметінің басшысы өңірдегі транзиттік көлік әлеуетін одан әрі арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ су пайдалану саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Оған қоса Олжас Бектенов қазақстандық тараптың Өзбекстанға 255 позиция бойынша $500 млн сомасына экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге дайын екенін атап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша арадағы ынтымақтастықты кезең-кезеңмен дамыту үшін бар күш-жігерді салуға дайын екенін растады.