Қазақ-мажар бауырластығы: екі елді не байланыстырады

20 Қараша, 14:30 679

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды. Будапешт әуежайында мемлекет басшысын Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан күтіп алды. Сапар аясында стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту көзделген. Осы орайда екі ел арасындағы тарихи, мәдени және экономикалық байланыс жайлы баяндауды жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақ-мажар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 23 наурызда орнатылды.1993 жылғы наурызда Мажарстанның Қазақстандағы елшілігі ашылды.1993 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мажарстандағы елшілігі ашылды.

Мәдени-гуманитарлық байланыс

Екі ел арасында тығыз тарихи байланыс бар, себебі қазіргі Мажарстан аумағында XIII ғасырдың бірінші жартысында Торғай даласынан қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары өмір сүріп жатыр.

Қазақ және мажар ғалымдары ортақ тарихи тамырларды зерттеуге өзара мүдделі. Мажарстандағы қыпшақтардың және Қазақстандағы мадьярлардың қоныстану тарихын зерттеу бойынша бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Қазақстандық жоғары оқу орындары 2013 жылғы 19 қарашада қол қойылған ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Мажарстанның адами ресурстар министрлігі арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында мажарлық жетекші университеттермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Мәселен, жыл сайын 250 қазақстандық азамат «Хункарикум» стипендиялық бағдарламасы бойынша Мажарстанның жоғары оқу орындарында оқуға грант алады.

Бүгінде мыңнан астам студент Мажарстанда  бакалавриат, магистратура және PhD докторантурада оқиды.

Бүгінде екі елдің өнер қайраткерлері, ғалымдары мен спортшылары Қазақстан мен Мажарстанда өткізілетін түрлі мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысады. 2014 жылғы 2-3 маусымда Будапештте «Астана» көшесі мен Абай Құнанбайұлының бюсті, ал 2021 жылғы 26 тамызда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Лакителек» халық институтында қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды.

2022 жылғы 26 қазанда Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай «Қазақстан-Мажарстан» достығына 30 жыл» мерейтойлық маркасының тұсаукесері өтті.

Жалпы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастар белсенді дамып келеді. Бұған екі ұлттың тарихи жақындығы және олардың ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді жандандыруға деген ұмтылысы ықпал етеді.

Саяси-стратегиялық қарым-қатынас немесе «атажұртқа оралу»

Осыдан бір жыл бұры, 2023 жылдың 2 қарашасында Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан елімізге мемлекеттік сапармен келген болатын. Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстанның премьер-министрі саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылаған еді.

Виктор Орбан екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалаған еді.

Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор, – деген еді Виктор Орбан.  

Осы кездесуде тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған еді.

Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс еткен болатын.

Біздің халықтар арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтудағы айрықша рөліңізді ескере отырып, I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі, -  деген еді президент.

Ал бір жылдан кейін дәл қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапармен барып отыр. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынас тығыз қалыптасқанын айқындап отыр. 20 қарашада мемлекет басшысын Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның өзі қарсы алды.

Сапар аясында мемлекет басшысы Мажарстан президенті Тамаш Шуйокпен және премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективасын талқылау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Будапешт қаласына мемлекеттік сапармен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен бірге Puskas Arena Park стадионына барды. Онда УЕФА Ұлттар лигасы аясында өтіп жатқан Мажарстан мен Германия құрамалары арасындағы кездесуді тамашалады.

Сауда-экономикалық қарым-қатынас

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастың 30 жылдан астам уақытында сауда байланыстары қарқынды дамып, экономикалық жобалар іске асырылып жатыр. Соңғы үш жылдағы статистиканы қарайтын болсақ, екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығы арта түскен.

2022 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда көлемі 29,1%-ға өсіп, 158,7 миллион долларға жеткен.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы былтыр, яғни 2023 жылдың қорытындысы бойынша 187,5 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9% - ға жоғары. Қазақстаннан Мажарстанға экспорт 2023 қорытындысы бойынша 56,9% - ға төмендеп, 4,7 миллион долларды құрады.

Мажарстаннан Қазақстанға импорт 2023 қорытындысы бойынша 13,3% - ға өсіп,182,8 миллион долларды құрады.

Ал елдер арасындағы тауар айналымы 2024 жылғы қаңтар-тамызда 131,1 миллион долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға жоғары ($123,3 млн).

Қазақстанда 36 мажарлық компания жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы-MOL. Орал маңындағы бұл компания «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен ынтымақтастықта 2023 жылдан бастап табиғи газ өндіреді.

Айдана Мұрат
Бөлісу: