12.09.2025
10:29
1124
Қазақ киносының күні: отандық фильмдер топтамасы

Қазақ киносының күні: отандық фильмдер топтамасы

12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. Қазақ киносы – халқымыздың рухани айнасы, ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытатын мәдениетіміздің биік шыңы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1938 жылы алғашқы толықметражды «Амангелді» фильмінен бастау алған ұлттық кинематография бүгінде әлемдік аренада өз орнын тауып отыр.

Ардагерлердің мұрасы – өшпес қазына, ал жаңа буын режиссерлер мен актерлер қазақ киносын жаңа белеске көтеруде.

Бүгінде отандық фильмдер халықаралық кинофестивальдерде жүлде алып, Netflix, Amazon сияқты ірі платформалардан көрсетілуде. Бұл – қазіргі қазақ киносының жаңа белесі, ұлттық өнеріміздің әлемге кеңінен танылуының айғағы.

Осы орайда назарларыңызға отандық фильмдер топтамасын ұсынамыз.

«Атаманның ақыры» фильмі

«Атаманның ақыры» – Шәкен Аймановтың түсірген соңғы туындыларының бірі. Фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина болды.

Шәкен Аймановтан бастап, ассистенті – Қуат Әбусейітов, операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев бастаған таланттар фильмнің бағын еселеп, мәңгілік ғұмыр сыйлады.

«Қыз Жібек» фильмі

Фильмнің алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталған. Туындының музыкасын Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақышқа келтірсе, әннің сөзін Қадыр Мырза Әлі жазған.

Фильм 1972 жылы ҚазКСР мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сондай-ақ режиссер Сұлтан Қожықов, сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған актерлер – Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов мемлекеттік сыйлық иегерлері атанды.   

«Көксерек» фильмі

Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасы желісімен түсірілген фильм 1973 жылы көрерменге жол тартты.

Фильмнің басты кейіпкері Құрмаштың рөлін Қамбар Уәлиев сомдады.

Туынды 1973 жылы Оскарға ұсынылған тұңғыш қазақ тілді фильм болды. Ал 1974 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальдің бірінші жүлдесіне ие болып, Швейцарияның Локарно қаласында өткен кинофестивальде құрмет грамотасымен марапатталды.

«Бауырына салу» фильмі

Режиссер Асхат Кучинчирековтің дебюттік фильмі. Фильмде әжесінің қолында өскен баланың тағдыры бейнеленеді. Әжесі қайтыс болған соң, ол ата-анасының шаңырағына оралып, жаңа өмірге бейімделуге тырысады. Фильмде қазақтың ежелгі «бауырына салу» дәстүрінің мәні ашылады.

Туынды «Оскарда» «Халықаралық толықметрлі фильм» номинациясына ұсынылды, ал Австрияда «Үздік фильм» атанды.  

«Жаужүрек мың бала» фильмі

Қазақ киносының айтулы туындыларының бірі режиссер Ақан Сатаевқа тиесілі.

Фильм XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде елін қорғаған жас батырлардың ерлігін суреттейді.
Бас кейіпкер Сартай мен мыңдаған қарулаc жастар туған жердің тәуелсіздігі үшін жанын пида етеді.

Фильмнің кастингіне 22 200-ден астам үміткер келіп, мыңға жуық каскадер түсірілімге қатысқан.