Қазақ кино өнерінің бүгінгі келбеті қандай?

21 Мамыр, 16:37 1162

Бүгін - еліміздегі мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Осыған орай, El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қазақ кино өнерінің тарихына көз жүгіртіп, бүгінгі келбетіне тоқталып өтті.

Қазақтың кино өнері сонау 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген «Амангелді» фильмінен бастауын алады. Бұл Кеңес заманының мәдени өміріндегі ауқымды оқиғалардың бірі болды. Фильмнің ұнағаны соншалық, көрермендер залынан шыққан азаматтар келесі сеансқа қайта кезекке тұрған деседі. «Амангелді» фильмінен соң қазақ кино коржыны көптеген үздік туындылармен толықты.

Айта кету керек, сол заманның көркем фильмдерінде адам тағдыры бейнелене отырып, оның рухани ізденісі мен өмірге деген құштарлығы дәлме-дәл жеткізілген.

Бүгінгі күннің актерлары мен режиссерлары киноиндустриямыздың шоқтығын биік ету мақсатында жыл сайын жаңа туындыларды жарыса түсіріп жатыр. Бұл қазақ киносының даму қарқыны артып келе жатқанын байқатады. 

1960-1970 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында жанрлық кино түсіріле бастады. Мәселен, Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» сынды фильмдерін айтуға болады. «Тақиялы періште» - өз жарын кезіктіре алмай жүрген ақкөңіл география пәнінің мұғалімі жайлы ромком. Бұл туындыны Қазақстандағы музыкалық комедия жанрының бастауы деуге келеді.

Сондай-ақ, сол жылдары балалар киносы мен анимация түсіріле бастаған еді. «Менің атым Қожа» туындысы – соның айқын дәлелі.

70-жылдары «Қазақфильм» киностудиясында толықметражды «Қыз Жібек» фильмі көрермендерге жол тартты. 1970-1990 жылдары жарыққа шыққан туындылары арқылы қазақ киносы өркендеудің жаңа сатысына көтерілді десек болады.

Тәуелсіздік алған соң, киностудиялардың қатары толығып, отандық кино саласында өсім байқала бастады. Дегенмен Кеңес үкіметі құлаған соң, аяғына әлі де нық тұра қоймаған бұл сала бірде жоғары, енді бірде кенже қалып жатты. Киностудиялар шығынға ұшырап, салдарынан авторлық фильмдер түсіру қолға алынды. Кейіннен киностудиялар мен мемлекет арасында келісімшарт жасалып, өнердің бұл саласын дамыту үшін бар жағдай жасалды. 

2000 жылдардан бастап индустрия тарихи туындыларды түсіруге бет бұрды. Мәселен, сол кездері шыққан тарихи кинолар қатарына атақты «Көшпенділер», «Сардар», Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» фильмдерін жатқызуға болады. Бұл тарихи сарында түсірілген кинолардың бір бөлігі ғана.

Отандық кинематографияда Ермек Тұрсыновтың да алар орны ерекше. Ол - «Келін», «Мамырдың жеті күні», «Шал», «Кенже», «Шырақшы» фильмдерінің режиссері, сценаристі.

Рүстем Әбдірашов, Қанағат Мұстафин, Ақан Сатаев, Әлішер Утев және т.б танымал кинорежиссерлардың туындылары да өз көрерменін тауып үлгерді.

Кейіннен кино түсіруді шоу-бизнестің басы-қасында жүрген Нұртас Адамбаев, Баян Алагөзова, Нұрлан Қоянбаевтар коммерциялық бағыттағы фильмдер түсіре бастады. Қазір бұл бағытта нан тауып жүргендердің қатары көбейіп барады.

2019 жылы көрерменге жол тартқан Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі соңғы жылдардағы сапалы тарихи фильмдердің бірі де бірегейі деп бағаланды. Кино ежелгі грек тарихшысы Геродот Галикарнастың массагет патшайымы туралы әңгімелейтін шежірелеріне негізделіп түсірілген.

Жас әрі талантты режиссер Қуаныш Бейсектің «Дәстүр» фильмі де қоғам пікірін екіге жарып, көрсетілім жағынан аншлаг жинаған еді.

Соңғы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, репрессияға ұшыраған  қазақ зиялылары жайлы кино мен телехикаялар саны артуда. Мәселен,  Мұрат Есжанның «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты 6 сериялы тарихи драмалық телехикаясы мен «Міржақып. Оян, Қазақ» тарихи, көркем фильмін айтсақ болады. Сондай-ақ 23 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында Ахмет Байтұрсынов жайлы «Соңғы үкім» атты толықметражды көркем фильмі көрсетіледі. Фильмде Ресей империясы мен Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған білімпаз қазақ зиялыларының  алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалады.

«Міржақып. Оян қазақ!» пен «Соңғы үкім» фильмдерін салыстыратын болсақ, екі фильмде де сценаристер мен актерлардың кейіпкер образын толықтай зерттегенін аңғаруға болады. Мәселен, мимика, жестикуляциясы мен сөйлеу манерасы дәл көрсетілген. Киген киімдері мен әшекей бұйымдарының әсемдігі соншалық детальдарға қатты мән бергені байқалады. Бірден көзге түстеді. «Соңғы үкім» фильмінде Ахметтің әйелі Бәдрисафаның образы да нақты бейнеленген. Денсаулығында кінараты бар жазушы әйелінің жүріс-тұрысы мен бетіндегі әжімдерінен-ақ шынайылықтың иісі сезіледі. Сондай-ақ, кинодан қазақ, өзбек, татар, ұйғыр ұлт өкілдерінің бір-біріне деген бауырмалдылығын көруге болады»,-деп ойын білдірді Әдемі Мұртазина есімді көрермен.

Бүгінде киностудиялармен қатар телеарналар да тұлғаларға арналған телехикаялар түсіре бастады. Мәселен, 2022 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» атты алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын баяндайтын телехикаяны айтуға болады. Сондай-ақ, Әлкей Марғұланға арналған «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» телехикаясы, біртуар ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай түсірілген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаясы, геолог-ғалым Сатпаевтың құрметіне «Қаныш. Қазына» сияқты туынды, көрнекті ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабиге арнап «Әл-Фараби» атты 7 бөлімнен тұратын сериал түсірілген болатын.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: