АҚШ-тың Невада штатындағы Блэк-Рок шөлінде жылына бір рет сегіз күнге ғана бой көтеретін ерекше қала бар. Оны мыңдаған адам өз қолымен салып, өнер мен еркіндікке толы ғажайып әлемге айналдырады. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарды біріктіретін, шығармашылықтың символына айналған Burning Man фестивалі.
Burning Man – шығармашылық пен еркіндікті, бірлік пен өркендеуді алға жетелейтін жаһандық мәдени қозғалыс. Биыл бұл бірегей фестивальде алғаш рет Қазақстанның ресми делегациясы қатыспақ. 16 қанат киіз үй, этно-техно музыка, ұлттық тағамдар мен VR-көзілдірікпен түркі әлеміне саяхат қазақ мәдениетін жаһандық аудиторияға таныту үшін маңызды қадам болмақ. El.kz тілшісі делегация жетекшісі Асхат Мұратовпен сұхбаттасып, сапардың мақсаты және Burning Man мен көшпелі рухтың ұқсастығы туралы сұрап білді.
El.kz: Асхат мырза, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Burning Man фестиваліне қатысу және Қазақстан делегациясын басқару идеясы қалай дүниеге келді?
Асхат Мұратов: Мен бес жыл бойы цифрландыру саласында еңбек етіп келемін. Бұған дейін Цифрлық даму министрлігінде Бағдат Мусиннің басшылығымен қызмет атқардым. Министрліктегі миссиямыз аяқталған соң, көптен бері көкейімде жүрген бір арманым - Америкаға жол тарту еді. Бұл елде соңғы рет 20 жыл бұрын болған едім. Сол сапардан бері Силикон алқабы – ІТ технологиялары мен озық идеялардың, прогрессивті қоғамның орталығы ретінде мені ерекше қызықтыратын.
Министрліктен кеткен соң, көп ойланбастан билет сатып алып, виза рәсімдедім де, Америкаға жол тарттым. Жоспарым анық еді: Беркли университетінде білім алу, Тим Дрейпердің акселераторына қатысу, БҰҰ Бас Ассамблеясына бару және Стэнфорд университетінде белгілі профессор Илья Стребулаевтың дәрістерін тыңдау.
Алайда күтпеген бір жағдай менің жоспарымды өзгертіп жіберді. Достарым Илья мен Лераның Burning Man фестиваліне баруға дайындалып жатқанын естідім. Бұл шара туралы бұрыннан әртүрлі стереотиптерім бар болатын. Меніңше, ол аса маңызды оқиға емес сияқты көрінетін. Сол себепті Берклиді қызыл дипломмен бітірген Лера мен сутегімен жүретін ұшатын көлік жасап жүрген, әлемдік деңгейдегі стартап иесі Ильяның да сонда баратыны мені шынымен таңғалдырды.
Кейін басқа да таныстарымнан бұл фестивальге жыл бойы дайындалатынын және оған көптеген алдыңғы қатарлы, жаңашыл адамдар қатысатынын естігенде, қызығушылығым арта түсті. Ақыры көп ойланбай, шара басталуына бір апта қалғанда билет сатып алдым. Дегенмен, бұл шешімімді естіген Лера мен Илья мені райымнан қайтаруға тырысты. Олардың айтуынша, Burning Man-ге бір аптада емес, кемінде бір жыл дайындалу қажет. Мүмкін, олардың сөзі рас болар, бірақ бұл жағдай менің өмірімде мүлде өзгеше өрбіді.
Фестивальге қатысу үшін ең алдымен кемп табу керек - яғни, бірге барар команда мен орта. Ал ондай ортаға кез келген адамды қабылдай бермейді. Іздестіру барысында әрбір кемпке қабылдау алдында арнайы сұхбат өткізілетінін білдім. Онда адам өз құндылықтары мен ұстанымдарын, фестивальге не үшін барғысы келетінін айтып беруі тиіс. Бұл жерде банк шотыңдағы нөлдер де, әлеуметтік желідегі жазылушылар саны да бағаланбайды. Бұл - мүлде басқа мәдениет, басқа әлем.
Фото: Ryan Salm
El.kz: Қазақстан тарихында алғаш рет ресми делегацияның Burning Man фестиваліне қатысуы – ел мәдениеті үшін маңызды оқиға. Неліктен дәл осы жылы мұндай қадам жасауға бел будыңыздар?
Асхат Мұратов: Неге дәл осы жылы? Өйткені келесі жылы Burning Man-нің 40 жылдық мерейтойы өтеді. Біз сол мерейтойға анағұрлым дайын, ауқымды форматта қатысуды жоспарлағанбыз. Ал биылғы сапарымызды келесі жылға дайындық, бір түрдегі жаттығу кезеңі деп санауға болады. Бұл - біріншіден. Екіншіден, мен істерді кейінге қалдыруға үйренбеген адаммын. Өткен жылы өзім барып, жеке тәжірибе жинап қайттым. Сол сапардан кейін достарым, әріптестерім және талантты адамдардың Burning Man-ге баруына жол сілтеп, бір жағынан жол көрсетуші бола аламын деп шештім.
Алайда бәрі күтпеген жерден тез өрбіді. Бастапқыда бұл толыққанды бағдарлама емес, тек дайындық сипатындағы жоба болуы тиіс еді. Бірақ біз бір сәтте үлкен, толыққанды кемпке айналдық.
El.kz: Сіздің командаңыздың басты миссиясы неде? Халықаралық қауымдастыққа қандай идеяларды, құндылықтарды және ұлттық ерекшеліктерді жеткізуді мақсат еттіңіздер?
Асхат Мұратов: Біздің кэмптің негізгі концепциясы атауынан-ақ көрініп тұр. Біз өзімізді тек Қазақстанмен немесе көршілес елдермен шектегіміз келмеді. Сол себепті кэмпімізді «Тенгри» деп атадық. Бұл атау – ашықтық пен кең ауқымды қамтудың белгісі.
Біздің кэмп интернационалдық сипатқа ие. Әрине, басым бөлігі – Орталық Азиядан шыққан, орыс тілінде сөйлейтін қауымдастық өкілдері. Бірақ бұл тек бір аймақтың ғана жобасы емес – біз түрлі елдер мен мәдениеттерді біріктіріп отырмыз.
Біз алып бара жатқан басты құндылықтар мен идеяларымыздың негізінде – өз мәдениетімізді таныту мақсаты тұр. Неге? Өткен жылы Burning Man-де болғанымда, адам қиялы мен мүмкіндігінің шегіне жеткен түрлі өнер туындыларын көрдім. Дегенмен бір нәрсе жетіспеді – ол түркілік, қазақы, жалпы Орталық Азия мәдениеті еді. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін, мен өз кеңістігіміздегі талантты жандарды біріктіріп, халқымыздың бай әрі сан қырлы мәдениетін көрсетуді мақсат еттім.
Бірінші кезекте біз фестивальге ерекше арт-нысан – қолдан жасалған қазақы киіз үй апарамыз. Оны бірнеше ай бойы қазақстандық шеберлер дайындады. Киіз үйдің ішінде қазақтың ұлттық аспаптарына, дәстүрлі киімдерге, шапандарға, көне түркілердің тұрмыстық бұйымдарына, ыдыс-аяқтарына, кілемдері болады.
Сонымен қатар, отандасымыз, қазір «таланттар визасымен» Америкаға қоныс аударған белгілі дизайнер Айдана Омарова біздің жобаға арнайы ұлттық стильде ерекше киім дайындап жатыр. Фестиваль кезінде біз бұл коллекцияны үш түрлі сән көрсетілімінде ұсынамыз.
Музыкалық бағдарлама да ауқымды. Бізге Қырғызстаннан бес белгілі диджей қосылды. Қазақстаннан – Денис есімді алматылық диджей (қазір Канадада тұрады) және Нью-Йорктен Данияр келмек. Біз бәріміз бірігіп, этно-техно бағытындағы ерекше музыкалық лайн-ап дайындап жатырмыз. Бұл композиция Burning Man сахнасында орындалады.
El.kz: Қазақстан делегациясының басты концепциясы мен миссиясы қандай? Биылғы сапар арқылы сіз қандай идеяны, құндылықты немесе мәдени ерекшелікті халықаралық аудиторияға жеткізуді мақсат еттіңіз?
Асхат Мұратов: Біздің ерекше тәсілдеріміз туралы айтқанда, ең алдымен бір жайтты түсіну керек: әлем үшін қазақ мәдениетінің өзі – қайталанбас құндылық. Біз Burning Man сахнасында оны бар болмысымен, ең жарқын қырларымен көрсетуге ниеттіміз.
Бұл жолы біз тек мәдени бағдарлама ғана емес, гастрономиялық таныстыруды да жоспарлап отырмыз. Арнайы екі үлкен қазан дайындадық: біреуі – 100 литр, екіншісі – 50 литр. Осы қазандарда күн сайын палау, сірне, дымляма, сондай-ақ сиыр еті мен тауық еті қосылған тағамдар пісіріледі. Бұл – қонақжайлығымызды, ас мәдениетімізді және ұлттық дәмімізді өзгелерге танытудың бір жолы.
Біздің құрамда кәсіби музыканттар да бар – олар қазақ музыкасының әуенімен фестиваль қонақтарын баурамақ. Сондай-ақ бізбен бірге белгілі фотограф Оспан Әли сапар шегеді. Ол Каспий теңізін қорғаудың маңыздылығын арқау еткен көркем суреттер топтамасын ала барады және оны Burning Man аясында көпшілік назарына ұсынады.
Оған қоса, бізге Қырғызстандағы Тәңіршілдікті зерттеу институтындағы достарымыз қосылды. Олар арнайы біз үшін заманауи VR-ойын әзірледі. Бұл ойын арқылы кез келген қатысушы VR-көзілдірігін киіп, ойын формасында Тәңіршілдіктің тарихына, түркі халықтарының ертегілері мен аңыздарына, сондай-ақ мәдениетіне виртуалды саяхат жасай алады. Осы мақсатта біз арнайы VR-жабдық сатып алдық.
Менің ойымша, мұндай тұжырымдама – мәдениетімізді әлемге танытудың заманауи әрі креативті жолы. Бұл – тек таныстыру емес, адамдарды өз дәстүріміз бен құндылықтарымызды терең сезінуге шақыратын ерекше мүмкіндік.
El.kz: Мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыруда логистика, қаржыландыру, виза рәсімдеу және лагерь ұйымдастыру сияқты қиындықтар туындауы сөзсіз. Осы кедергілерді қалай еңсердіңіздер?
Асхат Мұратов: Қиындықтар жайында әңгіме қозғағанда, бір нәрсені ашық айту керек: Burning Man – мұнда кез келген адам оңайлықпен жете салмауы үшін әдейі ұйымдастырылғандай. Бұл – артық сөз емес, фестивальдің табиғаты солай.
Бірінші үлкен кедергі – билет алу жүйесі. Бұл жерде «сатылым ашылды – сатып ал» деген қарапайым әдіс жоқ. Алдымен арнайы сайтта электронды поштаңды тіркейсің, өтінім жібересің, оны ұйымдастырушылар мақұлдауы керек. Содан кейін үш жылда бір рет қана, нақты белгіленген уақытта өтетін лотереяға қатысасың. Сол сәтте бағың жанып, таңдаулы тізімге енсең ғана билет сатып алу құқығын иеленесің. Яғни фестивальге жетпей жатып-ақ, алғашқы ірі сүзгіден өтесің.
Екінші кедергі – географиялық оқшаулану. Оқиға өркениеттен жырақ, шөлдің қақ ортасында, бір ғана кіретін және шығатын жолы бар жерде өтеді. Қарапайым адам үшін бұл түсініксіз болуы мүмкін: бір тәулікке жуық көлік кептелісінде тұрып, шаңды боран мен аптап ыстықты өткеру – бұл жердің «қош келдіңіз» деген өзіндік сынағы.
Үшінші кедергі – табиғат пен инфрақұрылым. Күндіз – аптап ыстық, түнде – сүйекті сырқыратар суық. Су жоқ, байланыс жоқ, интернет жоқ, душ пен әжетхана қарастырылмаған. Мұнда жайлылық ұғымы артта қалады. Burning Man – демалыс емес, бұл – рухы мықтылардың алаңы, шектеулерді бұзып, жаңа қырларыңды ашуға итермелейтін трансформация ортасы.
Мұндай сынақтардан кейін қалған мәселелер жеңіл көрінеді. Қаржы жинау, киіз үй сатып алу, оны шекарадан өткізу, тасымалдау – мұның бәрі салыстырмалы түрде оңай міндетке айналады. Әрине, тосқауылдарсыз болмады. Мысалы, Қытай шекарасында біз алып бара жатқан ерекше заттарды көрген кеденшілер аң-таң болды. Кемеміздің уақытында жетуі, жүкті кеденнен өткізу, Мәдениет министрлігінен рұқсат құжаттарын алу – бәрі біз үшін нағыз дайындық мектебі болды.
Бір нәрсені түсіндім: егер сен идеяңа шын сеніп, оның қоғамға пайдасын көздесең, бәрі біртіндеп өз орнына келеді. Күшті тек өзіңнен емес, қасыңдағы адамдардан да табасың.
Менің жанымдағы командаға керемет жандар жиналды. Әрқайсысы – ірі компаниялар мен корпорациялардың жоғары деңгейлі басшылары, мол тәжірибелі кәсіпқойлар. Бірақ қызығы, бұл жерде олардың барлығы бәрін өз қолымен істеуге мәжбүр. Себебі Burning Man-де біреуге тапсырма беру деген жоқ – әркім толыққанды қатысып, жеке жауапкершілік алады. Бұл – тіпті топ-менеджерлер үшін де сирек кездесетін, нағыз өмір мектебі.
El.kz: Сіздің ойыңызша, қазақтың көшпелі мәдениетінің философиясы мен Burning Man қағидаларының түпкі мәнінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?
Асхат Мұратов: Burning Man философиясы мен қазақтың, жалпы түркі халықтарының көшпелі мәдениеті арасында көптеген ұқсасықтар бар деп ойлаймын. Ең бастысы – екеуін байланыстыратын ортақ құндылықтар. Мәселен, көшпенділердің өмір салтында да, Burning Man қағидаттарында да риясыз сыйлық жасау, қоғамға ашық болу, бір-біріне көмектесу сынды ұстанымдар маңызды орын алады.
Бұл – материалдық пайда көздемейтін, шынайы сыйластық пен өзара жәрдемге негізделген мәдениет. Мұнда ашықтық, мейірімділік, адалдық пен рухани жомарттық – басты құндылықтар. Көшпелілерде қонақжайлық қандай биік деңгейде болса, Burning Man-де де адамдар бір-біріне дәл сондай ілтипатпен, қамқорлықпен қарайды.
Тағы бір ортақ қыр – өзін-өзі қамтамасыз ете алу, тәуелсіздік пен еркіндік. Көшпелілер табиғаттың қатал жағдайында өмір сүріп, өз еңбегімен, өз білігімен күн кешкен. Ал Burning Man қатысушылары да шөлдің қатаң климатында өз күші мен ресурсына сүйеніп, өмір сүруді үйренеді.
Бұл ортада ерекше дарынды, мықты рухты адамдар көп. Олар тек шығармашылық қабілетімен ғана емес, өмірге деген көзқарасымен, идеяға адалдығымен, өзгелерге деген құрметімен ерекшеленеді. Шынын айтқанда, бұл ұқсастықтарды ұзақ тізбектей беруге болады, бірақ олардың бәрінің түпкі мәні – адам мен қоғамның үйлесімділігі, бір-біріне демеу болу және ортақ рухани кеңістікті қалыптастыру.
El.kz: Қонақжайлылық – қазақ болмысының өзегі. Өзара көмек пен ерікті үлес қағидатымен өмір сүретін ортада бұл қасиетті қалай паш етпексіздер?
Асхат Мұратов: Қазақ қонақжайлылығын қалай көрсетуді жоспарлап отырғанымызға келсек, бұл жолы біз ерекше әрі ауқымды арт-нысан алып барамыз. Тарихта тұңғыш рет мұхит жағалауына көлемі 60 шаршы метр, диаметрі 9 метр, биіктігі 6 метр болатын қолдан жасалған 16 қанат киіз үй жеткізілмек. Бұған дейін мұндай үлкен әрі көркем киіз үй ол жақта болған емес.
Фото: instagram.com/tengri_camp
Бұл 16 қанат киіз үй фестивальдің барлық қонақтарына – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын 80 мың адамға – ашық болады. Мұнда біз қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынып, қазақтың дәстүрлі киімдерін көрсетеміз. Бұған қоса, әр адам арнайы әзірленген VR-ойын арқылы біздің мәдениетімізбен таныса алады.
Киіз үй ішінде фотопанельдерден тұратын көрме де ұйымдастырылады. Онда біз Арал теңізінің тартылуы мен Каспий теңізінің құрғау қаупі мәселесіне назар аудартқымыз келеді. Бұл – табиғат пен экологияны қорғау жолындағы маңызды үндеу болмақ.
Сонымен қатар, біз ұлттық мәдениетімізді – киімімізді, ас мәзірімізді, тұрмысымызды және қонақжайлылығымызды жан-жақты таныстырамыз. Осы мақсатта мыңға жуық арнайы сыйлық дайындап отырмыз: кәдесыйлар, брелоктар, шоколад, тақиялар, камзолдар және тағы басқа көптеген ұлттық бұйымдар.
Біз үшін бұл – тек таныстыру емес, қазақ мәдениетінің жылылығын, мейірімін және жомарттығын әлемге паш ету мүмкіндігі.
El.kz: Фестивальге қатысу Қазақстанның мәдени имиджіне қандай үлес қосады деп ойлайсыз? Бұл бір реттік тәжірибе ме, әлде тұрақты дәстүрге айналдыру жоспарыңыз бар ма?
Асхат Мұратов: Менің ойымша, Burning Man фестиваліне қатысу – Қазақстанның мәдени имиджіне айрықша серпін беретін мүмкіндік. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ең дарынды, ең креативті, ең парасатты жандардың ордасы. Өз есебім бойынша, мұнда Жер шары халқының небәрі 0,00001 пайызы ғана қатысады. Бірақ дәл осы адамдар – ғылым, өнер, технология, мәдениет салаларында жаңа идеялар мен трендтер қалыптастыратын көшбасшылар. Сондықтан Burning Man – кез келген месседжді, идеяны немесе мәдени құндылықты ең нысаналы аудиторияға жеткізудің ең тиімді алаңы.
Бұл фестивальдің бір ерекшелігі – онда кез келген жарнамаға қатаң тыйым салынған. Сенің көрсете алатының – тек өзіңнің кэмпің, өз мәдениетің, өзіңнің мейірімділігің мен қонақжайлығың. Осы тұрғыдан алғанда, Burning Man – біз үшін мәдениетімізді әлемге танытудың, елдің оң имиджін қалыптастырудың бірегей мүмкіндігі. Мен бұл алаңның мультипликативтік әсері өте жоғары болады деп сенемін. Ол елімізге туристер ағынын көбейтіп, Қазақстанға деген жалпы қызығушылықты арттырады.
Жобаға келер болсақ, біз оны жыл сайын өткізу жоспарын құрып отырмыз. Біздің кэмптің мүмкіндігі – шамамен 200 адамға дейін. Ал келесі жылы, яғни Burning Man-нің 40 жылдық мерейтойында, біз 40 киіз үй апаруды жоспарлаймыз. Бұл – үлкен мақсат, бірақ мен оның жүзеге асарына сенемін. Әзірге бұл – жоспар ғана, алайда биылғы сапарымыздан кейін осы жобаға демеушілер мен мүдделі серіктестер табылатынына үміттімін.
Айта кетерлігі, біздің жоба мүлде коммерциялық мақсатты көздемейді. Біз барлық шығынды өз қаражатымыздан өтейміз және ешқандай жарнама жасамаймыз. Бұл – Burning Man философиясының басты ұстанымдарының бірі.
El.kz: Burning Man-ді мәдени дипломатия мен халықаралық диалог алаңы ретінде пайдалану қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
Асхат Мұратов: Burning Man фестивалінің мәдени дипломатия тұрғысындағы әлеуетіне баға берер болсам, ең алдымен айтарым – бұл, ең бастысы, адамдар. Мұнда жиналатындар – шын мәнінде ерекше тұлғалар. Бұрын да атап өткендей, дәл осы жерде сіз Сергей Бринді көріп қалуыңыз мүмкін, ол жай ғана фокустар көрсетіп жүреді. Немесе Илон Маск өз арт-карымен серуендеп жүргенін байқайсыз. Әлемдік деңгейдегі диджейлер, жай ғана жол бойынан өтіп бара жатып коктейль дайындап беретін өнерпаздар, не болмаса Николай Давыдов секілді танымал кәсіпкерлер шаңды көшеде тұрып, асқан қарапайымдықпен асшаян қосылған қытай кеспесін дайындап, бейтаныс адамдарды тегін қонақ қылады.
Бұл фестивальге үнемі әлемнің беделді саясаткерлері, танымал бизнесмендері келіп тұрады. Олардың мақсаты – шабыт алу, өздері сияқты ерекше жандармен танысу, жаңа идеялар табу.
Менің ойымша, барлығын біріктіретін ортақ мақсат – бұл әлемді жақсырақ ету, дамыту, прогреске үлес қосу. Бұл – ең биік мақсат, әрі Burning Man рухының негізі. Сол үшін мен өзімнің айналамда осындай идеяны бөлісетін адамдардың бас қосқанына шексіз қуаныштымын. Біз бір мақсатқа қарай бірге қадам басып келеміз.
El.kz: Қазір командаңыздағы көңіл-қалай? Дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Асхат Мұратов: Команда ішіндегі атмосфера жайында айтар болсам, бізде бәрі – саналы, ересек, өмірлік тәжірибесі мол, өз бетімен шешім қабылдай алатын адамдар. Дегенмен, бір ерекшелік бар: кэмпіміздің 90–95 пайызы – Burning Man-ге алғаш қатысатындар, яғни толықтай жаңадан келгендер. Бұл мен үшін белгілі бір тұрғыда қиындық туғызды. Себебі мен өзім күтуге, алдын ала үміт артуды ұнатпаймын, ешқашан нақты бір нәрсені күтпеймін. Бірақ бұл адамдардың ынтасы мен дайындығы өте жоғары болды.
Ең күрделі міндеттердің бірі – адамды жазғы демалысын мұхиттың арғы бетінде, бірнеше ай бойы дайындықты қажет ететін, шаңды шөлде өткізуге, оған қоса сол жерде жұмыс істеуге және бұл үшін өз қаражатын жұмсауға көндіру. Соған қарамастан, біздің командада керемет рух қалыптасты – бәрі бір-бірімен танысып, шынайы достасып кетті.
Маған осындай керемет адамдарды жинау бақыты бұйырды. Олардың арасында – Гарвард университетінің қазақ профессоры, Нью-Йорктегі танымал дизайнер Айдана Омарова, әйгілі музыкант және диджей Денис (Торонто), белгілі қаржыгер Алия, ол бұл жоба үшін орасан зор жұмыс атқарды, талантты фотограф Оспан Әли, сондай-ақ Бішкектегі тәңіршілдікті зерттеу институтының өкілдері бар. Сонымен қатар көптеген танымал қазақстандық кәсіпкерлер біздің қатарға қосылды.
Әрине, бастапқыда командада болып, түрлі себептермен бізбен бірге бара алмағандар да болды. Біреулердің денсаулығына байланысты кедергілер туындады, ал кейбірінің шұғыл, кейінге қалдыруға болмайтын істері шықты. Дегенмен, сол адамдардың барлығы да өз үлесін қосты: «Асхат, міне біздің үлесіміз, біздің орнымызға басқа біреу барсын» деп, жобаға қолдау көрсетті.
Бұл да біздің команданың басты ерекшелігін көрсетеді: мұндағы әрбір адам – саналы, жауапкершілігі жоғары, өз ісінің шебері және елге пайдасын тигізуге ниетті тұлға. Осындай жандармен бір бағытта жүру – мен үшін үлкен мәртебе.
El.kz: Делегация мүшелері бір-біріне және шетелдік қатысушыларға қандай тәжірибе мен сыйлықтар ұсынуды жоспарлап отыр?
Асхат Мұратов: Тәжірибе сыйлау мен бөлісу жайында айтар болсам, біздің құрамда 30-дан астам ерекше тұлға бар. Олардың әрқайсысы – өз саласының майталманы: кәсіпкерлер, саясаткерлер, мемлекеттік қызметшілер, әртістер, фотографтар, музыканттар, суретшілер, халықаралық әуе жолдарының ұшқыштары, тәжірибелі саяхатшылар. Мұндай әртүрлі бағыттағы адамдардың бір ортада тоғысуы – баға жетпес құндылық, ерекше синергия.
Биыл біздің қатарымызға Қазан қаласынан белгілі саяхатшы Ильяс Минубаев пен кәсіпкер Линар Гильфанов қосылды. Олар әлемнің бірнеше елінде түрлі бизнес жобаларды сәтті жүргізіп келеді. Менің ойымша, осындай түрлі көзқарас пен тәжірибеге ие жандардың ынтымақтастығы – болашақта әлемдік деңгейдегі ірі жобалардың бастамасы болмақ.
Сыйлықтарға келсек, біз арнайы мыңға жуық кәдесый дайындап отырмыз. Дегенмен, іштей бұл да аздық етуі мүмкін деген ой бар. Бірақ біз үшін бастысы – тек сыйлық беру ғана емес, адамдарға шынайы қонақжайлықты сезіндіру. Киіз үйімізде қонақтар демалып, тынығып, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ мәдениетінің жылуы мен мейірімін сезіне алады.
Біз адамдарға тек заттық сыйлық емес, жүрек жылуын, мәдениетіміздің тереңдігін және ұмытылмас әсер сыйлауды мақсат етеміз.
El.kz: Фестивальден соң шетелдіктердің санасында Қазақстан туралы қандай оқиға, көрініс немесе әсер қалдырғыңыз келеді?
Бұл сапар – тек таныстыру емес. Біз жаңа жобалардың, стартаптардың, бизнес бастамалардың, мәдени бағдарламалардың, музыкалық коллаборациялардың дүниеге келуіне жол ашқымыз келеді. Мұның барлығы – Жер бетіндегі адамдардың дамуы мен ортақ игілікке қызмет ету үшін жасалады.
Burning Man ешкімді жасына, қаржылық жағдайына, физикалық мүмкіндігіне, мәдениетіне, дініне немесе басқа да белгілеріне қарап бөлмейді. Мұнда ең бастысы – сенің қандай адам екенің. Өзгелер сенімен араласқысы келе ме? Бірге бір іс атқарғысы келе ме? Сен бұл әлемге қаншалықты ашықсың, қаншалықты мейірімдісің және оған қандай пайда әкелгің келеді – міне, осы сұрақтар маңызды.
Ең түпкі сұрақ – «Мен не үшін дүниеге келдім? Менің мақсатым мен миссиям қандай?» Осы сұрақтарға жауап тапқан адам ғана әлемге шын мәнінде пайда әкеледі деп ойлаймын.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!