Қазақ киіз үйі алғаш рет Африкада таныстырылды

13 Желтоқсан 2022, 00:20 1935

Іс-шара UNECA-дағы жыл сайынғы Дипломатиялық базар аясында өтті

Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында БҰҰ-ның Африка елдеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (UNECA) алаңында алғаш рет қазақ киіз үйінің тұсаукесері болды, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шара UNECA-дағы жыл сайынғы Дипломатиялық базар аясында өтті. Тұсаукесерге Аддис-Абебадағы БҰҰ органдарының, Африка одағы комиссиясының, Эфиопияның мемлекеттік органдарының қызметкерлері, Аддис-Абебада аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ Африкадағы Қазақстанның Достар клубының мүшелері қатысты.

Сондай-ақ «Қамажай» және «Қара жорға» қазақ халық билерінен, Абайдың поэзиялық шығармаларынан тұратын мәдени бағдарлама көрсетілді.

Қатысушылар ұлттық ою-өрнектермен, қазақ музыкалық аспаптарымен, тұрмыстық заттармен және ұлттық костюмдермен безендірілген қазақ киіз үйінің безендірілуіне ерекше қызығушылық танытты. Қонақтарға қазы, бауырсақ, жент және басқа да қазақ ұлттық тағамдары ұсынылды.

Африка елдерін мәдениетімізбен және ЮНЕСКО-ның материалдық мәдени мұра тізіміне енген киіз үймен таныстыру биыл аяқталатын Қазақстан бастамасымен белгіленген БҰҰ мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы, сондай-ақ мәдениетаралық диалог пен ынтымақтастықты дамыту контекстінде маңызды мәнге ие болды.

EL.KZ
Бөлісу: