Қазақ боксының тарихы бір есімнен басталады. Ол – Шоқыр Бөлтекұлы. Рингте 199 рет жеңіске жеткен, КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ, тағдырмен тайталасып өскен қайсар тұлға. Оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің айнасы. Теңіз жағасында жетім өскен баланың ұлттық спорттың іргетасын қалай қалағанын, майданнан оралып шәкірт тәрбиелегенін, қатал заманда тегін «ұлы» деп қорғағанын қаншалықты білеміз?
Шоқыр Бөлтекұлы – қазақ боксының негізін қалаған тұлға, Қазақ КСР-інің үш мәрте чемпионы және спорт шебері атағын алған алғашқы қазақ спортшысы. Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Қиын тағдырға қарамастан, қазақ спортын дамытып, ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
Оның есімі әкесінің ырымымен байланысты. Аңызға сүйенсек, әкесі Бөлтек қарапайым балықшы, бірде теңізде балық аулап жүргенде ауына үлкен «шоқыра» деген балық түскен екен. Ұлды болған Бөлтек оны жақсы ырымға жорып баласына Шоқыра деп ат қояды. Кейін оны ауыл-аймақ Шоқыр деп атап кеткен екен.
Аты аңызға айналған тұлғаның бекіре тұқымдас шоқыр атты балықпен орайлас аталуы да тегін емес. Оның қиын тағдыры мен мақсаты жолындағы қайтпас қажырлы тұлғасы осыны аңғартса керек. Әкесі Бөлтек бір күні ерте көктемде теңіз үстіне шығып, қатпаған мұз құрсауы бұзылып суға кетіп бақилық болады. Ашаршылық жылдары Шоқыр әкеден мұраға қалған қайықпен балық аулап, ел асырайды. Сөйтіп жүргенде 1932 жылы анасынан да айырылады.
Әке-шешесінен ерте көз жазған Шоқыр сол бір қиын-қыстау шақтарда туған қарындасынан да айырылып қалады. Ашаршылық нәубаты қарсаңында Форт-Шевченко қаласындағы жетiмдер үйіне тапсырылып сонда өсіп-ер жетеді.
Ажал толқындармен алысып, қайық есіп, балық аулап өскен бала жігіт қарулы болатын. Шоқырдың денесі киіктің асығындай шымыр, әсіресе қолы мен денесі аса қарулы болған көрінеді. Алматының базарында өз әділдігі үшін төбелесіп, талай қарсыласын сілтеген жұдырығымен баудай түсіретін жігіт туралы әңгіме ел ішіне тез тарайды. Әркез табиғи талантты іздейтін сол кездегі бокстан Алматыдағы жалғыз жаттықтырушы Владимир Беляниннің құлағына жетеді. Шоқыр бокс залына келген алғашқы айларында-ақ бұл үйірмеге екі-үш жыл қатысқан қатарластарын айқын ұтатын деңгейге жетеді.
Шоқыр Бөлтекұлы таудай талабының арқасында екі жоғарғы оқу орнын бітірген. Киевтегі көркемсурет академиясын және дене тәрбиесі институтында білім алып, бокспен 1936 жылдан айналысып, өзінің соңына шәкірттер ерткен. Сол уақытта құрылған темспорт қоғамының қабырғасында өзі де бокс қолғабын киіп үйрене бастайды. Әрі өзгелерге де үйретеді.
Алғаш рет 1937 жылы Алматы қаласында бокстан ел біріншілігін ұйымдастырып, қазақ боксының тарихын бастап береді. Бокс спортының тарихында бұл қоғам кейін кең өріс алып, «Динамо» және «Спартак» болып кеңейеді.
Шоқырдың жігіттік шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келеді. Майдан алдындағы дайындық мектебіне қабылданып, 1941-1945 жылдары соғысқа қатысады. Жарақат алған соң, Алматыда жаттықтырушы болып еңбек етеді. «Спартак» қоғамында жұмыс істеп, КСРО чемпионатында топ жарып, қазақ жастары арасында бірінші болып спорт шебері деген дәрежеге қол жеткізеді.
Қазақстанның үш мәрте чемпионы болған Шоқыр рингке 223 рет шығып, 199 жеңіске жетеді. КСРО спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ. Республика бойынша 800-ден астам шәкірт дайындады.
Қытай еліне жасырын барған саяхаты үшін құқық қорғау орындарының бақылауында болған. Мемлекеттік тергеу орындарының қызметкерлері бірнеше рет жауапқа тартып, біраз уақыт тергеген деген дерек бар.
Бірде оны Ішкі істер халық комиссариаты бөлімшесіне шақыртып, Қабанов деген тергеуші: «Сіздің тегіңіз неге "Бөлтеков" емес деп сауал тастайды». Сонда Ішкі істер халық комиссариатының тырнақ астынан кір іздегенінен қажыған қайсар мінезді Шоқыр: «Себебі мен Қабанның емес, Бөлтектің ұлымын» деп тік жауап қатқан екен. Қылышынан қан тамып тұрған 1940 жылдары өз тегін «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақ – Шоқыр Бөлтекұлы.
Бауыржан Момышұлы: «Екі қазақ бар – бірі мен, екіншісі Шоқыр» деген. Шоқыр суретшілік қабілетімен де ерекшеленген, Бакудегі училищені бітіре алмаса да, қабілетінің арқасында салған суреттерімен айналасын тамсандырған. 1940 жылдардан «Социалистік Қазақстан» газетіне спорт туралы соның ішінде жаттықтырушы әдістері мен баулыған шәкірттерінің шеберліктері қақында түрлі жанрда материалдар жазып отырған. Зерттеушілердің айтуынша оның бокс тарихы туралы жазған кітабы жоғалған.
Атақты боксшының жары Нұрсұлу Тапалова – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы балерина. 1936-1938 жылдары аралығында Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театырында балет әртісі, 1939-1941 жылдары балет бишісі, 1945 жылдан прима балерина болып жұмыс істеген.
Бірде оқушы Нұрсұлу шалғайдағы ауылға іс-сапармен барған әйгілі Ахмет Жұбановтың назарына ілігеді. Көп ұзамай Алматыға келеді. Ажарынан ай, келбетінен күн көрінген қазақ қызы табиғи болмысы мен бітімі арқылы айналасын баурап алады. Қазіргі опера және балет театрының қасындағы студиядан екі жыл ғана білім алып, кәсіби шеберлігі толыспаса да, сырға толы сиқырлы өнерімен көптің көзіне түседі. Ұстаздары Нұрсұлу Тапаловаға театрдағы ең жетекші рөлдерді ұсына бастайды. 1936 жылдары қазақ академиялық опера және балет театрының бишісі болған Нұрсұлу Тапалова 1947 жылы Қазақ КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі атағын 24 жасында алған.
1947 жылдың күзінде Шоқыр біржолата бапкерлікке бет бұрады. Сол уақыттарда Қазақ опера және балет театрында суретші болып қызмет атқарып жүрген қазақ би өнерінің жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен танысып, 1954 жылы шаңырақ көтереді. Осылайша, қазақтың тұңғыш боксшысы мен тұңғыш балеринасы отбасын құрады.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы ізбасар шәкірт тәрбиелеп, оларды бокска баулу үшін алақандай алаң іздеп опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алады. 1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтеді. Оған 50 спортшы қатысады. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер Одағының біріншілігіне қазақ елінің құрама командасын Шоқыр Бөлтекұлы бастап барады.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер, бірнеше тілді меңгерген полиглот. Туған топырықтан дарыған қасиеті оны батыл мінезді, тура айтатын, ұлтын сүйетін рухы биік тұлға ретінде қалыптастырды. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында дүниеден озды. Араға төрт жыл салып, зайыбы Нұрсұлу Елубайқызы да көз жұмады.
«Нұрсұлудың басынан бағы тайып, сұлулығымен дарыны өзінің басына таяқ болып тиді» деп санайтын алып-қашпа әңгімелер бар көрінеді. Мұндай пікірлерді терістеу үшін зерттеушілер терең зерттеулер керек екенін айтады. Екеуінің Айсұлу, Тоты есімді қыздары бар.
Шоқыр Бөлтекұлының елін шексіз сүйген ұлтшылдығы, асқан патриоттығы мен өте қарапайымдылығы, жомарттығы, тағдырдың талай тауқыметін көрсе де, қайыспаған қайсарлығының бәрі қазір бәрі жыр аңыз.
Бүгінде жыл сайын Ақтау қаласында боксшыны еске алуға арналған ересектер арасында халықаралық туринир өтіп тұрады. Бұл жарыс IBA ресми күнтізбесіне енген мәртебелі жарыс. Шетпе ауылында Шоқыр Бөлтекұлы атында спорт мектеп бар. Шоқырдың есімін мектепке халықтың өзі берген. Шоқыр Бөлтекұлы – тағдырдың дауылына сынбай, ұлттық рухты спорт арқылы асқақтатқан тұлға. Қазақ боксының тамыры тереңге жайылса, сол тамырдың бастауында Шоқыр Бөлтекұлы тұр.