Бүгін бокстан дәстүрлі Азия чемпионаты ресми түрде бастау алды. Былғары қолғап шеберлерінің сары құрлықтағы біріншілігіне Қазақстан боксшылары 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде біздің сыралғы саңлақтар сан рет ел әнұранын айбынды жарыстарда асқақтата білді. Осы орайда EL.kz ақпарат агенттігі ұлт боксына щолу жасап, талдап көрген еді.
Биыл Париж Олимпиадасы Қазақстан боксшылары сәтті болды дей алмаймыз. Дегенмен, Токиомен салыстырған қос қола жүлде бұл сынға жалқы күміске айналды. Парижге барған 7 боксшының тек біреуі ғана жүлде алуы ұят спортындағы дабыл қағарлық жағдай болды деуге болады. Осыдан кейін федерациясы басшылығы бірден бас бапкерді ауыстырып, машықтандырушы мамандар құрамын толық жаңартты.
Осылайша екінші рет бас бапкер болып тағайындалған Мырзағали Айтжанов кетіп, екінші рет Қайрат Сәтжанов бас бапкерлік тізгінді қолға алды. Ол қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында Шымкентте өткен Қарақозы Әбдіәлиев еске алуға арналған турнирде құраманы қайта жасақтап, Азияға баратын үміткерлер тізімін жасақтады. Соған орай саңлаң спортшыларды саралап бапкерлер құрамымен ел намысын сынға түсетін байрақты бәсекеге кімдерді апаратыны белгілі болған еді.
Сонымен, 29 қараша мен 11 желтоқсан күндері аралығында Таиланд Корольдігіне күллі әлемнің назары аумақ. Себебі, бұл елдің Чиангмай қаласында өтетін Азия чемпионаты құрлықтың мықтыларын анықтайды. Бүгін турнирдің жеребесі тартылып, рәсім бойыша боксшылардың қарсыласы анықталды. Бұл бәсекеде 13 салмақ бойынша 117 ер боксшы қатысқалы отыр. Әрине, бұл құрлық үшін аз ғана боксшы. Әр салмаққа 10-14 боксшыдан ғана келеді. Сондай-ақ, 86 және +92 келіде тек 5 боксшыдан сыға түседі. Демек, бұл салмақтағы отандастарымыз жарысты бірден жартылай финалдан бастайды.
Айта кететін елеулі жайт бар. Бұл сында отандық гүрзі жұдырықты сегіз боксшымыз Өзбекстан боксшыларымен кездесуі мүмкін.
2021 жылы жарқ ете қалған жаңа есім болған Санжар Тәшкенбай 48 келіде Азия біріншілігіне кезекті рет қатысады. Ол 48 келіде жақында Шымкентте өткен турнирде күміспен күптелген еді. Алайда финалда көкшетаулық қарымды боксшы, әлем чемпионы (2021 ж) Теміртас Жүсіповке қарсы айқасқа жарақатына шықпаған еді. Алайда бапкерлер кеңесе келе 48 келіде жас пері Санжар Тәшкенбайды топқа қосуды жөн көріпті. Бұл додада аталған салмақ бойынша 11 боксшы сынға түседі. Демек, Санжарға чемпион атану аса қиынға соқпауы тиіс. Ол турнирді ширек финалдан бастайды. Ал қарсыласы Тәжікстан өкілі Мехрон Шафиев пен қырғыздың сақа спортшысы Анваржан Ходжиевтің арасындағы мықтымен кездеседі. Жартылай финал жолдамасын отандасымыз осы екеудің бірімен сарапқа салып көрмек. Әрине, бабымен бірге бағы қатар шапшса, Санжар Азияны екінші рет ұтады деген бек сенімдеміз. Егер жартылай финалға шықса Санжарды Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жапонның жас боксшысы Казума Аратеке күтіп тұрмақ.
51 келідегі үміт Сәкен Бибосыновқа артылып отыр. Ол Парижде ширек финалда сүрініп, сынға ұшыраған еді. Алайда Мырзағали Айтжановтың төл шәкіртіне жаңа бапкер Қайрат Сәтжанов та қайтадан сенім артып отыр. Бұған дейін ел спартакиадасының финалында 51 келіде Сәкен мен Санжар кездескен еді. Алайда төрешілер жеңісті Сәкенге берген. Бірақ Сәкен Олимпиададан кейін 54 кеілде сынға түсіп, финалға дейін жетті. Шымкент турнирінің финалына жарақаты бар деген желеумен шықпаған еді. Алайда бас бапкер оны төменгі, яғни өз салмағында қайта сынауға бел буыпты. Бұның қаншалықты нәтижелі шешім екенін біз Таиландтағы Азия біріншілігі аяқталған соң білетін боламыз.
Сәкен Бибосыновтың салмағында 11 боксшы сынға түседі. Ал оның ширек финалдағы қарсыласы Өзбекстандық Асылбек Жалилов пен моңғолиялық Давадорж Лхагапдорждың бірі болады деп күтіліп отыр.
54 келіде Махмұд Сабырхан Азияда өз әлеуетін тексереді. Ол Париж Олимпиадасына қатысып, 57 келіде бақ сынап еді. Бірақ бағы шаппай, алғашқы айналымда Испания боксшысынан айласын асыра алмады. Бірінші айналымда тауы шағылған ол осылай елге көптен бұрын ерте қайтуға мәжбүр болып еді. Алайда Қайрат Сәтжанов 54 келіде Махмұдтың әлеуетін Азияда пайдалуған бел буып отыр. Махмұд Сабырхан бұған дейін екі әлем біріншілігінен жүлде алған еді. Мәселен, 2021 жылы Сербияда өткен додада күміс жүлдегер атанып, финалда жапониялық былғары қолға шеберіне аз ғана нәтижемен есе жіберіп еді. Ал бұл олқылықтың орнын ол Тәшкентте өткен әлем біріншілігінде толтырды. Сол сында Сабырхан әулетінің баласы финалға дейін барлық қарсыласын ұтты. Шешуші сәтте қапы қалмай, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Осылайша ол әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізіп еді. Өкінішке қарай, 2023 жылдың жазында «Елорда кубогы» турнирінде 57 келіде бақ сынаған Махмұд үздік атанып, Азия ойындарында ел үмітін арқалап барған еді. Бірақ сәтсіздікке ұрынып, тауы шағылып елге қайтты. Келген соң елдің спартакиада ойындарында топ арып, жолдама беретін Италияда өткен турнирге барып келді. Бірақ жолы болған ол Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін алып қайтты. Бірақ, бұл оған сәтті қадам болмады.
54 келіде Махмұд Сабырхан Азия чемпионатында 11 боксшымен бірге бақ сынайды. Оның алғашқы қарсыласы 1/8 финалда мьянмалық Ян-Лин Лей болмақ.
57 келіде Азиядағы жаңа есімдердің бірі Оразбек Асылқұлов болуы әбден мүмкін. Бас бапкер сенім артқан саңлақ 57 келіде 13 боксшы арасындағы ең жұмбақ есімдердің бірегейі. Оның алғашқы қарсыласы 1/8 финалда Зулхейлейн Мохамад деп күтіліп отыр. Егер жеңіске жетсе, ширек финалда Таиланд немесе Тайпек өкілімен қай жеңгенімен жолы түйіседі.
60 келіде Азия біріншілігінде 12 боксшыла қатысады. Бұл салмақта ұлттық құрама намысын Бибарыс Жексен қорғайды. Ол 1/8 финал Дилшод Абдумуродовпен кездеседі. 1/4 финалға өткен Таиланд өкілі Хунатип Пиднух пен Тәжік боксшысы Акмал Убайдов арасындағы жеңімпазпен жартылай финал жолдамасын сараптайды.
63,5 келіде Париж Олимпиадасына қатысушы Мұхамед Сабырқұлы 10 боксшымен бірге Азияның жүлдесінен өз еншісі үшін барын салатын болады. Од жарысты шерек финалдан бастап, таиландтық Сомчай Вонгсуванмен өзара мықтыны анықтамақ.
Ал 67 келіде Дулат Бекбауов Азияның чемпионы атану үшін сынға түседі. Қайрат Сәтжанов сенім артқан Жамбыл облысының өкілі 2023 жылы әлем чемпионатында күміспен күптелген. Енді ол Азия чемпионы атану үшін барын салады. Айта кететін бір жайт, сәуір айында Дулат Бекбауов Париж Олимпиадасына қатысудан үмтіті болып, 63,5 келіде спаррингтік бәсекеге қатысқан еді. Алайда ол шешуші айқаста Мұхамедсабыр Базарбайұлынан ұтылып, Парижге баар алмады. Енді ол олимпиадалық емес салмақта өз мүмкіндігін кезекті рет байқап көреді.
71 келіде Париж Олимпиадасына қатысқан Асланбек Шымбергеновтің орнына жаңа боксшы ел сенімін арқалап отыр. Оны кім десеңіздер, Рио және Токио Олимпиадасына қатысқан Абылайхан Жүсіпов. Ол кәсіпқой боксқа кетіп, қайтадан ұлттық құрамаға оралды. 3 жылдан астам құрамада болмаған Жүсіпов енді құрамада өз орнын анықтап, алда Азия чемпионы атану үшін барын салмақ. Жүсіпов 2017 жылы Азия чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанған. Сонымен бірге, ол 2017, 2019, 2021 жылдары әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Екі Олимпиадаға қатысқан ол алғашқы айналымнан жарысты аяқтап, елге жүлдесіз қайтқан еді.
71 келіде Азия чемпиоантына 14 боксшы қатысатын болса, Абылайхан Жүсіповтің алғашқы қарсыласы ширек финалға дейін анықталады. Олар 1/8 финалда шаршы алаңға шығатын Түрікменстан және Тайвань елдерінің боксшыларының бірі болғалы отыр.
75 келі салмақта Диас Молжігітов жарысқа тас-түйін дайын дейді мамандар. 10 боксшының арасынан Азия чемпионы атану отандасуға қиынға соқпас. Дегенмен, оның ширек финалдағы қарсыласы Жапонияның азулы боксшысы Дайго Сунаға болмақ. Бұл сын Молжігітов үшін мол тәжірибе болары сөзсіз. Алайда оның шаршы алаңдағы әлеуетіне алдағы күндері куә болмақпыз.
80 келіде Париж Олимпиадасының күміс жүлдесін алған Нұрбек Оралбай Азия чемпионатына қатыспайды. Мұрнынан жарақат алған әлем чемпионы біраз уақыт емделіп, құрамаға жаңа жылдан кейін қосылмақ. Ал әзірге оның орнын 10 боксы арасында Ерасыл Жақпеков қорғайды. Жақпековке ширек финалда қырғыздың қарымды ұлы Сағын Сатыбалдыұлы қарсылас атанады.
86 келіде Бекзат Нұрдәулетов Азия алтыны үшін айқасады. Токиоға барып жүлдесіз қайтқан әлем чемпионы ұзақ уақыт үзіліс алып, енді ғана құрамаға қайта қосылып отыр. Ол жақында ғана Шымкентте өткен турнирде топ жарып, жаңа салмақта өз әлеуетін тексеретін болып отыр. Бірақ жаңа салмақ маңғыстаулық боксшының оң жамбасына келе қояр ма? Сол аса маңызды. Ал бұл чемпионаттта оның бірінші қарсыласы Украина боксшы болғалы отыр. Таңқала отырып айтатын жайт, Украина биыл алғаш рет Азия чемпионатына қатысуға рұқсат алды. Азия бокс қауымдастығы неліктен мұндай шешім қабылдады? Бұд әзірге белгісіз болып отыр. Көптің көкейінде де осы сауал туындап, қызығушылық танытып отырғаны сөзсіз. Нұрдәулетов осылайша жартылай финалға украиналық Данило Жасанмен өзара мықтыны анықтайды.
92 келіде Сағындық Тоғамбай Азияның алтынын алуға тырысады. Былтыр Азия Ойындарында бокстасқан саңлақ спортшы қола жүлдені алғанын ескерсек, Азия біріншілігінен жүлде алу оған аса қиын бола қоймас. Оның бірінші қарсыласы Өзбекстанда тұратын этникалық қазақ боксшысы болуы әбден мүмкін. Себебі, ширек финалда жарысты бастайтын отандасымыздың қарсыласы Мадияр Сайдрахимов болғалы отыр. Ол 2021 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Ал жартылай финалға жетсек, Қытай боксшысы Теймиао Лю де Тоғамбайды асыға күтіп отыр.
+92 келіде небәрі 5 боксшы ғана сынға түседі. Сондықтан Айбек Оралбайға жүлде алуға оң мүмкіндік туып тұр. Айбек Оралбай жарысты жартылай финалдан бастап, өзбекстандық Жахонгир Закировпен шеберлік байқасады. Ол боксшы бқған дейін жастар арасында әлем біріншілігінде чемпион атанған. Ал бұл салмақта бокстасқан Қамшыбек Қоңқабаев осымен құрамадан кетіп қалды ма деген сауал көпшілікті алаңдатады. Бірақ бапкерлер оны алда 92 келіде додаға салып, шамасын тағы байқап көрмек екен. Ал Айбек Оралбай бұған дейін ел спартакиадасында +92 келіде сынға түсіп, финалға дейін жеткен еді. Бірақ финалда ол Қамшыбек Қоңқабаевпен айқасуға шаршы алаңға шықпады.
Қалай десек те, 11 желтоқсанға дейні қазақ бокс жанкүйерлерін нағыз қызықты додалар күтіп тұр. Таиланд төрінде сынға түсетін 13 саңлақтың кемі оны жүлде аларына және күмән келтірмейміз. Бұл сында қазақ боксшылары арасында 4 әлем чемпионы барын атасақ, кеудені мақтаныш кернейді-ақ. Оның бірі Санжар Тәшкенбай. Жас боксшысы 2021 жастар арасында Азия және әлем чемпионы атанды. 2023 әлем чемпионы атанып, құрамадағы орнын айшықтап қойды. Бұдан бөлек, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Бекзат Нұрдәулетовтер де әлем чемпионы атанған сыралғы бокс шеберлері. Олар үшін бұл жарыс жауапты емтихан тәрізді болары анық. Ал Абылайхан Жүсіпов секілді бірнеше дүркін әлем біріншілігінің жүлдегерлері де бұл додада намысты қолдан бермесі бесенеден белгілі.
Қайрат Сәтжанов 2021 жылы бас бапкер болып тағайындалған соң әлем біріншілігінен бірден 2 алтын, 2 күміс, бір қола медаль иеленіп айды аспанға шығарып еді. Алайда білікті маман 2022 жылдың соңында түсініксіз жағдайда құрамадан кетіп біраз уақыт жастар командасын жаттықтырды. Ол кезінде жасөсіпрімде, жастар құрамасын да жаттықтырған өз ісінің білгір маманы. Сонымен бірге, Азамат Мақажанов, Асқар Еркебаев сынды аға бапкерлер де құрама спортшыларын баптауда оң септігін тизері сөзсіз.
Жалпы, Азия чемпионатында бірнеше дүркін чемпион атанған қазақ саңлақтары көп емес. Оның ішінде Василий Левит 3 мәрте топ жарғанын ерекше мақтанышпен атауымыз қажет. Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов сынды Азияның екі дүркін чемпиондары қазақ боксында мақтанышпен айтылады.
Дәл қазір әлем қазақ боксының шоқтығы бір елі де төмен емес. Токио мен Париж Олимпиадасында алтысыз қалды демек, боксшылардың шамасы алтын алуға әбден жетеді. Бірақ, бап пен бақ қатар шапса, уыс толы алтыннан кенде болмасымыз белгілі.
Себебі, дәстүрі сонау Шоқыр Бөлтекұлынан басталатын қазақ бокс мектебі қай кезде де бәсекеге қабілетті. Беріде Серік Әбденәлиев, Әбдісалан Нұрмаханов сынды гүрзі жұдырықты боксшы һәм қайталанбас бапкерлер ұлт спортының ұстынына айналды. Беріде, Тұрсынғали Еділов, Ермахан Ыбырайымов, Дамир Буданбеков, Мырзағали Айтжанов, Ғалым Кенжебаев жалғаған даңғыл жолдар көпшілік үшін аңыз һәм тарих. Мұндай қатпар тарих бұл жолы Таиландта ерекше жазылып, үміт артқан ел ұландары сенімнің ұшар биігіне шығып, жанкүйерлерлердің алып-ұшқан көңіліне еш қаяу түсірмейді деген ойдамыз.
Бокстағы Қазақстан құрамасының алатын орнымен ешкім таласпайды. Тек соңғы жылдары төрешілердің қысымымен жүлдеден тыс қалып жүрген ұлт ұландарына еш өкпе жоқ. Бірақ бермеген жеңісті жұлып алатын Санжар Тәшкенбай сынды ұлдарға қарап өскелең ұрпақ бой түзейді. Сол арқылы жастар боксқа барып, бүгінде елімізде аталған спорт түрімен айналысатындардың қатары бұрынғыға қарағанда арта түскен. Бұл біздің елде бокстың қаншалықтың дамуына әсер еткенін елеулі жағдай. Себебі, Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарында уыс-уыс етіп медаль әкелген ерен ерлеріміздің жетістігіне әр үйдегі өсіп келе жатқан жас ұландар куә.
Бүгін жеребесіі тартылған додада отандастарымыз сәтті өнер көрсетіп, елге айтулы жетістікпен оралады деген сенім мол.