22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алдыСахнаға шыққанда шашының ұшы жер сызған, ал жанары тұтас бір дәуірдің мұңын, қуанышын, өр рухын сөйлеткен Шара Жиенқұлова қазақ биін тек билеп қана қойған жоқ. Оны ұлттың жанына айналдырды. Бірақ көрермен көрген сұлу қимылдың ар жағында жалғыздық, сағыныш, сатқындық пен өнерге деген өлермен адалдық жатқан еді. Қазақ би өнерінің аңызына айналған Шараның өз естеліктерін ұсынамыз.
1928 жыл менің кәсіби бишілік жолымның басталған жылы болды десем, артық емес. Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры сол кезде Алматыға гастрольмен келді. «Қызылордадан ел астанасы көшеді, театр да осында қалады екен» деген жақсы хабарлар ел арасына тарап, көңілге үміт ұялатты. Айтқандай-ақ, театр Алматыда тұрақтап, «Орион» клубының үйіне қоныстанды.
Мен жұрттан көргенімді көңілге тоқып, өзімше билеп жүретінмін. Ол кезде Жетісуда үш газет шығатын, қазақ тіліндегі «Тілші», орыс тіліндегі «Искра» және ұйғыр тіліндегі «Камбағарлар ауазы». Осы басылымдардың баспахана жұмысшыларына көмек ретінде үлкен концерт ұйымдастырылды.
Концерттің араб әрпімен жазылған жарнамасында:
1928 жылы, бейсенбі күні, марттың бірінде «Орион» клубында «Тілші», «Камбағарлар ауазы», «Искра» басқармалары тарапынан үлкен әдебиет-би кеші жасалады. Бұл кеште Алматы қаласындағы қазақ, орыс сауықшыл жастары түгел қатысады. Әсіресе, Алматыдағы атақты биші Шара қарындас Баймолдақызы тарапынан «Майрамхан», «Шамиль» кавказ билері бейнеленеді, – деп жазылған еді.
Әр өнер адамының өмірінде жұлдызы жанатын бір сәт болады ғой. Менің таза артистік, кәсіби бишілік жолымның жұлдызы дәл сол күні жанды.
Сол кеште халық көп болды ма, шапалақ қалай соғылды – оны анық айта алмаймын. Есімде қалғаны – бойымды қатар билеген қорқыныш пен қуаныш қана. Адам сондай сәтте өң мен түстің арасында жүргендей күй кешеді екен.
Бірақ сол күннен бір нәрсені анық ұқтым. Менің тағдырым – би. Одан басқа жол жоқ еді.
Бишілік жолымның басталуы актрисалық жолымның басталуымен тұспа-тұс келді. Театрға алғаш қабылданғанда небәрі 16 жаста едім. Күләш екеуміз театр табалдырығын қатар аттадық. Көп ұзамай алғашқы рөлім де бұйырды – М.Тригердің «Сүңгуір қайық» пьесасындағы матрос баланың бейнесі.
Уақыт өте келе басты рөлдерге де қол жете бастады. Ол кезде театрдың жарық жұлдызы саналған Құрекеңнің бірінші жұбайы Зура Атабаева белгілі бір себептермен театрдан кетіп қалды. Оның сомдап жүрген қыз рөлдері бізге берілді. Бірақ мінездері қарама-қарсы кейіпкерлер еді. Күләшқа көбіне жағымды образдар бұйырса, маған жағымсыздау рөлдер тиетін.
Күләшпен бір сахнада, бір қойылымда қатар ойнау менің нағыз актрисалық шыңдалу мектебім болды деп есептеймін. Сахнадағы серігің мықты болса, өзің де жанып, шабыттана түсесің.
Тұңғыш рет гастрольдік сапармен ел аралағанымды қалай ұмытайын. Құрекең екеуміз жаңа қосылған кезіміз. «Қол ұстасып, судай тасып» дегендей, бірге жүргеннің өзі бір бақыт еді. Ал бүгінде аты аңызға айналған Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды ардагер ағалардың өнерін өз көзіммен көру – тіпті бөлек ғанибет.
Алдымен сахнаға Әнші аға Әміре шығып, гармоньмен түрлі әндерді құйқылжыта жөнелетін. Одан кейін дала сахнасына арқалы ақын Иса ағай шығатын. Делебесі қозып, жорғалатып, төгілтіп жыр айтқанда жұртты бірден баурап алатын.
Келесі кезек – Құрекеңдікі. Бұлт арасынан шыққан күндей жарқ етіп Құрманбек Жандарбеков көрінетін. Оның өнерінің ерекшелігі – ән айтып қана қоймай, би де билейтін.
Осы аралықта мен де бірнеше би татарша, қазақша, ұйғырша билеп шығамын. Сүйемелдеуде – Иса аға домбырамен, Әміре аға гармоньмен дем беріп тұрады.
Сонда Құрекеңнің:
Шәкітай, бүгін қатырып биледің, – деп мақтағаны әлі күнге құлағымда.
Мен болсам, соған кәдімгідей мәз болып қаламын. Өйткені бәрінің ішіндегі ең кішісі де, еркесі де өзім едім. Маған бәрі жарасып тұрғандай көрінетін. Тіпті мақтау естімеген күні жылап та алатынмын. Сонда бәрі жабылып келіп мені мақтай жөнелетін.
Мығым денелі, қою қара шашты, маңдайы кең, отыздарды орталап қалған бұл кісі – Темірбек Жүргенов еді.
Кешегі Қазақстан Өлкелік комитетінің қаулысын баршаңыз оқып, құлақтанған шығарсыздар. Сол қаулыда республикамызда музыкалы театр ашу керектігі жайында айтылған. Ешқандай әбессіну, керенаусу болмайды. Күләш, Қанабек, Манарбек әнші болады. Құрекең әрі әнші, әрі режиссер болып басқарады. Ал, Шара қарындас, сіз балерина-биші боласыз. Қазақтың профессионал биінің бастау-көзі сіз боласыз. Ендеше, әлемдік классика биінің барша тармағын болмаса да, шама жетер деңгейге дейін үйреніп, оқуыңыз керек болады. Сол үшін де Москвадағы Үлкен театрдың әрі бишісі, әрі балетмейстері Александров дегенді шақыртып отырмын. Ол осында балет студиясын басқарады, шәкірттер баулиды және сізге би қояды. Өзбекстандағы атақты биші Тамара ханумды естіп пе едіңіз? Сондай биші біздің Қазақстанға да керек. Сізге сол кісінің де алдынан өту керек, түбінде, – деді.
Профессор Александров, әсілінде, қазақ операларында би қоюға шақыртылған-ды, бірақ Жүргеновтің арнайы тапсыруымен маған хореографияның жүйе-жүйесін, техникасын үйретіп, би білімімді ұштауды қолға алып, екі-үш жаңа би қойып беруді де міндетіне алды.
Күніне алты сағат тынымсыз шыр көбелек айналып, ұршықша зырылдау, көлденең керілген ағаш станоктан ұстап, аяқ-қолды созып, түрлі қимылдар жасау денесі қатайып қалған 22-дегі әп-әйдік әйелге оңай тиді деп ойлайсыз ба? Әлсіреп, көтерем тоқтыдай құр тері қалды. Бақырайған көз, ырғайдай мойын Құрекең танымастай күйге түстім.
«Неге биші болдым?» деп жылаған күндерім де болды.
Былайғы балериналар 9-10 жастан оқып, аттай тоғыз жылда игеретін классикалық балет мектебін айналасы бес жылда бітірдім. Сөйтіп, қиын да күрделі өнер техникасын әжептәуір игеріп, профессионал балерина деген атаққа ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.
Қазақ хореографиясында арнаулы білімі бар маман жоқтың қасы еді, соның төл басы болғанымды мақтаныш тұтам.
Кім айтты екенін білмеймін, бірақ есімде: «Әйел алдағыны 40 күн бұрын сезеді» деген сөз бар еді. Жүрегім өрекпіп, орнынан қозғалып, алқымға кеп тіреліп тұрғандай күй кешемін. Майданнан қайтқалы осылай болды.
Алматыға жеткенше қу жаным қуырдақ болып күйзелумен болдым. Көп күн жүріп жеттік. Вокзал басында біздің келетінімізден құлақтанған туыстар, достар шоқ-шоқ гүлімен қарсы алып жатты. Апам, Болат, Хадиша, Шәкендер де бар. Тек Құрекең жоқ. Онша мән бермедім, «репетициясы болып, шыға алмаған екен» деп ойладым.
Сол кезде Болат:
Наш папа женился, – деп қойып қалды.
Бала ғой, жай айта салған шығар дедім. Бірақ өмір бойы мені сан сапарға шығарып, сапардан қайтқанда қарсы алатын Құрмашым көрінбейді.
«Қалай, Шәкітай, шаршадың ба?» – деп маңдайымнан сүйетін еді. Мен де бұратыла құшағына ене түсіп: «Иә, шаршадым, Құрмаш, шаршадым», – деп кеудесіне басымды сүйейтінмін. Сонда бар шаршауым кететін, бар қайғы-қасіретім ұмытылатын. Енді менің өксігімді кім басар?..
Үйге келдік. Үй толы адам, жерге дастарқан жайылған. Аса құрметті қонақтар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов жұбайларымен отыр. Құрманбек үйде де жоқ.
«Рас, Құрманбек қайтыс болған екен, осынау жұрт соны естіртуге жиналған екен» деген ой келді.
Айтыңыздаршы, жұртым-ау, Құрманбек тірі ме? – дедім үнім дірілдеп.
Бәрі томсырайып, төмен қарайды. Қалибек:
Жылама, тірі, көз жасыңнан садаға кетсін, – деп қойып қалды.
Мұқаң сәл ыңғайсызданып, қасын түйіп сөйлеп кетті:
Пәлі, сен Шара, ер-азамат орнында майданға барып келдің емес пе? Біз мұныңа сүйсінеміз, құрмет тұтамыз. Міне, алдыңда сол құрмет тұтатын достарың отыр. Көз жасыңды көңілдерімен құрғатып, жарқыраған шырайың мен нұрлы күлкіңді күтіп отыр, – деді.
Бибігүл Төлегенованың естелігінен: Шара Жиенқұлова сондай сұлу еді...
Шара Жиенқұлова апайды мен 1943 жылы Семей клубында алғаш көрдім. Әлі есімде, үстінде теріден тігілген пальтосы бар еді. Сондай сұлу еді... Билегенде жер сүзетін ұзын шашы да әр қимылымен бірге қозғалып, көрерменнің көзіне бірден шалынатын.
Әсіресе есімде қалғаны – «Бүркітші» ме, әлде «Шахтер» биі ме, нақты білмеймін, қалың шапан, ауыр етік, үлкен тымақ киіп билегені көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы. Сол бейнесі арқылы-ақ оның өнерге жан-тәнімен берілгенін сезетінсің.
Алматыда оқып жүрген кезімде де, жастар театры мен өнер қызметкерлері үйінде өткен бір концертке арнайы шақырылдым. Сонда Шара апайдың билеген бірнеше биін қайта көріп, тағы да таңдай қаққанмын. Кейін шешем сол кісі тұратын үйге жақын көшіп барғанда, апайды жиі көріп жүрдік.
Қысқасы, апай – би үшін туған адам. Бүгінгі бишілер Шара апайды тек бидің пионері ретінде емес, біртуар тұлға ретінде әрдайым ұстазындай құрметтеуі керек. Тек жастар ғана емес, өнерге бас иіп жүрген азаматтардың да оған деген ілтипаты жоғары болуы тиіс. Тіпті Шара апай тұрған үйдегі мәрмәр тақта да ешкім көрмейтін бұрышта емес, адамдар көп жүретін, көзге түсетін жерге қойылса деген тілек бар.
Тарих алдындағы абыройды көтеру – әр халықтың парызы. Ал Шара Жиенқұлова қазақ би өнерінің тарихында қалған аңыз тұлғалардың бірі екені сөзсіз.
22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды20 Мамыр, 08:00
Хусановтың өзі сұхбатқа келді | «Ордабасы» чемпион болмайды | «Барсаның» фанаты емеспін12 Мамыр, 16:42
Ата-енеме сәлем салмаймын І Олимпиададағы өкінішті әлі ұмытқан жоқпын - Абиба Әбужақынова30 Сәуір, 23:45
Өзбек боксшыларының осал тұсын таптым І Түнгі 10-да ұйықтап қаламын – боксшы Темірлан Мұқатаев